Дәстүрлердің сайын даласы

1 Наурыз 2014, 12:26

Дәстүр – әр ұлттың айнасы, сәні мен салтанаты, байлығы, барлығы. Дәстүрі мен ұлттық әдет-ғұрыптары болмай, ұлт еш уақытта ұлт болып танылған емес.

Дәстүр – әр ұлттың айнасы, сәні мен салтанаты, байлығы, барлығы. Дәстүрі мен ұлттық әдет-ғұрыптары болмай, ұлт еш уақытта ұлт болып танылған емес. Бүгінгі жаһанданудың аждаһадай ашылған аранында жұтылып кетіп жатқан жүздеген ұлттық құндылықтар пен мәдени мұралар өзіміздің ұлттық болмысымызды одан әрі аялай түсуге шақырып тұрғандай. Себебі, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ұлттан, ұлттық мәдениеттен бөліп қарап, мәдениеттің әлемдік тұтастығынан ажыратып алу – кешіруге болмайтын әрекет.

Дегенмен, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, әр ұлттың заман ағымына ілесе алмай, ұмытылып бара жатқан, көне дәстүрлері де болады. Бүгінде қазақ халқының осындай ұмытылып бара жатқан, дегенмен өте әдемі дәстүрлерінің бірі – сыңсу.

Сыңсу – ұзатылып бара жатқан қыздың, өз үйімен қоштасар сәтте айтар, қимастықпен салынатын мұңлы әні. Қыздың ел-жұртымен, ағайын-туыс, құрбы-құрдастарымен, туып-өскен жерімен қоштасуы ретінде айтылады Бұл ұлттық дәстүр. Себебі, қазақтың ұғымында «қыз – жат жұрттық» бола тұрса да, «қыз өріс». Яғни, қыз өз үйінің емес, өзге үйдің, өз елінің емес өзге елдің шырағын жағады, ошағын тұтатады. Ата-ана үйіне ол – қадірі мол қонақ.

Сыңсу жырлары бүгінде ұмытылып бара жатқандықтан, оны қыз ұзату рәсімдерінен көп кездестіре бермейсіз. Сыңсу – қыз ұзату дәстүріне байланысты туған тұрмыс-салт жырларының бірі. Сыңсуды ұзатылатын қыз тетелес сіңлілері немесе жас жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп, белгілі әуенмен айтатын болған. Сыңсу өлеңдерін ақындар немесе қыздардың өздері шығарады. Ұзатылып бара жатқан қыз сыңсу арқылы өзінің мұңын, қайғы-қасіретін жұртқа естірте шағады. Сыңсуда қыздың жеке басының мұңы әлеуметтік мәселелермен ұштасып, ескі әдет-ғұрыпты әшкерелеумен қатар қоғамдық ортаның, азаттық аңсаған әйелдер көзқарасын білдірген. Сыңсу өлеңдері құрылысына қарай 7, 8, 11 буынды болып келеді.

Сондай-ақ, қазақ халқының көне, дегенмен өз мәнін әлі күнге дейін жоя сал қоймаған салт-дәстүрлері ретінде «Шаңырақ көтеру», «Қапқа салар», «Атбайлар», «Жолдық», «Жарысқазан» секілді дәстүрлерін атауға болады. Бұлардың барлығы екі жастың шаңырақ көтеріп, отбасын құрғанына байланысты орындалатын жол-жоралғылар. Мәселен, «Шаңырақ көтеру» ғұрпы ежелден келе жатқан, мәні зор, мағынасы терең, мәнді тілектерді білдіретін дәстүр. Этнограф-жазушы Ахмет Жүнісұлы қазақтың осынау әдемі дәстүрі жайында мынадай пікір айтады: «...қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді. (А.Жүнісов «Фәниден бақиға дейін»). Міне, осыдан-ақ, шаңырақ көтерту рәсімінің қазақ халқы үшін қаншалықты мән-мағынасы бар салт екендігін білуге болады. Бұл – жаңа құрылған шаңырақ дәл осы кәрі күйеудің ғұмырындай көнерсін, бала-шағасы көп болсын, ұрпағы жалғансын деген мағынаны танытады. Бүгінде, «Шаңырақ көтеру» салтын өз дәрежесінде орындайтын отбасы жоқтың қасы. Бұл тамаша дәстүрді біреу білсе, біреу білмейді. Қазақтың шынайы ұлттық болмысының тамырына балта шапқан Кеңес заманы әрекетінің іздері қазақ дәстүрінің келбетінде тап болып қалғандай. Дегенмен, дәстүрлер жалғастығы Тәуелсіздік жылдарында қайта жалғана бастады. Соның арқасында, біз, ата-апаларымыздың сана сандығында сақталып жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар інжу-маржанын қайта қалпына келтіріп, ел игілігіне пайдалануға қайта беріп отырмыз. Бұл да көңіл марқайтар жақсы жаңалық, үлкен жеңіс болып келді қазақтың көнерген сайын даласына.

Ал, «жарысқазан» салтына оралар болсақ, жарысқазан – әйелдер босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп, оны толғатып жатқан әйелдің босануынан бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша өмірге келетін нәресте «жарысқазанға» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады, қазандағы аспен «жарысқа» түседі, уақыт жағынан озуға ұмтылады деген ұғым, түсінік. Жарысқазан көптеген қазақ отбасыларының әлі күнге дейін орындайтын мағыналы ырымы. Бұл бір жағынан халықтық наным-сенімнің үлкен философиялық көрінісі болса, екінші жағынан толғағы келген ананың ауыртпалығын түсініп, бөлісу, жеңілдетуге әрекет қылу. Яғни, ұлы адамгершіліктің бір тармағы.

Жалпы, қазақ халқы еш уақытта салт пен дәстүрге кенде болмаған. Әр қазақ шаңырағының босағасынан аттай сала салт-дәстүрлер легіне тап боласыз. Әр нәрсенің өзіндік мағынасы, мәні, ырымы, тыйымы болады. Кез келген дүние айрықша сипатқа ие болады. Сондықтан да қастерлі, қадірлі, аялы. Бұл қазақ халқының тектілігінің, ақсүйектілігінің белгісі. Әр нәрсенің байыбына бармай жатып, әрекет етпеуге үйрететін қазақ әжесінің тағылымы «тек-тектен» бастау алып, «бәрекелдімен» аяқталады. Ырымдар мен тыйымдар, жол-жоралғылар мен салт-дәстүрлер, әдеттер мен ғұрыптар қазақ мәдениетінің төл элементтері ретінде алдыңғы шепке шығады. Себебі, қазақсыз дәстүрді, дәстүрсіз қазақты елестету мүмкін емес. Болмыс мен бітім біте қайнасып, тұтасып, қазақы мәдениеттің негізін құрап отырғаны осыдан шығады.

Бөлісу: