Клиптік сана дерт пе, заман талабы ма?

1 Наурыз 2014, 11:37

Интернет пайда болғалы ақпарат көздерінің ағын судай екпіндеп дамып жатқаны белгілі. Әрине, адамның бұл өзгеріске бейімделуден басқа шарасы қалмады. Нәтижесінде клиптік ойлау, клиптік сана қалыптасты.

Интернет пайда болғалы ақпарат көздерінің ағын судай екпіндеп дамып жатқаны белгілі. Әрине, адамның бұл өзгеріске бейімделуден басқа шарасы қалмады. Нәтижесінде клиптік ойлау, клиптік сана қалыптасты. Қоғамды осы клиптік сананың алаңдатып жүргеніне біраз болды. Өйткені, жастар арасында оқу, ақпаратты қабылдау проблемалары артып келеді. Клиптік сана деген не? Ол қалай әсер етеді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

ХХ ғасырдың 90-шы жылдары пайда болған терминнің шығу төркініне үңілер болсақ, «сlip» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «фильмнен үзінді немесе газеттен алынған қиынды, бөлік» деген мағынаны білдіреді. «Клип» дегенде бірден ойымызға музыкалық клиптер келеді. Шынында да, музыкалық клиптерде ешқандай да мағына үстейтін ақпарат жоқ, олар бір-бірімен үйлеспейтін көріністердің тізбегі деуге болады. Дәл осы ұстаным бойынша клиптік дүниетанымымыз қалыптасады, яғни адам әлемді тұтастай емес, бірінің екіншісіне байланысы шамалы бөліктер арқылы қабылдайды. Осыдан келіп, адамның бойында талдау жасау қабілеті ақсай береді де, ол клиптік сана иесіне айналады. Себебі талдануы тиіс жағдайдың сипаты адам санасында ұзақ сақталмай, лезде бұлыңғырланып, келесі жаңа ақпарат оның орнын баса кетеді.

Шетелде клиптік сана термині едәуір кең мағынада – клиптік мәдениет деп қолданылады екен. Америкалық футуролог Э.Тоффлердің еңбектерінде бұл ұғым болашақтың жалпы ақпараттық мәдениетінің бір бөлігі ретінде қарастырылатын және шексіз-шетсіз ақпарат бөлшектеріне негізделген жаңа құбылыс ретінде беріледі әрі осындай сана түрімен ойлайтын адамдар үшін бұл өте ыңғайлы деп сипатталады.

Егер кинотеатрға барып, жаңа шыққан фильмді тамашалау ұсынысы түссе «тұра тұр, алдымен трейлерін қарап алайын» немесе «трейлерін көрдің бе, қызық па?» деп айтатынымыз жасырын емес. Көрсетіліп жатқан трейлер, телехикаялар, қазіргі мультфильмдердің барлығы клиптік тұтынушыға лайықталып түсіріледі, бірін бірі ешқандай логикалық әрі ақпараттық байланысы жоқ шағын ғана көріністермен алмастырып отыратын қысқа сюжеттерден тұрады.

БАҚ бізді жастайымыздан осындай клиптік ойлау түріне баулиды: әртүрлі саладағы жаңалықтарды бірінен соң бірін хабарлайды, артынша сан алуан жарнама роликтерін көрсетеді, одан кейін мүлдем басқа мыңдаған бағдарламалар көрсетіп жатқан жүздеген арнаны пультпен лыпылдатып ауыстырып шығамыз. Оған қоса көптеген әлеуметтік желілер бар. Нәтижесінде алған ақпаратты қорытып, талдауға уақыт қалмайды. Өйткені ақпараттың жаңа легі «мен мұндалап» тағы дайын тұрады. Бұл адамның біртұтас болуына мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ кез келген саладағы маркетологтардың да басты мақсаты тұтынушыны тарту ғана емес, оларды басы артық ақпаратпен, сылдыр сөзбен жалықтырып алмау болып табылады. Жарнамаланып жатқан өнім тұтынушы тарапынан еш сұрақ тудырмай, қысқа әрі нұсқа болуы тиіс. Жарнама слогандарына назар аударып көрдіңіз бе?

             Клиптік сана соншалықты зиянды емес, дегенмен еш зарарсыз деп те айтуға болмайды. Клиптілік адамзатқа туа бітетін қасиет емес, ол ақпаратты үзік-үзік етіп қабылдау нәтижесінде қалыптасады әрі балалар мен жастардың сабақ үлгеріміне кері әсер етеді екен. Ұстаздар қауымы арасында оқушылардың оқу материалына талдау жасай алмау, енді ғана түсіндірген дүниені лезде ұмыту, классикалық әдебиет туындыларын меңгере алмау сияқты кемшін тұстары жиілеп кетті деген алаңдаушылық бар. Бұған себеп алуан түрлі дайджестердің және дайын шығармалардың болуы емес. Жүргізілген тәжірибелер білімді меңгеру коэффициенті бірден төмендеп кеткенін көрсеткен. Тәжірибеде жоғары сынып оқушылары былтырғы оқу бағдарламасы бойынша қарапайым сұрақтарға жауап беруі тиіс болған. Білмеу деңгейі екілікке бағаланған материал ғана алынады. Нәтижесі 10% деңгейіндегі коэффициентті көрсеткен.

Дегенмен, клиптік сананың ұтымды жақтары да жоқ емес. Жаңа ұрпақтың ерекше қабілеті – олардың көпқырлылығы. Интернет-ұрпақтың өкілдері бір уақытта музыка тыңдап, желілерде отырып, чатта сөйлесіп әрі сабақтарын да орындап отырады. Клиптік сана иелері бір іс-әрекеттен екіншісіне жылдам ауысуға қабілетті. Клиптік қабылдаудың басты артықшылығы – ақпарат өңдеу жылдамдығының шапшаңдығы. Тағы бір ерекшелігі – мәтіндік емес, бейнелі ақпаратты ұнатады. Яғни, ұзақ желілік бірізділікпен, бір стильмен берілетін ақпаратты, кітап мәтінін қабылдауға қабілетсіз болады, ұзақ уақыт бір ақпаратқа зейін бөле алмайды, табандылығы жетпейді әрі талдау зеректігі төмен болады.

Қазір тек балалардың ғана емес, мұғалімдердің де «клиптеніп» келе жатқанын байқау қиын емес. Оқытудың инновациялық әдісін қолданамыз деп жаңа материалды түсіндіру кезінде презентация дайындайды. Байқасаңыз, презентация – клиптік сана қалыптастырудың тағы бір жолы: әсем безендіру, ақпараттың бөліп ұсынылуы, сөйлемдердің қысқалығы.

Дәл осындай көрініс ересектерден де байқалады. Әлемдік ІТ-қауымдастықтың жаһандық ықпалына жанайқайшы болып жүрген америкалық жазушы, The Big Switch: Rewiring the World, From Edison to Google (2008), The Shallows: What the Internet Is Doing to Our Brains (2010) т.б. бестселлерлердің авторы Nicholas Carr өзінің «Google бізді ақылсыз етіп жатыр ма?» (Is Google Making Us Stupid?) мақаласында былай деп жазады: «Соңғы жылдары бір жайсыз сезімде жүрмін. Менің миымды бірдеме немесе біреу ақтарып, нейрон схемаларын қайтадан бөліп, жадымды қайта бағдарламалап жатқандай. Бір айтарым, менің санам өліп жатқан жоқ, бірақ өзгеріп жатыр. Мен бұрынғыдай ойлаудан айырылдым. Мұны, әсіресе, кітап оқу үстінде қатты байқаймын. Бұрындары мен кітапқа немесе көлемді мақалаға оңай еніп кететінмін. Менің санам әңгімеден немесе оның ішіндегі тартыстардан рақат алатын және мен сағаттап проза әлемінде серуендеуден жалықпайтынмын. Ал қазір бұл қабілет менен алыстап барады. Екі-үш бетті парақтаған соң зейінім төрт тарапқа тарай бастайды. Мазам қашады, қисынын таба алмай, басқа бір іспен айналысуға әуесім кетіп, ақылым алпыс жаққа жүгіреді. Мен өзімнің сылқым санамды күштеп, мәтінге сүйреп әкеле жатқандай сезінемін. Бұрын бар ықыласыммен беріліп оқитын болсам, қазір бұл бір күреске айналып кетті».

Автор әрі қарай қазіргі оқырмандар онлайн оқу кезінде дәстүрлі жолмен оқымайтынын, оқудың жаңа түрлері пайда болып жатқанын айтады. - Мәселен, оқудың орнына тақырыптарға, парақшаларға, абзацтарға тігінен көз жүгіртіп өтеді, олжаға жеңіл қол жеткізгісі келеді.

Адамның өмірде жетістікке жетуі көп жағдайда, әрине, ойлау стиліне байланысты болады. Қазіргі бизнес нарығында талдау жасау, мәнін ашу және шешім қабылдау қабілетін меңгермей тұрып бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие әрі табысты адам болу мүлдем мүмкін емес. Басты талаптың бірі – көздеген мақсатына жету жолындағы сатыларды жүйелі жоспарлай білу. Бұл үшін ұзақ, терең ойлана білу керек. Сондықтан санасы клиптенгендер осы жағынан алғанда аутсайдерлер санатына ығыстырылып кете ме деген қауіп бар.

Клиптік санамен қалай күресеміз? Бұл үдеріспен күресу мақсатында кейбір елдерде зейін қою, ой топшылау және алған ақпаратты қорыту жолдары туралы арнайы тренингтер ұйымдастырылады екен. Мұны болдырмаудың ең тиімді жолы кітап оқу екен. Кітаптың да кітабы бар екенін ұмытпаңыз. Ол – классикалық әдебиет.

            Осы орайда елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз Жолдауында жастарға қызықты болатын 100 кітап туралы көтерген идеясы арқылы қоғамның рухани дүниесін жұтаңдатып жатқан аталған мәселеге ден қоюы тегін емес. Ғабит Мүсіреповтің «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан тыйылар едік» деген сөзі бар. Шынында да, кітап оқу ой жүйесін дамытады, күйзеліске түсірмейді, сөздік қорды байытады, Альцгеймер ауруынан сақтайды, сенімділік береді, креативтілікті дамытады, ұйқыны жақсартады, ми белсенді қызмет атқарады, есте сақтау мен логика жаттығады, зейін зор болады екен. Кітап оқудың пайдасын санай берсек сан жетпейді. Сондықтан да ұлы Шекспир «кітап маған тақтан да қымбат» деген болар.

            Дамыған елдерде тұрғындар көп жиналатын саябақтарда, көше бойындағы орындықтар маңында, супермаркеттер алдында көше кітапханаларының орнатылғаны шетелдіктер үшін жаңалық емес. Мәселен, бос тұрған телефон дүңгіршегі шағын кітапхана етіп жабдықталады да, әрбір оқырман кітап алып оқу үшін орнына өзінің кітабын қалдырып кетеді. Өзі оқып болған кітапты Асқар Сүлейменов «қолдан-қолға ауысып жүріп оқылмаса оның несі кітап» деп басқа біреуге бере салады екен. Біздің елімізде де қолдан-қолға ауыстырып оқуға мүмкіндік беретін қоғамдық кітапханаларға ең болмағанда саябақтардан орын табылар деген үміт бар.

Уақытысында дүние жүзіндегі ең үлкен Отырар кітапханасы дүрілдеп тұрған елдің ұрпағы әрі үміт артар болашағы – біз, жастар! Елбасының бастамасымен қолға алынып отырған «Топ 100 кітап» байқауына белсене қатысып, оқыған үздік кітаптарымызға дауыс беріп, бір-біріміздің рухани жетіліп, дамуымыз үшін белсенділік танытайық!

 

Жадыра Байсейітова

 

 

 

 

Суреттер http://d3.ru, http://laurabucci.com сайттарынан

 

Бөлісу: