Қазақстан украиндерінің тарихи сұлбасы

1 Наурыз 2014, 09:56

Қазақстан украиндері елімізде бір ғасырға жуық уақыт бойы ұрпақ тәрбиелеп, тіршілік еткен, қазақтарға дос, ұлттық сипаты мен бейнесі өзіндік кескінмен айқындалған этностардың бірегейінен саналады.

Қазақстан украиндері елімізде бір ғасырға жуық уақыт бойы ұрпақ тәрбиелеп, тіршілік еткен, қазақтарға дос, бауыр, туыс болып кеткен, діні бөлек болса да ділі жақын ұлттардың біріне айналған, ұлттық сипаты мен бейнесі өзіндік кескінмен айқындалған этностардың бірегейінен саналады.
Бүгінде Қазақстанда шамамен 450 мың (2004 жыл) украин ұлтының өкілдері тұрады. Кеңестік дәуірде Қазақстанда тұрушы украиндықтар саны әр кезеңде әртүрлі болып келді. Мәселен, 1926 ж. санақ бойынша Қазақстанда 1 млн мөлшерінде украиндықтар тұрған болса, 1939 ж. санақ бойынша олардың саны 658 мың болды. Ал 1999 ж. – 762,131 адамды құрады. 1979 ж. – 897,864 адамды, 1989 ж. – 895,964 адам болды. 2004 ж. 469,923 мың мөлшерінде болды. 1926-1939 ж.ж. аралығында Қазақстандағы украиндықтардың санының азаюын сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан (ату, түрмеге жабу, жер аудару т.б.) деп қарасақ 1950-1980 ж.ж. аралығындағы украиндықтар санының көбеюі тың және тыңайған жерлерді игеру ісімен байланысты болды. Тек 1953-1954 ж.ж. ғана Украинадан Қазақстанға тың көтеруге 80 мың қыздар мен жігіттер келді. 1955 ж. Тың көтерумен байланысты Қазақстанға 132 мың украин жастары келген болса, ал 1956 ж. оған қосымша 189 мың жастар келді. Сөйтіп,  Қазақстандағы украиндықтар саны А.С.Хрущевтің басшылығы кезінде шапшаң қарқынмен өскен болса, 1990 ж. бастап Украинаның өз алдына жеке мемлекет болуымен байланысты Украинаға көшіп кетуші украиндықтардың есебінен Қазақстанда тұрушы украин диаспорасының саны біршама қысқара бастады. 
Қазақстан даласына украиндықтардың алғаш қоныс тебуі патшалы Ресейдің, Қазақстан жерін жаулап ала бастауымен, орыс-украин шаруаларын қазақ даласына қоныс аударту туралы 1768 ж. Патша жарлығына байланысты іске асырыла бастаған еді. XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап Орынбор, Петропавл, Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Павлодар, Семей, Өскемен, Сергиополь, Қапал, Верный т.б. әскери бекеттері орнап, оны күзетуге Украина, Дон, Поволжье бойынан казак орыстар көшірілді. Сонымен бірге Украина мен Ресейдің орталық губернияларынан жерсіз шаруаларды Қазақстанның сулы, орман-тоғайлы, қара топырақты жерлеріне қоныс аудартуды қолға алынды. Бұл мәселе 1861 ж. Ресейде крепостнойлық правоның жойылуымен байланысты туындады. Оған қоса 1889 ж. патшалы Ресейдің орыс-украин шаруаларын Қазақстан мен Алтай-Сібір өлкелеріне көшіру жөнінде екінші рет Жарлығы шыққан еді. Сөйтіп, XIX ғасырдың аяғында Украинаның Полтава, Харьков, Тверь, Херсон, Екатеринбург, Киев губернияларынан Қазақстан даласына 800 мыңдай шаруалар көшірілді. Оған қоса 1920 ж. Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауымен байланысты жаңа темір жолдардың, шахта, фабрика, заводтардың салынуы, маман жұмысшы кадрларын қажет етті. Орталық Ресей қалаларынан 1920-30 ж.ж. Қазақстанға инженер-техниктер мен мұғалім, дәрігер, оқытушы-заңгер, партия, кеңес қызметтеріне оң мыңдаған орыс, украин азаматтары жіберілді. Сөйтіп 1930 ж. басында Қазақстандағы орыс, украин ұлт өкілдерінің саны 1,2-2 млн. жетті. 
Украин халқы ғасырлар бойы әлденеше қырғын соғыстарды бастан кешіріп келеді. Мәселен XI-XII ғ.ғ. украиндықтардың қыпшақтармен соғысы, XIII-XIV ғ.ғ. Алтын Орда хандықтарымен соғысы, XIV ғасырдың екінші жартысындағы Литвалықтармен, кейін Польшалықтармен соғысы, XVI-XVII ғ.ғ. орыс княздіктерімен Б.Хмельницкийдің соғысы, XVIII ғ. орыс-түрік соғысы, 1812 ж. Наполеон армиясымен орыс-украин соғысы, 1914-17 ж.ж. бірінші дүниежүзілік соғыс, 1941-1945 ж.ж. неміс-фашист басқыншыларымен болған Ұлы Отан соғысы украин халқына орасан зор ауыртпалықтар әкелді. Осы соғыстарда украин халқы орасан зор қырғындарды бастан кешіріп, өздерінің ерен ерліктерімен елін, жерін қорғап қалды. Кешегі Ұлы Отан соғысының ауыртпалық азабын бастан кешірмеген бірде-бір украин отбасы жоқ десе артық айтқандық болмас. Осы соғыста жүз мыңдаған украиндықтар ерлікпен қаза тапты. Он мыңдаған украиндықтар немістің концлагерлерінде азап шекті. Ол Отан соғысынан кейін Сталиндік репрессияға ұшыраған мыңдаған украиндықтар Колымада ауыр азапты жұмыс астында лагерде өмір өткізді. Олардың көбі бейбіт күнде ауыр азап шегіп өмірмен қоштасты. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында Украинада әке-шешелерінен айырылған мыңдаған жетім балалар Қазақстанға әкелініп балалар үйлеріне орналастырылды. Көптеген украиндық жетім балаларды қазақ семьялары бала қылып асырап алып азамат етіп өсірді. 
Украина жерін азат етуде 57 мың украиндықтар ерлікпен қаза тапты. Украина жерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуде ерлік көрсеткен 169 қазақстандықтар Кеңестер Одағының батыры атағына ие болды. Он мыңдай жауынгерлер ордендермен, медалдармен марапатталды. 1995 ж. Украина президенті Леонид Кучма өзінің Жарлығымен Украинаны азат етуші 15 мың қазақстандықтарды «Украинаны азат етудің 50 жылдығы» медалімен марапаттады. Марапатталғандар ішінде ҚР Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, Ұлы Отан соғысының Қазақстандық жауынгерлері: Валерий Борисович Гребень, Жакин Габбасович Сейталиев, Н.Н.Талмачев, С.А.Кулубеков, Абдугали Иборгимов, Онуфрий Климентьевич Слободянюк, Г.Н.Нафиков, А.В.Гришин, Н.А.Степанов т.б. бар. 
Украиндықтар да басқа славян халықтары сияқты христиан дінін ұстайды. Христиан діні үлкендердің шіркеулерде жиналып жаратушыға мінәжат жасауы арқылы іске асырылады. Ерте кезде әрбір славян жұртының үйінде иконаларды үйдің солтүстік бұрышына іліп қойып, таңертең және кешке Құдайдың суретіне шоқынып мінәжат жасауды дәстүр еткен. Бірақ кешегі Кеңестік дәуір кезінде дінге сенушілермен аяусыз күрес жүргізу салдарынан украин жастары Құдайға (иконға) табынуды қажет санамады. Ал Кеңес үкіметі шіркеулер мен монастырларды қиратып, дінді уағыздаушыларға қатты қысым жасады. Егемендік алумен байланысты соңғы 19-20 жыл ішінде украиндықтар да жұма күні шіркеулерге барып мінәжат жасап, пасха, рождество, ата-аналар күндерін атап өтуді біртіндеп марапаттап келеді. 1993 жылдан бастап Қазақстанның ірі қалаларында шіркеулер жанынан діни-жексенбілік мектептер ашыла бастады. Ата-аналары шіркеуге барғанда оқу жасындағы балаларын шіркеу жанындағы жексенбілік діни мектептерге апарып діни әдеттер мен ұлттық салт-дәстүрлерді үйрететін болып келеді. Павлодар қаласындағы діни жексенбілік мектептердің алты түлегі орта мектептерді бітіріп, жоғары оқу орындарында оқуларын жалғастырып студент болып жүр. Ал украин ұлттық мәдени орталығының жолдамасымен жексенбілік мектептің 3 түлегі Украина елінде жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырып жатыр.
1999 жылы елімізде облыстық украин ұлттық-мәдени орталықтарының бастамасы бойынша «Қазақстан украиндері» Қауымдастығы құрылды. Оны Украинаның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Украинаның 3 дәрежелі «Еңбегі үшін» орденімен, Украин Православ Шіркеуінің «Архистратиг Михаил» орденімен, Украинаның Министрлер Кабинетінің Құрмет грамотасымен марапатталған М.С. Парипса басқарады. 
Қазақстан Республикасының аумағында 500 мыңнан астам украиндер тұрады. 
Жалпы славяндық мейрамдармен қатар ұлттық мерекелер де дәстүрлі түрде аталып өтіле бастады – Т.Г. Шевченконың туған күні, Украина тәуелсіздігінің күні. Украин орталықтарының шығармашылық ұжымдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік және халықтық мейрамдарының құрметіне жүргізілетін шараларға тұрақты қатысып отырады. 
Алматы, Астана, Қарағанды қалаларындағы украин орталықтарында украин тіліндегі кітапханалар бар. Республикада украин гимназиясы, ұлттық қайта өрлеу мектептерінде украин бөлімдері, жексенбілік мектептер, факультативтер жұмыс істейді. 
Ассамблея желісі бойынша жыл сайын украин балаларының тобы Бурабайдағы «Балдәурен»  балалар лагерінде және Украинаның әсем жерлерінде демалады, онда балалар өздерінің ата-бабаларының этникалық отанымен танысу, украин тілін меңгеру тәжірибесін жетілдіру, өздерінің құрдастарымен танысу мүмкіндігіне ие болады. Тарихи Отанымен байланысты қолдай және ұлттық мәдениетті сақтай отырып, қауымдастық ұлтаралық келісім, бейбітшілік, достық және қазақстандықтар арасындағы өзара түсіністік мәселелеріне айрықша мән береді.
 
Бөлісу: