"Қазақстанымды жырлаймын" ән байқауы

1 Наурыз 2014, 12:31

Биылғы Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдау арнады.

Биылғы Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдау арнады.

Мемлекет басшысы Жолдауда еліміз үшін қалыптасу кезеңі табысты аяқталғанын атап көрсетті. Сондай-ақ «Қазақстан – 2030» Стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуына қол жеткізілді.

Жолдауда қазақ тіліне айрықша көңіл бөлінді, онда: «Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет.

Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек» деп атап көрсетілді.

«Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн» делінді Жолдауда.

2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс. Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды.

Елбасы қазақ тіліне қатысты жауапкершілік қазақтың өзіне жүктелетінін атап өтті. «Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.

Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс.

Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.

Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады».

Жолдауда ел бірлігі асыл қасиет екендігі айтылды. Сөз жоқ, алда тұрған асыл мұраттарды жүзеге асыруда ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың алар орны айрықша.

«Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады» деген Елбасы ел болашағына және барша қазақстандықтарға зор сенім артты. Бізде осы жолда өзге ұлт өкілдеріне ана тілімізді үйретіп, олардың қазақтың жаны мен тарихын ұғынуына өз үлесімізді бұдан да зор қоса түсетін боламыз» дейді ивановкалық ұстаздар. Өз туған жерін, Отанын мақтан тұтпайтын адам баласы болмас сірә... Бұл мектептің мемлекеттік тілде білім алатын балалар өз Отанының патриоты екендігін дәләлдеді. «Қазақстанымды жырлаймын» атты ән-байқауына Тәуелсіздіктің 21 жылдығына орай 21 жұп қатысып, сайысқа түсті. Жалпы байқау үш кезеңнен тұрды.

І кезең: ата-анасымен жұптасып жеребе бойынша таңдап алынған әнді нақышты айту. Мұнда туған жер, ана, әке, отан жайлы әндер шырқалды.

ІІ кезең: «Өлең – сөздің патшасы» деп аталды, мұнда ақындар өлеңдері оқылады, авторын табулары қажет.

ІІІ кезең: «Білгенге маржан» өлең сөздерінің ішінде боялған сөздерді қатыстырып мақал-мәтелдер құрастыру.

Ауыл әкімшілігінен де арнайы қонақтар шақырылды. Байқау болған соң әділ қазысыз болмайды. Бес адамнан тұратын әділ қазы алқасы да, жеңімпазды анықтауда көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Барлық жұп өте жақсы дайындықпен келген, бірінен бірі өтеді. Дегенмен де байқау болған соң біреу жеңеді, ал біреулер жеңіледі. Барлық кезеңнің шарттарынан сүрінбей өткен жұптар анықталды. ІІІ орынды екі жұп өзара бөлісті. 2 «А» сынып оқушысы Секен Аслан әкесі Жакенов Бауыржан екеуі «Көк тудың желбірегені» әнімен және 3 «А» сынып оқушысы Ахметканова Ляззат анасы Бексеитова Гүлмирамен «Перзент сыры» әндерін орындап көзге түсті. ІІ орынды 4 «А» сынып оқушысы Аширхан Ернар анасы Мұхатаева Қарлығаш екеуі қосыла орындаған «Қазақ елі» әні көрермендер жүрегін жаулап алды десек артық болмас. І  орынды 3 «А» сынып оқушысы Остапенко Дарья анасы Сәрсенғұлова Мейрамгүлмен жұптасып орындаған «Ертегілер» әнімен және арнайы әнге түсірілген бейнебаянымен өте тамаша нәтиже берді. Бас жүлдені 2 «А» сынып оқушысы Ержанов Нұрбұлан ағасы Еркебұланмен бірге құйқылжыта орындаған «Қазақтай ел қайда» әнін орындағанда таңқалмаған, таңданбаған көрермен болмаған шығар. Екеуі дуэт етіп орындаған ән өте нақышты, өзіңді нағыз қазақ елінің азаматы екеніңді сезінетін күйге қалдырды.

Әр сайыстың өз көрермен көзайымы болады ғой, бұл байқауда «Алға қазақ жігіттері» деп шырқаған Риттер Владимир анасы Риттер Төлеуғайшамен әнді мәнерлі орындаса артынан ағалары марштық жүріспен әнге сән берді. Көрермен көзайымы атағына ие болды. Барлық байқауға қатысушылар мектеп әкімшілігінің алғыс хаттары мен мақтау қағаздары, бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Барлық қатысушы оқушылар сахнаға алғаш шыққандар, бұрын ән айтып, өлең оқитын оқушылардың барлығы бұл байқаудан арнайы шеттетілген. Ол оқушылар әр кезең арасында өз ата-аналарымен, сынып жетекшілерімен қосыла ән тарту жасап отырды. Мұратбек Арайлым, Мәулітбекова Зарина, Мұханова Рабиға, Абзалбекұлы Ақжігіт, Остапенко Владиславтар байқаудан шет қалмады. Байқау қатысушыларына ауыл әкімшілігінен келген бас маман Л.Н.Борозенцева алғыс айтып мақтау қағаздарын табыстады. Ұйымдастырылған іс-шараның ұйытқысы болған Төкенова Айсәуле Төкенқызына, жүргізушілері- Мұсабекова Ардақ Бағдатқызына және Қасабаева Қайыркеш Нұрдрахманқызына байқауды мазмұнды-мәнерлі етіп жүргізгендері үшін, бастауыш сынып мұғалімдері Құлқаева Мөлдір Нұрмұхамбетқызына, Дәулетқали Мейрамгүл Қанатқызына мектеп әкімшілігі үлкен алғыс білдіріп, мақтау қағаздарымен марапаттады.

 Ата-аналар да өз ризашылықтарын білдіріп, сөз алып алғыстарын жаудырып жатты. Байқау аяқталса да асықпай, үйді-үйге әрең тарасты. Осындай мазмұнды бастамалар мектебімізде әлі де талай ұйымдастырылатынына сенімдіміз. Белсене атсалысқан ата-аналарға, мұғалімдерге, әр оқушыға «Аудан тынысы» редакциясы атынан үлкен рахмет айтамын. Қазақстанымыз гүлденіп, көркейсін, ал біз әнге қосып жырлайық деген Риттер Владимирдің сөзі жадымызда жаңғырды.

 

Серік Әбілқасымұлы

 

Бөлісу: