Әскерилер арасында дзюдодан әлем чемпионаты

1 Наурыз 2014, 12:17

«Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» - делінген «Қазақстан-2050» Стратегиясында.

«Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» - делінген «Қазақстан-2050» Стратегиясында. Бұл ойды еліміздің әскери қызметкерлер де қолдайды. Сөзімізге дәл осы мамандық иелеріне арналған дүниежүзілік спорт додаларында Қазақстанның атын шығаратын спортшы әскерилердің саны жыл сайын артуы дәлел.

Елдос Жұмақанов – 2013 жылы Астанада өткен дзюдодан әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатында жалғыз алтын медаль иеленген спорт шебері. Қазір дзюдошы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскерлерінің орталық спорт клубында қатардағы жауынгер қызметін атқарады. Ұлттық құрамада осыған дейін талай белесті бағындырған жас спортшы дзюдодан болашақта олимпиада чемпионы атанып, қазақ елінің абыройын асқақтатуды армандайды екен. Әскери мамандар арасындағы әлем чемпионатындағы кезекті жетістігі туралы Елдос Жұмақанов ойын былай өрбітеді: «Осы жарысты ұтқаныма өте қуаныштымын. Чемпионат өзімнің туған жерімде өткен соң, халық маған ерекше рух берді. Халқымның рухының, қолдауының арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын Ендігі мақсат – олимпиада ойындарына қатысып, чемпион атану. Бұның бәрі болашақта орындалады деп ойлаймын».

 

2013 жылы тарихта тұңғыш рет дзюдодан әскери қызметшілер арасындағы 35-әлем чемпионаты Қазақстанның бас қаласы Астанада ұйымдастырылды. Әскери мамандарды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеп, кәсіби шеберліктерін шыңдауды мақсат еткен додаға әлемнің 28 елінен 200-ден астам дзюдошы қатысқан екен. Елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен ауқымды жарыста кореялық ерлер құрамасы топтық есеп бойынша бірінші орынды иеленсе, әйелдер арасында Бразилияның бағы жанды. Халықаралық деңгейдегі бәсеке - Бүкіләлемдік армия спорты кеңесі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі және дзюдо федерациясының қолдауымен жүзеге асқан болатын. Осы орайда аталмыш шараны ұйымдастырушылардың бірі - әскери орталық спорт клубының төрағасы Ерлан Таласбаев: Бұндай халықаралық шара өткізу оңай емес. Біздің мақсатымыз дәстүрлі отыз бесінші әлем чемпионатын әділ өтуіне атсалысу. Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың өлшеусіз еңбегінің арқасында ауқымды бәсеке жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Шетелдік қонақтар Қазақстан Қарулы күштері бас қолбасшысы Елбасымыздың және еліміздің қуаттылығын мен мықтылығына тағы да тәнті болды».

 

Дзюдодан әскери қызметшілер арасындағы 35-әлем чемпионатында Қазақстанның намысын жиырмаға жуық дзюдошы қорғаған екен. Байрақты бәсекеде ел құрамасының бес спортшысы жақсы нәтиже көрсетіп, қазақ елінің көк туын желбіретті. Қатардағы жауынгерлердің ішінен Елдос Жұмақанов алтын, Мейірлан Баймаханбетов күміс медаль иеленсе, әскери қызметкерлер Олеся Куценко, Алина Тен, Қажымұқан Өтеулиев қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Спорт комитеті өкілдерінің айтуынша, қазақстандық әскерлер құрамасы жыл сайын спорт шеберлерімен толығып келеді екен. «Әскери қызметкерлер - кәсіби спортты жанына серік етсе, қуатты әскеріміздің шеберлігі арта түсеріне сенемін. Әскери қызметкерлер спортта да үлкен жетістіктерге жету керек. Әрине, алдымен бұл өзі үшін, одан кейін мамандығы үшін де маңызды. Әскери қызмет пен спортты қатар алып жүргендер өте көп. Осындай жарыстарда олардың жақсы нәтиже көрсеткені елдің де абыройын асқақтатады» - дейді чемпионаттың қола жүлдегері Қажымұқан Өтеулиев.

           

Әлем елдерінің әскери қызметшілері арасында жыл сайын әр спорт түрінен чемпионат өткізу дәстүрге айналған. Ендігі халықаралық спорттық жарыс Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өтетін болады. «Қуатты әскер – ел тірегі» демекші, ел тұтастығы мен тәуелсіздігін қорғайтын бүгінгі батырлар – әскери қызметкерлер. Сондықтан, осындай шаралар олардың мерейін үстем қылып, кәсіби шеберлігін шыңдайтыны сөзсіз. Бұл туралы өз ойын майор Жағыпаров Тимур былай сабақтайды. «Әскери қызметшілер арасындағы спортты дамыту - Қазақстан үшін өте маңызды. Бұл бір жағынан Әскери қызметшілердің шеберлігін көрсетсе, екінші жағынан Қазақтанның әлемдік имиджін қалыптастыратыны белгілі. Бұндай бәсекеде біздің әскери мамандардың алтын алғаны – үлкен жетістік деп айтар едім»

 

Айзат Меңдешева

Бөлісу: