1-сәуір

1 Сәуір 2015, 11:06

Күлкі күні. Күлкі күнін тойлау Францияда бастау алған деседі. Ежелгі римдіктер де ақпанның 17-сінде «ақымақтар мерекесін» атап өткен.

Күлкі күні. Күлкі күнін тойлау Францияда бастау алған деседі. Ежелгі римдіктер де ақпанның 17-сінде «ақымақтар мерекесін» атап өткен. Шығыс Үндістанда наурыздың 31-інде «қалжыңдау салты» ежелден етек алған екен. Бірде таңертең, Петербор тұрғындары әдетте өрт шыққанда ұрылатын қатты дабылдан оянды. Әзілкештердің бұл әрекеті сәуірдің 1-іне тап келді. Сол кезден бастап, бұл ойын халық қолдауына ие болды.

Әзіл-қалжыңға бір иығын беріп тұратын қазақта да бұл күнге байланысты неше түрлі қызық әңгімелер бар. Ерте көктемнің ала құйын мінезін  қалжыңмен жуып-шайғысы келген халық бұл күні жақындарын алдауға барын салады.

Халықаралық құстар күні. 102 жыл бұрын (1906) құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияға қол қойылды. Құстардың барлық түрін жұмыртқа салу және жылы жаққа қайту мезгілдерінде қамқорлыққа алу, жоғалып кету қаупі бар құс түрлерін қорғау, құстарды аулаудың кейбір түрлеріне тыйым салу, құс өсіру және адамдарды табиғатты сақтауға сауаттандыру үшін қорықтар ашу осы конвенцияның негізгі қағидаларына жатады. Бүгінгі таңда құс тұмауы вирусы әлемдегі ең қауіпті ауру түрі болып отыр.

«Құс тұмауы» деген атпен белгілі – құстардың инфекциялық ауруы адамға жұғатын кәдімгі тұмаудың «А» вирусы штамдарының бірінен туындайтын көрінеді. Ғалымдардың мәлім етуінше, бұл инфекцияға құстардың барлық түрі бейім. «Құс тұмауы» вирусының 15 түрінің ішінде, әсіресе H5N1 вирусы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің ерекше алаңдаушылығын туғызып отыр. Бұл – адамдар үшін қауіпті жоғары патогенді вирус. Сондай-ақ «құс тұмауының» H5 деген жаңа бір түрі анықталды.

Иран Республикасының ұлттық мейрамы – Республика күні. 29 жыл бұрын (1979) бүкілхалықтық референдумның нәтижесі бойынша Аятолла Хомейни Иранды Ислам Республикаcы деп жариялады. Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ресеймен, батысында Түркия, Иракпен, шығысында Ауғанстан және Пәкістанмен  шектеседі. Солтүстігінде – Каспий теңізі, оңтүстігінде – Парсы және Оман шығанақтары. Астанасы – Теһран қаласы. Ресми тілі – парсы тілі. Мемлекеттік діні – ислам дінінің шиит тармағы. Ақша бірлігі – риал. Елді президент басқарады және ол төрт жылға сайланып, Министрлер Кабинетін де басқарады. Жоғарғы заң шығарушы органы – бір палаталы парламент.

Иран 1960 жылдан бастап Батыс үлгісінде дами бастады. Елде шет ел капиталының үстемдік алуы, ұлттық құндылықтардың аяққа басылуы 1978-1979 жылдары халықтың үкіметіне қарсы жаппай бас көтеруіне алып келді. Оны елдегі шиит дінбасылары басқарды. 1979 жылғы ақпанның 11-інде болған революция нәтижесінде шаһ үкіметі құлап, сәуірдің 1-нен бастап Иран Ислам Республикасы жарияланды. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 29-ында орнатылды.

Геолог күні – жыл сайын сәуірдің бірінші жексенбісінде аталып өтіледі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен белгіленген.

Бөлісу: