1 Наурыз 2014, 12:16
Спорттың адам өміріндегі алатын орны ерекше екені бәріне белгілі. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанған адамның дені сау, жаны таза болады. Елбасымыз Қазақстан халқына жолдауында да салауатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті деп атап өткен. Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс дейді өз сөзінде. Шыны керек, қазіргі таңда спорт нысандары мен спорт құрал-жабдықтары толыққанды жетіспейді. Ал осындай спорт мектептерінде жаттығып, түрлі әлемдік жарыстарда Қазақстанның көк туын желбіретіп, елімізді асқақтататын да осы спортшылар емес пе?
Кеңес Одағы кезінде қазақстандық спортшылар биік тұғырдан көріне білді. Өйткені, ол кезде әр қалада, ауыл-аймақта спортпен шұғылдану жүйелі түрде іске асқан болатын. Кеңес дене шынықтыру мектептері көптеген чемпиондар мен жүлдегерлерді тәрбиелеп шығарды. Олардың дерлігі қазіргі уақытта бапкерлік салада қызметтерін жалғастыруда. Әттеген-айы бірнеше атақты спортшылар шетел асып кетті. Ал қалғандары тәуелсіз Қазақстанның болашақ чемпиондарын жаттықтырды. Атап айтсақ, тәуелсіз Қазақстан болып алғаш Олимпиадаға қатысып, жүлдегер атанған Дәулет Тұрлыханов, Александр Винокуровтың бапкерлері Болат Тұрлыханов пен Сергей Кручина, ал Қазақстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильинді тәрбиелеген Алексей Ни, ал бірнеше чемпион боксшыларды әлемге танытқан Тұрсынғали Еділов те осы Кеңес одағының мектептерінен шыққан. Тіпті әлемдік бокста бірінші орын иеленіп тұрған кубалық бапкерлер де осы кеңестік спорт мектептерінің түлектері.
2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада Қазақстан үздіктер қатарынан көрініп, 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальға қол жеткізді. Еліміздің мерейі үстем болып, әлемге танылды. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарындағы бұл ерекше жетістік болды. Халқымыздың патриоттығы артып, елі мен жерін мақтан тұтты. Бұдан шығатын қорытынды, спорт ұлтымыздың дамуы, экономика мен абыройы үшін үлкен үлес қоса алады. Демек, қалада ғана емес, ауыл-аймақтарда да спорт мектептерін дамыту, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысын қолға алу маңызды. Сонымен қатар, бапкерлердің жалақысын көтеріп, оларға тиімді жағдайлар жасалса құба құп болар еді. Осы тапсырманы елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет және жергілікті орган басшыларына келесі жылдан бастап қолға алуды табыстады. Спортшылардың жағдайы толыққанды жасалса, балалардың жастайынан қандай да бір спорт түріне дарындылығын анықтап, спортқа баулып өсірсе, бірнеше жылда тәуелсіз Қазақстанның атын әлемге танытатын спортшылар мен олардың танылуына үлес қосатын бапкерлер топ жарып шығатынына сенімдіміз.
Анар Мұстафина