Елбасы Жолдауы – өнерге қанат бітірді

1 Наурыз 2014, 12:31

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауы – мемлекетіміздің тұтас рухы мен дәстүріне айналды. Әрбір Жолдау Қазақстанның кемелділігі мен азаматтарының игілігі үшін қызмет етуде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауы – мемлекетіміздің тұтас рухы мен дәстүріне айналды. Әрбір Жолдау Қазақстанның кемелділігі мен азаматтарының игілігі үшін қызмет етуде. Өткен жылы Астана төрінде Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа бағдарламалық құжатты ел назарына ұсынды. Мазмұны тың, өрісі кең жаңа Жолдау ел болашағы мен мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге бағытталған. Осыдан 15 жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі Стратегиялық бағдарламасын қабылдаған болатын. Осы 15 жыл ішінде елімізде ауыз толтырып айтарлықтай, жемісті де жетістікті істер көп. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыз еркін еңбек етуде.

Міне, осындай саяси мәні бар құжаттан соң өмірге талай-талай мемлекетіміздің қарыштап дамуына септігін тигізетін өміршең бағдарламалар дүниеге келді. «Қазақстан – 2030» Стратегиялық құжаты еліміздің экономикалық тығырықтан шығуына, өркендеп өріс алуына ауқымды жол ашты. Бағдарлама аясында қыруар шешімдер қабылданып, жүзеге асты, өзге мемлекеттер жүздеген жылдарда жеткен жетістіктерге Қазақстан ондаған жылдарда жетті. Бірақ әлемнің даму өрісі бір қалыпты емес және әрқилы. Биылғы Жолдаудың пісіп-жетілуінде субстанциялық себеп болып, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» барша Қазақстан халқы мен Әлем елдеріне жолданды. Бағдарламада қалыптасқан Қазақстан Республикасының Әлемдік түрлі үдерістердегі келелі дамуы мен өркендеуі тайға таңба басқандай айқындалып берілді.

Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – «Қазақстан – 2030» Стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы екенін атап көрсетті. Түйіндеп айтқанда, «Қазақстан – 2030» Стратегиялық даму бағдарламасы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізін қалаушы жоспар болды. Ал «Қазақстан – 2050» бағдарламасы еліміздің өркендеуіне ерекше мән, сапа беріп болашақ кемел даму жолына бастайтын бағдарламаға айналары анық. Елбасы қазақстандық шынайы патриотизмді қалыптастыруда, елімізде салауатты өмір салты мен мәдениетті дамытуда кешенді іс-шараларды жүзеге асыруды, жалпы алғанда Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуының жан-жақты байыпталған дәйекті тұжырымдамасын ұсынып отыр. Осының бәрі еліміздің рухани-әлеуметтік, саяси-экономикалық тәжірибесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жергілікті жердегі ауыл әкімдері ретінде, Біздің мақсатымыз осы тұрғыдағы мақсат-міндеттердің нәтижелі болуына бір кісідей атсалысуға ауыл тұрғындарын жұмылдыру.

Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясын негізге ала отырып, өскелең ұрпақтың рухани болмысын, ұлттық сана-сезімін қалыптастыру, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді оятып, жаңаша инновациялық білім-ғылымды меңгерген интеллектуалды ұлтты тәрбиелеп шығару – білім саласына да зор жауапкершілік жүктейді. Біз оның ауылдық мектепте қалай жүріп жатқанын үнемі назарда ұстап отыруымыз керек. Осы ретте біз, ауыл әкімдері, халық алдында өзімізге сеніп тапсырылған жауапкершілікті сезіне отырып, стратегиялық мақсат-міндеттерді іске асыру – уақыт талабынан туындап отырған мерейлі меже екендігін өз қарауымыздағыларға жеткізе білуіміз керек. «Екі жұлдыз» аудандық дүлдүлдер додасы Бородулиха тұрғындарын қуантып келе жатқанына міне, екі жылдың жүзі болды.

Жобаның ең алғашқы маусымы 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында аудандық Шығармашылық үйі арнайы ұйымдастырған мерекелік сый ретінде ел есінде қалды.

Сайыстың биылғы, екінші маусымы, қараша айынан бастау алған еді. Алғашқы айналымда аудан дүлдүлдері түрлі кинофильмдерде қолданылған әндерді орындаса, екінші кезеңде әлемге танымал хит әндерді орындаудан сынға түсті. Ауданымыздың барлық округтерінен қатысқан бір оқушы және бір ұстаздан тұратын жұлдызды жұптарымыздың барынша нақышына келтіре орындаған әндері, әнге сай ұйымдастырған таңғажайып қойылымдары мен ерекше костюмдері көрермендер тарапынан үлкен ықылас пен қазылардың жоғары бағасына ие болғанмен, 20 жұптың ішінен шешуші кезеңге Бородулиха, Камышенка, Переменовка, Ивановка, Песчанка Петропавловка ауылдарынан және Жезкент кентінен ең талапты деп танылған 11 жұп жолдама алды.

Сонымен, финалда Бородулиха аудандық «Екі жұлдыз» жобасының соңғы нүктесі қойылып, жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. Талантты дүлдүлдеріміздің арасынан ең мықтыларын анықтауға «Еураз - шоу» ән-театрының директоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ғ.Азубаев, Қазынашылық басқармасының бастығы А.Бичуинова, №23 кәсіптік лицей директоры Т.Ахметжанов, Шығармашылық үйінің директоры Л.Оразғалиева, «Еураз-шоу» ән-театрының көркемдік жетекшісі Н. Тотунов қатысты.

Соңғы айналымға алдын-ала берілген тапсырма бойынша сайыскерлер қазақ патриоттық әндері мен қазақ халық әндерін ортаға салды. Жұлдызды жұптарымыздың барлығы дерлік сүйікті әндерін ерекше ыждағаттылықпен орындап, өздерінің патриоттық сезімдерін көпшілік қауымға және әділқазылардың алдында тағы бір мәрте дәлелдеген сыңайлы. Ерекше дайындықпен келген әнші жұптарымыздың таңдаған әндерін олардың сахналық қойылымдары мен үлкен экранда көрсетілген әннің тақырыбына сай жасалған слайд-презентациялары толықтыра түсті.

Жезкент кентінің мектеп-лицейінен келген жұбымыз өздерінің орындауындағы С.Германцевтің «Земля Казахстана» әнін 25 желтоқсанда ұшақ апатынан шейіт болған, Отан қорғау жолында өмірлері қыршынынан қиылған шекарашы жауынгерлеріміздің рухына бағыштады.

Тарихи отанына жете алмай жүрген өзге елдердегі қазақ бауырлардың жүрегінің лүпіліндей естілетін марқұм сазгер Ермұрат Зейіпханның «Көктудың желбірегені» әні Ивановка орта мектебінен келген жұбымыздың орындауында ерекше есте қалды.

Бородулиха қазақ орта мектебінің намысын қорғаған жұлдызды жұбымыз ең үздік қазақ патриоттық әндерінен поппури орындап, тамаша таланты мектеп оқушыларының ортаға салған қойылымдары мен билерінің сүйемелдеуі арқылы дәмі мен тұзы шыға түскен ерекше композицияларын көрерменге ұсынды.

 Петропавловка ауылының Т.Аманов атындағы орта мектебінен келген жас маман тарих пәнінің мұғалімі Ринат Тлекұлы мен 9 сынып оқушысы Айнұр Шек «Қазақ елі» әнін орындап, шын мәніндегі орындаушылық шеберлік пен үздік сахналық қойылымның үлгісін көрсетті. Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар достығын өз қойылымдары мен слайд-презентацияларының басты тақырыбы ретінде таңдап алған екі жұлдызымыз бірден көрермен көзайымына айналып, бірауыздан қазыларымыздың қолдауына ие болып, еш даусыз Бас жүлдені қанжығаларына байлады.

Қорытынды бойынша бірінші орынды Бородулиха қазақ орта мектебінің мұғалімі АйнаТуғанбаева мен 9 сынып оқушысы Дархан Әсемқұлов иеленсе, екінші орынды Жезкент кентінің мектеп-лицейінен келген ұстаз Алла Помагаева мен 6 сынып оқушысы Гүлнар Боржикова және Ивановка орта мектебінің мұғалімі Ардақ Мұсабекова мен 7 сынып оқушысы Владислав Остапенко бөлісті. Үшінші орын Переменовка орта мектебінің ұстазы Қауысова Шынар мен 10 сынып оқушысы Аслан Есімханов және Бородулиха ауылының Н.Островский атындағы орта мектебінің мұғалімі Саят Бодомбаев пен 6 сынып оқушысы Александра Славягинаның еншілеріне тиді.

Бауқауды қорытындылап сөз алған «Еураз - шоу» ән-театрының директоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Бородулиха ауданында жыл сайын өткізілетін «Айналайын» балалар шығармашылығы фестивалінің бастамасына ұйытқы болған, өнер жанашыры ретінде жұртқа танымал тұлға Ғибрат Азубаев, жігерлі сөздерімен залда отырған барлық ұстаздар мен оқушыларға қанат бітіргендей әсер қалдырды.

Ағамыз Белағаш өңірінің өнер дарыған жер екендігін, оның осындай екендігін жақында облыстық Жаңа жылдық концертте жасындай жарқыраған Ғанидың өнерін тамсана тұрып айта келе, қазақ патриоттық әндерінсіз берілген тәрбие тәрбие емес, қазақ тілін білмей, ешкім де толыққанды патриот бола алмайды. Қазақ тілін сүйсең, оны білсең, еңсең көтеріліп, рухани жағынан сәулеленген, арайлаған тұлғаға айналасың деуі барша жүрекке ой салды. Ғибрат Азубаев сонымен қатар, осындай өнегелі іске қолдауын білдіріп отырған Елбасына, облыс және аудан басшыларына зор алғыс сезімін білдіріп, осындай тамаша жобаны басқа өңірлер әліптің артын күтіп, ақпанда бір-ақ өткіземіз деп отырғанда Лаура қарындасымның қаймықпай өткізіп жіберуі нағыз ерлік деді.

Аудан әкімінің орынбасары Р.Атаева өз сөзінде барлық қатысушыларға бірдей алғыс білдіріп, дәл осындай патриоттық тәрбие беріп отырған аудынымыздың асыл ұстаздарының атқарып отырған ерен еңбегінің халқымыздың болашағына оңды ықпал жасайтындығын атап өтті. Қазылар алқасының төрағасы А.Бичуинова «Екі жұлдыз» байқауының ұйымдастырушылары аудандық ұжымына және Шығармашылық үйінің директоры Л.Оразғалиеваға алғыс білдіріп, жеңімпаздарымыздың есімдерін атап, «Екі жұлдыз» жобасының нүктесін қойды.

Сайыскерлер мен жеңімпаздарға аудан әкімінің дипломдары мен алғысхаттары және байқау ұйымдастырушыларының бағалы сыйлықтары тапсырылды. Жұрт бірлігі жарасқан ұлттардың жас ұрпақтарының өнеріне дән разы болып тарады.

 

Серік Әбілқасымұлы

 

Бөлісу: