Қыздан да мұңлық бар ма екен?

1 Наурыз 2014, 12:27

Қазақ – тарихы тереңге жайылған, қонағын құдайдай күтетін, бұрымды қыздары құрт жайып, ет асып, қымыз піскен, ал сері жігіттер атқа шауып, жау қуған халық болған.

Қазақ – тарихы тереңге жайылған, қонағын құдайдай күтетін, бұрымды қыздары құрт жайып, ет асып, қымыз піскен, ал сері жігіттер атқа шауып, жау қуған халық болған. Жазда жайлауға, қыста қыстауға шыққан халқымыз қазақ үй тігіп, көрпе көктеп, мал баққан, аң атып, қолөнермен айналысқан, алтыбақан құрып, ат жарыстырған. Ғасырлар бойы сақталып, кейбіреуі ұмыт болып, қайта жаңғырып жатқан, атадан балаға мирас болып келген салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз, ана тіліміз, пәк дініміз, өз мәдениетіміз бар, біз олармен мақтанамыз.

Салт-дәстүрлеріміздің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, астарында тәрбиелік мән жатыр. Ғылым мен білімнің қазақ қауымына жетпей тұрған шақтың өзінде-ақ атам қазақтың жеті ата туралы білгендігі, олардың көрегендігін, ақылдылығын көрсетеді.

Ата-бабамыз көшіп-қонып жүрген сонау ғасырларда әдет-ғұрып заң ретінде қолданыста болса, қазіргі таңда тәуелсіздігімізді алып Атазаңымызды қабылдаған соң, заңға бағынышты болдық. 

Салт-дәстүрлердің тәлімдік, тәрбиелік мәні өте зор. Өкінішке орай заманның ағымы кейбір дәстүрлерімізден алшақ қалуымызға әкеліп жатыр. Кезінде салт-дәстүрді кейбіреулер бұлжытпай орындаса, кейбірі оған немқұрайлы қарап, құрметтемеген, сақтамаған. Сондықтан дәстүрге қайшы келгендерді сол заң негізінде жазалап та отырған екен. Қазіргі таңда жазалау шараларын қолданбасақ та, берік сақтап қалу әрбір қазақтың міндеті, парызы деп санаймын.

Салт-дәстүрге байланысты көптеген мақал-мәтелдер бар: «Алты жасар бала алыстан келсе, Алпыс жасар кәрі алдынан шығар»,  «Келіншектің бетін кім бұрын ашса, сол ыстық», «Қонақ атаңнан да ұлы»,  «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал»,  «Заманына қарай заңы, Тоғайына қарай аңы» т.б. Жоғарыдағы мақалдардың астарына мән беріп қарасақ, қазақи тәрбиенің қаншалықты жоғары болғанын байқауға болады.

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүрден көрініс табады, оларға: тоғыз ай, тоғыз күн, құдалық, отау көтеру, асар,  бие бау, кеусен, келі түбі, көген той, күзем шай, жылқы күзеу, қол кесер, қол үздік, қол үшін беру, қазық майлау, қой басты, нәзір, қымыз мұрындық, сірге жияр, сабан той, сауын салу, саятшылық, сыралғы, шашыратқы, қыз  ұзату, ауыз тию, араша, әмеңгерлік, байлау, барымта, бес жақсы, дауыс, жеті ата, жол аяқ, көрімдік, көрісу, жыл қайыру, қарғыс, құн, сал серілік, сәлемдеме, өлі сыбаға, тойбастар, тізе бүгу, ұран, таңба айта берсек тағы да көп.

«Қыз елдің көркі, гүл жердің көркі» демекші, әрбір ата-ананың арманы қызын қияға, ұлын ұяға қондырып, немере сүю, ұрпақ жалғастыру. Алайда қалыңдықты  күйеу баланың қолына ұстатып жіберумен ұзату аяқталмайды, қыз ұзатуға тән салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдар жеткілікті. Осы дәстүрлерді біліп қана қоймай, оны сары майдай сақтап жүру әрбір қазақтың борышы саналу керек.

Халқымызда тұрмыс-салт жырларының ең көп тарағандарының бірі – сыңсу  Қыз ұзату барысында ата-ана, туысқан, құрбы, көрші-қолаң үшін де, қалыңдықтың өзі үшін де аянышты сәт сыңсу кезі болып саналады. Ұзатылар алдында қыз туыстары мен жақындарының үйіне барып, жаңа өмірге аттанар алдында қоштасу сәтін өткізеді. Қоштасу барысында қыз өз жұртында өткерген қуаныш пен бақытқа толы күндерін еске алып, аяулы анасы мен асқар таудай әкесімен өткен әрбір сәттің  қаншалықты қызыққа толы болғандығын баяндап, туыстарына да жасаған жақсылықтары үшін алғысын білдіреді. Бұрындары қоштасу сәтін өксіп өлеңмен жеткізсе, қазіргі таңда өкінішке орай ондай көрініс жоқтың қасы, бірақ тіптен жоғалып кетті деуге де болмайды. Ұзату тойларынан сыңсып көзіне жас толып мөлдіреп өзге жұртқа кетіп бара жатқан қарагөздерімізді де көріп жүрміз. Қыздың сыңсуы – қазақтың бұрымды қыздарына жарасымды әрі тәрбиелік мәні зор салтанатты салттардың бірі.  

Алтын да менің босағам,
Аттап бір шығам деп пе едім...
Күміс те менің босағам,
Күңіреніп шығам деп пе едім?
 
Қарағай ма екен, тал ма екен,
Талдан да биік бар ма екен?
Үйде бір жүріп, түзде өлген,
Қыздан да мұңлық бар ма екен?

деген үзіндіден қыз баласының ағайын-туыстан алыстап, бөлініп кетуі өте қиын екенін аңғара аламыз.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының жолдауындағы «мәдениет, дәстүр, даралық» атты бөлімі мәдениетімізді жаңғыртып, қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерін қайта қайтару мақсатында ұсынылып отыр.

«Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы» екенін жете түсінген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барша халыққа жолдауында «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деген болатын.  Елбасының жолдауында қамтылған барлық тақырыптардың маңызы өте зор. Сондықтан бәріміз бір ауыздан берілген міндеттер мен мақсаттарды жұмыла көтергеніміз жөн болар. 

Бөлісу: