1 Наурыз 2014, 11:49
Біз бүгінде ертеңімізге нық сеніммен қарай алатын, өзге елдермен иық тіресіп, оларға өз мәдениетімізді, жеткен жетістіктерімізді мақтанышпен көрсете алатын деңгейге жеттік. Егемендік алған 22 жыл бойына атқарған игі істеріміз халқымыздың қабілеттілігінің, жол көрсетер азаматтарымыздың көрегендігінің арқасында жүзеге асып отыр. Осындай игілікті іс нәтижесінен өркениетті елдермен барлық сала бойынша тәжірибе алмасулар жүзеге асып жатыр. Халықтың жағдайына ыждаһаттылықпен назар аударылып, жас буын білім нәрімен сусындап, тың идеялар өз нәтижелерін көрсетуде. Білімді ұрпақ өз қабілетін еркін көрсетуге орасан мүмкіндіктер туып отыр. Заман талабына сәйкес шетелдермен өзара тәжірибе алмасуға тиісті. Жаңа технология, жаңа жүйелер, жаңа көзқарас – барлығы үлкен ізденісті керек етеді. Осындай жаңалықтарды меңгеру үшін бізге ең алдымен не қажет? Әрине, тіл! «Ол қандай тіл?» деген сауалға әлем мойындаған, барша халықпен ұғыныса алатын тіл деп жауап береріміз даусыз. Ендеше, осындай тілді еркін меңгеру бізге қойылған міндет десек, қателеспеген болар едім. Рас, көп тіл білгеннің артықшылығы болмаса, еш зияны жоқ. Бір тілді меңгерген адамды бір адам десек, бірнеше тілді меңгерген адамды қандай адам дейтініміз айтпасақ та, түсінікті жағдай болып отыр.
Десек те, мектеп баласына, я болмаса, мектепке дейінгі сәбилерге үш тілді қатар меңгерту оң көзқарасты туғызбайды. Ең алдымен, өз тіліміз, ана тіліміз – қазақ тілін еркін меңгеруіміз қажет. Ұлт зиялысы А. Байтұрсыновтың «Бала ең алдымен, өз ана тілінде ойлауы, сөйлеуі, білім алуы шарт» деген пікіріне жүгінгеніміз абзал. Ана тілінің қадіріне жеткен балаға не нәрсені болмасын үйрену қиындық туғызбасы анық. Өз ана тілін жетік меңгермей, туған тілінде айтылған әрбір сөздің мән-мағынасын айыра алмай тұрса, ертеңгі күні ол баладан талабына ақылы сай, ойлы азамат шығарына кәміл сенбейміз. «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген Мұстафа Шоқайдың сөзін естен шығармағанымыз абзал. Сол себептен ең алдымен өз ана тілімізді еркін меңгеруіміз керек. Мемлекетімізде көптеген ұлттар мен ұлыстар татулықпен күн кешіп отырған жағдайда өзара қарым-қатынас тілі орыс тілінің де көмегіне жүгінетініміз өтірік емес. Жоғарыда айтқанымыздай, сауатты болуымыз үшін орыс және ағылшын тілдерінің көмегі зор. Шетелдермен тәжірибе алмасып, олардың озық технологиясынан үлгі алуымыз үшін ағылшын тілі ауадай қажет. Елбасы Жолдауында еліміздің азаматтарына қазақ тілін мемлекеттік тіл, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде және әлемдік экономикаға жол ашатын ағылшын тілін меңгеруді міндеттеді. «Тілдің арқасында біреуді біреу танып, бір халық екінші көрші халықты біліседі» деп Расул Ғамзатов айтқандай, ағылшын, орыс тілін үйренудің оң нәтижесін көре аламыз. Тек тәжірибе алмасу ғана емес, өз мақтанышымызды, рухани құндылығымызды осы тілдер арқылы өзге халықтарға дәріптей аламыз. Алдағы күні озық дамыған отыз елдің қатарына қосылу көп тіл білетін білімді жастардың еңбегімен, талабымен жүзеге аспақ. Сөз қадірін түсінген әрбір адам өз мәдениетін басқа да халықтарға үлгі етпек. Тіпті, ақын-жазушылармыздың шығармашылығын өзге тілдерге аударуда, сөз қадіріне жеткен азаматтарымыздың өзге тілде сөйлеткені әлдеқайда түсінікті болмақ. Өйткені олар ең алдымен өз ана тілін дұрыс түсіне алады. Сол себептен шетел тілдеріне жасалған аудармалар өз қалыбын дұрыс сақтай алады. Міне, осы себептің салдары үштұғырлы тілдің еркін меңгеру керектігін көрсетеді. Өзге елдердің тарихын, дүниетанымын, мәдениетін еркін тану үшін де олардың тілін білуіміз шарт. Елбасымыз өзі айтып өткендей, тілдік біліктілігі мен кәсіби біліктілігі жоғары деңгейде ұштасқан маман ғана елдің әлеуетін арттырумен қатар өзге елдердің мамандарымен бәсекеге түсуге қабілетті бола алатыны ақиқат. Еліміздің болашағы жарқын болуының кепілі – өзге елдермен иық тіресер жағдайда білімді де, білікті мамандардың көп болуы. Қай салада болмасын өз тәжірибесін өзге халықтармен салыстыра жұмыс атқару, бірінен үлгі алып, енді біріне үлгі көрсету арқылы озық ойлы мемлекетімізді әлемге бұдан да жоғары деңгейде таныта аламыз. Ана тілінің қадірін жетік меңгеріп, өзге тілдерде еркін ой бөлісе алатын жас ұрпақ еліміздің іргесінің берік қалануына мол үлесін қоспақ. Халқына шын жаны ашып, елім деп еміренген әрбір перзентті ел болашағы бей-жай қалдырмасы анық. Олай болса, әрбіріміз қолымыздан келгенше, өз мәдениетімізді құрметтеп, рухани байлығымызды бағамдап, оны өз деңгейінде әлемге танытуға тиіспіз.
Жамбылбаева Айжан