31 Шілде 2013, 06:11
Қарағандылық «Шахтёр» чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуін сәтті бастады. Албандық «Скендербеу» командасын айқын басымдылықпен ұтқан кеншілер командасының бас бапкері Виктор Кумыков өз ойымен бөлісті.
— Виктор мырза, жарқын жеңістеріңіз құтты болсын!
— Рахмет! «Шахтёр» командасының жанкүйрлерінің сенімін ақтау үшін барымызды салып ойнадық.
— Кездесу ойыңыздағыдай өтті ме?
— Мач өзіміз күткендей-ақ өте ауыр болды. Әсіресе, екінші таймның басында қонақтар қақпамызға екі гол соғып кете жаздады. Бәлкім, олар шаршап қалды ма, бәлкім басқа себептер бар ма, әйтеуір соңғы минуттарда албандар сылбыр тартып қалды. Нәтижесінде, таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізе алдық.
— Жеңіске жетуге қанша пайыз сенімді болдыңыздар?
— Егер матч алдында біреу маған келіп, «бүгін «Шахтёр» ірі есеппен жеңіске жетеді» деп айтса, шыны керек, сенбес едім. Өйткені, «Скендербеудің» ойын өрнегі Қазақстан чемпионатындағы «Ақтөбенің» ойынына ұқсас. Бірақ албандардың құрамында техникалық шеберлігі жоғары ойыншылар көп болды. Сондықтан жеңіске мынанша пайыз сенімді болдық деп айта алмаймын.
— «Шахтёрлықтар» Албания астанасы Тиранада қандай ойын өрнегін көрсетпек?
— Енді Тиранада негізінен қорғанысқа көңіл бөліп, қарымта шабуылдарға иек артатын боламыз. Борисовте БАТЭ-ге қарсы қалай ойнадық, Тиранада да солай ойнаймыз. Шахтёрдің асар асуы алда деп білемін.
— «Шахтёр» мен «Скендербеу» арасындағы тартысты ойынды Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев те тамашалады. Аймақ басшысы көрсеткен өнерлеріңізге қандай баға берді?
— Бауыржан Түйтейұлы мачтан соң, команда ойыншыларына арнайы келіп, жеңісімізбен құттықтады. Және алдағы уақытта жоғары жетістіктерге қол жеткізетінімізге зор сенім білдірді.
— Қарағандылық «Шахтёр» үшінші раундқа өткені үшін УЕФА тарапынан 480 мың еуро көлемінде қаржы алады деген әңгіме ел арасында айтылып жүр..
— Иә. УЕФА тарапынан ақшалай сый беріледі. Сәтін салып, алдағы қарсыластармызды да басып озатын болсақ, бұл қаражатты көбейтуге болады.
— Сіз 2011 жылдан бері «Шахтёр» командасының бас бапкерісіз. Шәкірттеріңізбен мақтанасыз ба?
— (Виктор мырза, жылы жымиды). Әрине мақтанамын. Бүгін өздіріңіз көрдіңіздер ғой, жігіттердің қалай тамаша ойнағанын...
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Индира БАЙҚОНЫСОВА