Өнерпаз болсаң арқалан

1 Наурыз 2014, 12:30

Еліміздің қазіргі жағдайын Елбасы өз Жолдауында тереңнен талдап берді. Ерекшелігі сол, Мемлекет басшысы бұл құжатта 2050 жылға дейін жүзеге асырылатын стратегиялық бағыттарды айқындап берді.

Еліміздің қазіргі жағдайын Елбасы өз Жолдауында тереңнен талдап берді. Ерекшелігі сол, Мемлекет басшысы бұл құжатта 2050 жылға дейін жүзеге асырылатын стратегиялық бағыттарды айқындап берді.
Білім саласының қызметкері ретінде мені Жолдауда айтылған міндеттер ішінде әлеуметтік салаға қатысты мәселелер қызықтырды. Ел тұрғындарының алдында тұрған бүгінгі басты мақсат – тәуелсіздік алған жылдардан бері қол жеткізген игіліктерді одан әрі ұлғайтып, келешек ұрпақтың өмір сүруіне қолайлы жағдай тудыру. Жолдау жүктеген міндеттер ел халқының бірлесе қимылдауымен, еселі еңбектенуімен орындалатыны айқын. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттары, жастарға зор сенімнің артылуы алдымызға үлкен міндеттер жүктейді.
Әңгіме реті сөз орайы келгендіктен мақала кейіпкері Жолдауға қатысты өз ойын былайша өрнектеді: 
– Мәселелердің үлкен бөлігі жастарға арналуы заңды да. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Мемлекет басшысы әрбір тапсырманы нақтылай отырып, оны жүзеге асыру жолдарын да айқындап берді. Қазақ жастары аталған бағдарламада көрсетілген негізгі мақсат-міндеттерді жете түсінуі тиіс. Осы бағытта біздің сала басшылығы мен ұстаздар қауымы біршама іс-шаралар атқарылды. Ұстаздар мен оқушылардың арасында тәрбие сағаттарындағы дөңгелек үстелдер, пікірсайыстар, талдау жұмыстары арқылы Жолдаудың әрбір жолына тоқталды. Мектеп ұжымдары мен шәкірттері Елбасымыздың Жолдауын қолдайтынын, еліміздің өркендеуіне сенетінін білдірді. Ендігі міндет – Елбасы жүктеген міндеттерді орындау мақсатында жұмыла еңбек ету. Біз үшін, ұстаздар үшін Отан қорғаушы болашақ сарбаздардың бойын патриотизм рухын сіңіру, – деп сөзін түйіндеді.
 
Елбасының биылғы Жолдауы – еліміздің өркендеуінің алғы шарты. Әр жыл сайынғы Президент жолдауы өз жаңалықтарымен, құнды идеяларымен, еліміздің жаңғыруына, өркендеуіне негіз болатын салмақты тұжырымдарымен ерекшеленеді. Біз, Елбасының елді өркениетке, кемел келешекке бастайтынына кәміл сенеміз. Биылғы Елбасы Жолдауында қазақ руханиятына зор көңіл бөлініп отыр. Осы игі үрдістен рухтанған белағаштықтар да мәдени құндылығымыздың қайнар көздерінен нәр алып, өскелең ұрпақ пен желкілдеген жастар сусындап, аға буын қанығуы үшін түрлі бағыттағы іс-шаралардың алаши марафонын бастап та кетті. 
Осы бағытта оза шауып жүрген өнегелі де, өнерлі ұжымдарымыздың бірі – Бородулиха аудандық балалардың шығармашылық үйі КСРО кезінде кең жайылып, ала құйын шақтарда ұмыт болған аудандық көркемөнерпаздардың аудандық байқауын қайыра жандандыру үшін қазір ең ірі ұжым саналатын білім ошақтары арасында «Шабыт» өнер фестивалінің шеруін бастап кетті. 
Әркім өзінің кір жуып, кіндік кескен жерінің нағыз патриоты ретінде оның жақсылығына сүйініп, жамандығына күйінеді емес пе, қазақ және орыс тілдерінде аудандық газеттерге осы өнер фестивалінің өткізілуі мен ережесі шыққанда төбеміз көкке жетпей бір қуанып қалғанымызды несіне жасырайық. Осыдан 5 жыл бұрын тәй-тәйлап аудандық мәдени-рухани өмірінің есігін ашқан ұжымның осы қысқа мерзім ішіндегі жеткен жетістігі де кеуде қағым, төсті ұрып мақтанышпен айтуға тұрарлық. 
Қазір ауданымыздағы төрт бірдей қазақ мектептері қыздарға заманауи бiлiм берiп, ең бастысы, дұрыс тәрбие мен ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрiмiздi сiңiру, өркендету жолында, ұлт мерейiн өсiрiп, ұлт анасын тәрбиелеу жолында Елбасы саясатына толық қолдау бiлдiре отырып, жұмыла жұмыс жасауда.
Елiмiздiң болашағы қазiргi жастарға сенiм артқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты дәстүрлi Жолдауында: «Ең алдымен, бiз қыздарымыздың тәрбиесiне көп көңiл бөлуiмiз керек. Олар банк карточкаларына ие болуға, көлiк жүргiзiп, қызмет жолын қалыптастыра алуға, заманға сай болуға, сәнденуге тиiс және бiздерде ешқашан киiлмеген, салтымызға жат киiмдерге оранып-қымтанбауға тиiс. Бiздiң халқымыздың өз мәдениетi, өз дәстүрi мен салты бар» деген сөздерiнен қыздардың тәлiм-тәрбиесiне бiрден-бiр жауап беретiн қазақ білімінің қара шаңырағы аталатын Бородулиха, Зубаир, М.Әуезов және Камышенка қазақ бөлімінің және әр ауылдарда ашылған қазақ сыныптарына қойылатын талаптың салмақты екендiгiн түсiнемiз.
Бородулихалық ұстаздар Елбасымыз алға қойған биiк мақсаттарға жетуде, «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасын iске асырып, мемлекетiмiздiң әлемдiк деңгейдегi абыройының арта беруiне өз үлесiн қоса беретiн болады. Оған мен ардагер ұстаз ретінде мықтап сенемін.
Бородулиха аудандық балалардың шығармашылық үйі аудан жұртшылығын қазақ әндері мен өнерін насихаттау мақсатында «Айналайын», «Екі жұлдыз», «Биле-биле», «Кішкентай өнерпаз» сияқты байқау-фестивальдарды дәстүрге айналдырып жыл сайын тұрақты өткізіп келеді. Бұл шараларға аудан жұртшылығы жаппай қатысып, аудандық мәдениет үйінде жиналған көрермендерден ине шаншар орын қалмайтындығын ылғи көріп жүрміз. Иә, ұлттық өнердің жанашыры біздер үшін бұрын мұндай жайт тек түсімізге ғана кіретіні өтірік емес. Бәз біреу қазақшылыққа басып, асыра дәріптеп отыр деп сөкпесін, қазақтың иісі мен рухына зар болған өңірді бүгін ұлттық мәдени экспанциялаудың қауырт жүріп жатқандығының нақты мысалы мен көрінісі дәп осындай. Иә, балалайканың орнын домбыра басты. Осыған тәубе дейік, ағайын!
Біз осы ұжымның өнерпаз шәкірттерінің аудан мен облыстан алған марапаларын жіпке тізіп жатпай, тек республика көлемінде қол жеткізген өнердегі жетістіктерін қалам ұшына іліктіргенді жөн көрдік. 11 ұстаз өнер бағында мәпелеген 525 балғын өздерінен күткен ата-анасы мен жерлестерінің үміттерін сан мәрте ел көлеміндегі байрақты өнер додаларында ақтады. Атап айтсақ, осы ұжымның үздік шәкірттері 2009 жылы Әміре атамыз әнін әуелеткен Францияның жүрегі Париж қаласындағы әлем балалары фестиваліне қатысып қайтқаны жерлестерінің көңілін көктем етіп, белағаштың өнерсүйер қауымын бір желпінтіп тастады. Ұжым осы жылы Қазақстан Республикасының Ақпарат және мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің қолынан «Үлгілі өнерпаз ұжым» атағын алған кез жас ұжымның ең жұлдызды сәті болып, болашақ өнер асуларын бағындыру жолында тың серпін бергені жасырын емес. Келер жылдары әр аймақтың сен тұр мен атайын дегендейін жас дүлдүлдері қатысқан Алматыдағы «Ақ көгершін» ән байқауында переменовкалық Алтынай Оразғалиева ІІ орын алса, жұртқа сыйлы тәлімгер-ұстаз Ғабит Малаевтың домбырашы шәкірттері І орын, мекеме басшысы Лаура Оразғалиева жетекшілік ететін үйріменің биші қыздары ІІІ орын алды, оңтүстік астанамызда өткен Х республикалық «Күншуақ» өнер фестивалінде Малаевтың домбырашы шәкірттерінің триосы ІІ орын, Шығыс Түркістаннан ата-жұртын аңсап жеткен, күн шуақты Таразда өткен республикалық «Жастар арасындағы Дельфийлік» өнер сайысының дипломаты әнші бауырымыз Қажымұқан Мағазбекұлының ән өнеріне тәрбиелеген неміс қызы Валентина Ашимахер қазақ әні «Астананы» нәшіне келтіріп, көрермендер мен әділ қазылардың көңілінен шығып, ІІ орын иеленгені сияқты республикалық жеңіс шеруі болып жалғасты. 
Міне, ұжымның даңқты тарихы осындай. Биыл да ұжым шәкірттері осы жеңісті жолды одан әрі жалғастырып, өнердегі олжаларымен қоржындарын молықтыра түседі деген пікірдеміз.
Бұл арада балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнердегі ресми тілділікті қазақи бағытқа бұра білген іскер басшы, алаш өнерінің насихатшысы, бастамшы жас басшы Лаура Оразғалиеваның орны ерек дер едік. Иә, жақында ғана барлық ауыл-аймақтардың өнерпаздарының басын қосып дүркіреп өткен «Екі жұлдыздан» (жобаның авторы – Лаура Оразғалиева) алған әсерімізден айыға алмай жүргенде жас басшы және оның өнер десе жанын беретін шығармашыл ұжымы жаңа жобаны жұрт назарына ұсынды. 
Сонымен үш аймақтық топқа бөлінген өңіріміздегі 35 мектеп ұжымдарының басын қосқан «Шабыт» байқауы өз жалауын облыстағы тірек ауылдар бағдарламасына енген жас әкім Талғат Жаймұхамедов басқаратын Новопокровка ауылында өз жалауын көтерді. 
Белағашта үш рет жазба ақындар мүшайрасын өткізуге мұрындық болып, түрлі мәдени-рухани іс-шаралардың, өңірімізде мемлекеттік тілдің төрге озуының басы-қасында жүрген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Маркисиян Асавбаева әпкеміз тұңғыш рет аудандық балалардың шығармашылық үйі ұжымының бастамашылығымен қолға алынып өткізілгелі отырған «Шабыт» байқауының шымылдығын ашып, барша қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі. 
Ән әуелеп, күй күмбірлеп көрермен көңілін сазды сиқыр билеген тылсымды сәттер күйді ерттеп, әнді мінген өнерпаз ұстаздардың ауыл мектептерінде жетіп артылатындығына куә етті. Енді осы он мектептен келіп, байқаудың келесі сынына өткен аузымызды аштырып, көзімізді жұмдырған өнер мен білім беру ісін қатар алып жүрген ұстаздардың есімін жұртшылыққа жария етуді хош көрдік. Рымбек Нұрлыбекұлы Искаков, Гүлжан Серікқалиқызы Әлімбекова және Ольга Петровна Михаилова және т.б. өнерден алатын өздерінің еншісі бар екендіктерін танытты. 
Осындай, алаштығымызды, қазақтығымызды танытқан байқаудан кейін біздің еншімізге ұстаздардың өнердегі алымдығы мен олардың өнерін жұртқа танытқан өнер мекемесінің шалымдылығы жайлы жазу бақыты бұйырды. 
 
Серік Әбілқасымұлы
 
Бөлісу: