1 Наурыз 2014, 12:20
Кең байтақ қазақ даласының әрбір тауы, жотасы, өзені, бәрі-бәрі шежіреге тұнып тұр. Ұлан ғайыр жеріміздің тек бір өлкесіндегі алақандай ауылдың тарихымен таныстырып өткім келеді.
Бір алып мемлекеттің бір ауылынан-ақ оның саясаты, тарихы, әлеуметтік жағдайы көрінсе керек. Менің ауылым қасиетті Сыр елінің Шиелідей киелі жерінен 14 шақырымдай жерде орналасқан. Кезінде Ақтөбе деп аталған шағын ауыл, Кеңес өкіметінің кезінде Авангард атауын алып, бүгінде Ақмая деген үлкен ауылға айналған.
Бойын жағалай қонған халықты ырыздығынан аямаған Сыр өзені күндердің күнінде ашуына мінсе керек. Ерте көктемнің таңында сыр беріп, өзен арнасынан асып түсіп, Ақтөбе ауылын су алып кетеді. Бұл 1938-1939 жылдар болатын. Дәл осы кезеңде бүкіл әлемді суық хабар кезіп кеткен болатын. Ол – Ұлы Отан соғысының басталуы. Бұл сұмдықты естіген Кеңес өкіметі де дереу шара қабылдауға көшеді. Сол кезеңдегі солақай саясатпен Үштік Одақ елдерімен көрші орналасқан халықтарды Қазақстанға көшіргені бізге тарихтан белгілі. Осындай дүрбелең кезеңнің құрбаны болған ұлттардың бірі Қиыр Шығыс кәрістері болатын. Қазақстанға ауған 100 мыңға жуық кәрісті Қызылорда, Алматы облыстарына қоныстандырған билік 57 ұжымшар құрады. Солардың бірі біздің ауылда. Әр жерлерден қоныс аударылып келген кәріс, грек, түрік, шешен, орыс, қазақ ұлттары «Авангард» ауылының шаңырағында бір атаның балаларындай күн кешеді. Сол күндердің белгісіндей ауылымыздағы көшелерді үлкен кісілер әлі күнге дейін «кәріс көше, шешен көше, түрік көше» деп атап отырады. Атам «осылардың ішінде ең еңбекқоры кәрістер болатын. Кеңес өкіметі оларға сенімсіздік танытып, соғысқа да жібермеді. Тіпті, егін егіп жүрген кездерінде аяқтарына кісен тағып қоятын. Бірақ төзімді кәріс халқы бұл ауыртпалыққа көніп, өздерінің ниеті адал екенін дәлелдеуге тырысты. Еңбек Ері атанған Ким Ман Сам атты кәріс аталарың Одақ бойынша рекорд орнатып, күріштен бәленбай тонна астық алды, өкімет берген сыйақыны қарақан басына жұмсамай, ауылға клуб салдырды, өздерің көріп жүргендей әлі халықтың игілігіне жарап тұр» деп әңгімесін шерте жөнелетін.
Міне, менің туған ауылымның тарихынан-ақ бүкіл бір мемлекеттің тарихын көруге болады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ауылымыздағы кәріс халқының көбісі тарихи Отандарына оралды. Бірақ, бүгінгі Ақмая ауылында түтінін түтетіп, қазығын бекем байлаған кәріс отбасылары да жетерлік. Олар қызын қазаққа ұзатып, немерелерін қазақ мектебіне беріп жатқан жайы бар. Осындай татулығы мен бірлігі жарасқан ұлттардың арасына іріткі түспес деген ойдамын.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің 2012 жылдың 27 қаңтарында халыққа жолдаған жолдауында: «Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды» деген болатын. Бұл сөздерде үлкен мән бар. Президентіміздің парасатты пайымы – ел тарихын тереңнен толғайтын басшының шын лебізі.
Лағыл Маратқызы