Қазақ пен түрікмен бауырлас халықтар

1 Наурыз 2014, 09:59

Бүгінгі қазақстандық түрікмен отбасында сол халықтың сан ғасырлар бойы жинақталған ұлттық әдет-ғұрпы қалыптасқан.

Бүгінгі қазақстандық түрікмен отбасында сол халықтың сан ғасырлар бойы жинақталған ұлттық әдет-ғұрпы қалыптасқан. Халыққа тән ізгілік, мейірімділік, әр адамнан тек жақсы мінез-құлықты күту дәстүрі түрікмендердің басты құндылығы. Түрікмен халқына ежелден тән достық, жайдарылық, бейбітшілік, қонақжайлылық секілді адам бойындағы игі қасиеттер олардың болмыс-бітімін айрықша етіп көрсетеді. Қазақ халқының ықылым заманнан бергі тұрағы – киіз үй түрікмендердің де тұрмыстық мұрасы. Түрікмендердің киіз үйінің ішкі мүліктерінің бәрі киізден, жүннен, бояу мен терілерден тұрады. Ұлттық ою-өрнектермен әшекейленген болып келеді. Бұл қазақтар мен түрікмендер арасындағы таусылмас ұқсастықтардың бастамасы ғана ма дерсіз. Себебі, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, тілі, діні, әдет-ғұрпы жағынан да екі ұлт арасындағы тығыз байланысты көруге болады. 
Түрікмендер көбінесе қызыл түсті жақсы көреді. Жас қыздардың, бойжеткендердің киімдері әр түрлі жіптермен ою-өрнек салып тігіледі. Түрікмендердің түсінігі бойынша қызыл түстің магиялық қасиеті бар, ол түрлі жамандықтардан қорғайды деген наным, сенім орнаған. Сонымен бірге қызыл түсті маталар тұрмыста қолдануда төзімділік танытады. Қызыл түс қуаныштың, бақыттылықтың белгісі болып саналған.
Қария түрікмен әйелдер қызыл түске көк, қоңыр түсті жіптерді қосып кестелеп шекіп көйлек, камзол киетін болған. Олардың қариялары мұндай камзолдарын әлі күнге дейін отырыстарға, жиындарға киіп, өзінің ұлттық болмысын ерекшелендіре түсетінін айта кету керек. Бұрын түрікмендер көк және жасыл түсті өрнектерді бояу үшін, бояу өндіру технологиясын жетілдіріп отырған.  Бояуды көбінесе анардың қабығынан немесе шайдың жапырағынан алатын болған. Түрікмен тоқымашылары 18 түрлі бояудың түрлерін қолданады. Неғұрлым бояу түрлері көбірек қолданылса соғұрлым тоқымалардың әдемілігі арта түскен. Тоқыма өнерінде олар крахмалды, таскөмірдің күлін де қолданған. Олар затқа әрі мықтылық, әрі әсемдік көрік береді. Маталардың ісіне де, судырына да тоқымашылар ерекше мән берген. Шағидың (кетени) алуан түрлерін жасап шығарған. Шағи көбінесе әйелдердің көйлегі мен орамалына қолданылған. Шағи шапанды еркек те, әйелдер де киетін болған. Түрлі жіптен тоқып балалар киімдерін, түскиіз, төсек жапқыштар жасаған. Кетениден (шағидан) жасаған көйлек келіндердің  сәнге киетін киімі ретінде күні бүгінге дейін күнделікті тұрмыста қолданылуда. Оны киген әйел сұлуланып қуанышқа бөлейді. 
Кетениден тоқылған кестелі көйлекті қолдан тоқып жасайды. Ол өте қиын, күрделі еңбек жұмсауды қажет етеді. Оны ескі бұл тоқитын «тара» атты қол станогымен тоқиды. Көйлектің жағасы, жеңі, етегіне түрлі өрнек салады. Кейде үш бұрышты шәлі тоқиды. Оның ұзындығы 3 метрге дейін жетеді. Ою-өрнектері қызыл, көк және ақ гүл суреттерінен тұрады. Өрнек салып тоқылған шәлі өте қымбат, бағалы тұрады. Тоқымашы-шеберлер өрнектің түзу шығуы үшін айнаға қарап отырып тоқиды.
Сондай-ақ түрікмендердің әйелдері тақия тоқумен де айналысады. Тақияларға өрнек салу Орталық Азия елдерінде б.з. VIII ғ. бері пайдаланылып келе жатқан өнер. Тақия тігу де үлкен шеберлікті қажет ететін мамандық. Орта Азия елдеріндегі халықтардың тақиялары өрнек ерекшелігімен көзге түседі. Мәселен Өзбек тақиясын тәжік немесе түрікмен тақиясынан ою үлгісіне қарап ажыратуға болады. Тақия дөңгелек, төрт немесе алты бұрышты биік немесе аласа болып келеді. 
Тақия біріншіден басты қатты ыстықтың өтуінен қорғаса, екіншіден әр елдің ұлттық ерекшеліктерін білдіреді. Үшіншіден бас киім басты сыртқы магиялық күштерден сақтайды деген сенім де болған. 
Мұсылмандарда бас киімді қадірлеп, төрге іліп қою, оны біреулерге бермеу осы діни сенімдерден туған.
Тақияны қымбат барқыттан, шұғадан, жібектен немесе сәтеннен, шыттан тігетін болған. Көбінесе қымбат және әдемі кетени материалынан тігу сән болған. Түрікмендер тақияны ертеде бөріктің ішінен киетін болған. Байка сияқты матадан ұл мен қызға қырқынан шыққаннан кейін тақия тігіп баланың басына кигізіп қояды. Еркектер шаштарын алып, тақияны тақыр басына киеді.    
 Түрікмендердің құрметті бас киімі қозы, тоқты терісінен (әдетте қаракөл теріден) тігілген бөрік болып саналады. Бөріксіз түрікменді көрмейсіз. 
Түрікменнің ұлттық костюмінде ұл бала мен қыз баланың киімдері ерекше белгілерімен көзге түседі.
Қыздар мен бойжеткен қалыңдық бастарына жұмсақ ашық түсті жібектен күміс жіптермен оюлап тіккен тақия киеді. Оның төбесінде кішкене гунбасы болады. Гунбаның басына (ертеректе) құстың қауырсынын қадаған. Ол қызды жамандықтан сақтайды деген ырымнан  туындаған дәстүр. Қыз тақиясындағы гүлдің суреті оның әдемілігінің және пәктігінің куәсі болып саналған. Ал басында мұндай тақиясы жоқ қызды абыройынан айырылған немесе күйеуден қайтып келген қыз ретінде санаған. Қыздар шашын тақияның астынан бұрымын төрт өрім етіп өретін болған. Оның екеуі кеудеде (алдыңғы жақта) ал екеуі артқы жақтан көрінген. 
Қыз күйеуге тигеннен кейін де өзінің қыз күніндегі киімін киіп тоздырған. Бірақ оның киімдерінің кейбір белгілері мысалы, қызыл тақия кимеу, қыз күніндегідей бұрымын төрт өрім өрмеу сақталған. Қыздар тұрмысқа шыққаннан кейін тақияны тастап, той кезінде басына киген «башсалманы» (орамалды) тартып жүретін болған. Қыздың бас киімін келін болып түскенде ауыстырудың белгілі мәні болған. Бұл рәсім салтанатты той кезінде, көңілді жағдайда, ойын-сауық үстінде іске асырылған. Қалыңдықты екі жақ болып тартысып жеңген жағы (әдетте жігіт жағы жеңеді) қалыңдықтың басына ала жіптен тоқылған жүгенді кигізеді де, күйеу жігіт оның бауынан (тізгінінен) үш рет тартады да, (ол келіншек күйеуге бағынсын дегені) тақияны түсіріп, жаулықты үлкен жеңгелері салады. Қыздың жанына еріп келген жолдас қыздары тақияны алғызбауға тырысады. Бұл жерде де жеңгелер жеңіске ие болады да қалыңдықтың басына үлкен ақ орамал кигізеді. Оны көп бала тапқан құрметті ана кигізеді. Ал тақияны қыздың сіңлісіне ырымдап береді. Бұл ырымдарда көзделетін мақсат қыз баланың ана болуы, үлкенді сыйлауы, руды жалғастырушы болуы. 
Тақияны тігу көп еңбектенуді, өнер шеберлігін көрсетуді қажет етеді. Оны кейде екі шебер қатар еңбектеніп бірлесіп тіксе, екіншісі өрнектеп, кестелейді. Кестелер де белгілі мақсат-мүддені білдіруге арналуы тиіс. Тақия өрнектері сан ғасыр өтсе де бүгінге дейін сақталып келе жатқан ұлттық өнер туындысы. Бұл әлденеше ғасырлар бойы өнер шеберлерінің қолынан өткен өнер туындысы екендігінің белгісі. Бірақ ою-өрнекті тігу технологиясы әртүрлі болып келеді. Бұны өнердің ұлттық шеберлігі деуге болады. 
Ерлер тақиясы әйелдер тақиясына қарағанда қарапайымдылығымен, бірізділігімен көзге түседі. Ол еркектің салиқалы, байсалды болуын көздеуден туған. Тақияны айнала өрнектеген көлденең сызықтар ол түрікмен жігіттерін бірлікшіл болуға үндейді. Сөйтіп оларды жауға бірлесе соққы беруге шақырады. Бас киімдегі өрнектердің мазмұны бай, бақытты, қуанышты, көп балалы болуды білдіреді. Осы ойдың бәрі кесте тілімен берілген. Түрікменнің әр ру, тайпаларының өзіне тән стиль (қолтаңба) талғам, ой-толғаныстары ою-өрнектермен берілген. Түрікмен шеберлері (қолөнер шеберлері) киім-кешектерді көбінесе күміспен көркемдеуге баса көңіл бөлген. Алтынды сирек қолданған. Біріншіден, күміс қолдануға икемді, майысқақ металл, екіншіден күміс жарқыраған пәктіктің, адалдықтың символы болып саналады. 
Соғыста түрікмен қыздары ерлермен бірге қолына қылыш, найза алып елін жаудан қорғасқан. Қылыштасуда еркектер басын дулығасы мен қалқаны (қорғаса, әйелдер дулыға орнына күнделікті тұрмыста киетін басында үкісі бар гунбаны киіп қорғаған. Қыздар кеудесіне қалқан, қолына темір білезікті шынтаққа дейін киген. Қыздар мен жігіттер соғыста киетін сауыттары күмістен жасалғандықтан онша ауыр емес, 1-5 кг дейін салмағы болған. Оның үстіне күміс қалқан жараланған адамға антисептикалық қызмет атқарған. Соғыста қатты терлегенде адам денесінен шығатын зиянды химиялық заттарды тазартып отыруға да күмістің пайдасы болған. Мұндай күміс қалқандарды зергерлер асқан шеберлікпен, асықпай істеген. Бір қалқанды істеуге жарты жылдан бір жылға дейін уақыт кеткен.
Түрікмендерде әшекей заттарды жасауда белгілі ырымдар көзделеді. Мысалы, ақ және қара сымдарды айқастырып бұрау жаман көзден сақтайды деп ырымдаған. Сондай-ақ күміске алтынды жалату немесе қойдың тоң майы мен балды араластырып беру арқылы жастардың өмірі сәтті және тәтті болады деп ырымдаған. Бүгінде жас жұбайлар неке сарайына барғанда қалыңдық пен күйеуге осындай аралас тағамды ұсыну арқылы олардың некелесуінің бақытты болуын тілеген.
Немесе жас балаларға алтын жалатқан күміс түйреуіш ұсынып, олардың тіл-көзден аман болуын тілеген. (Бұл әсіресе жаңа еңбектеп жүрген нәрестелерге кеудеше кигізіп соған түйреуіш түйреген). 
Түрікмендер арғымақ атын ерекше құрметтеген. Оны туған бауырынан кем санамай, соғыста жанын сақтайтын құдірет санаған. Ертоқымға піл сүйегін қыстыру арқылы аттың жорықта жеңіске жеткізуін тілеген.
Түрікмендер ішекті ұлттық аспап дутарда ойнап күй тартқан. Түндік атты музыкалық аспапта әдемі дауысты созып айтатын жыр орындауға мән берген. Немесе Амударияның орта ағысында шығатын най-қамыстан түндікті даярлауда ішек тағады. Дутар жасаушы ұста тек ағаш шебері ғана емес, оның дауысын да қалыпқа келтіретін музыкант болуы керек.
Тарихи материалдарға талдау жасап қарасақ отбасын құрудың, ерлі-зайыпты некелік қарым-қатынас орнатудың әр дәуірге байланысты өзіндік тарихы бар. Семья қоғамдаса тіршілік етудің алғашқы формасы. Ерлі-зайыптылардың некелесіп бірге өмір сүруі қоғамдық заңдармен, оның ішінде діни заңдармен байланысты туып өрбіген. 
Семьялық қарым-қатынасты реттеуде мемлекеттік заңның түрлерімен бірге түрлі діндер ережелері де қолданыста қызмет етті. Мәселен зороастризм діні кезінде некелік қатынасты дін заңы қатты қолдады. 
Алғашқы қоғамдағы адамдардың арасында көп некелік қатынастың болуы, кейін жеке меншіктік қарым-қатынаспен байланысты бір некелік қатынастың орнауына экономикалық заңдылық үстемдік етіп келген. Мәселен феодалдық қоғамда бай-ауқатты адамдардың екі-үш немесе одан да көп әйелге ие болуы, тіпті ертеде хандардың жаулап алған елдердің бәрінен ұнаған қыздарды меншіктеп ала беруі бұған дәлел. Мәселен Қырым хандығы кезінде Сәлімгерей жаулап алған елдерден жинаған әйелдері  500-ге жеткен. Оларды бір жерде асырап-сақтап гарем ұйымдастырған. Шығыс-түркі елдерінде де хандар мен батырлардың, билердің бірнеше әйелге ие болуы заңды саналған. Ерлі-зайыптылардың отбасын құруы-некелесуі қалыңмал беріп әйелді сатып алуға негізделген. Әр әйелге балалары өскен соң жеке мал-мүлік, жер беріп бөлек ауыл етіп шығарып отырған. 
Көп әйел алудың бұл түрін ғылымда эндогамалық некелесу деп атайды. Түркі тілдес халықтардың тіршілігі жермен байланысты болғандықтан әр балаға мал, жер бөліп беруге экономикалық-тұрмыстық жағдай қолайлы бола бермеген. Біріншіден бай адамдар басқа рулармен құдаласса мал-мүлкі басқаларға кетіп қалатын болғандықтан руластар өзара құда болып қалың малды аз төлеуге және мүліктің ру иелігінен басқа жаққа кетіп қалмауын есеп қылған. Екіншіден кедей адамдар басқа рудан қалың беріп әйел алуға тұрмыс ахуалы көтермейтін болғандықтан ағайындас адамдар өзара аздаған мал-мүлік беріп құдаласатын болған. Жалпы шығыста әйел қауымы басқа ру-тайпаның адамы болып саналған. Ағайынды екі қыздан туғандар өзара (бөлелер) некелесе берген. Себебі мұсылмандарда туыстық әке жағы бойынша есептелген. Бұл да дүние-мүліктің басқа тайпа-руға кетпеуін есептеуден туған. Сөйтіп ана жағынан туыс ерлер бір-бірінің қызын ала берген. Жақын адамдардың бір-бірімен некелесуін арабтар арқылы Орта Азия елдеріне тараған мұсылман діні де қуаттайды. Мәселен, арабтар бір емшекті ембесе ерлі-зайыпты бола беруге болады деп уағыздайды. Көптеген зерттеушілер көп әйел алушылыққа қалың мал себеп болды дегенді айтады. Шариғат заңы тұрмыс заңына бағынғандықтан кедейліктің азабын тартқан арабтар мұсылман діні бойынша некелесу заңын осылайша өмірге икемдеп шығарған. Тіпті Қазан төңкерісіне дейінгі кедей түрікмендер 35-40 жасқа келгенше мал-мүлкі болмағандықтан үйлене алмай байларға ұзақ уақыт жалданып, мал табудың қарекетін жасаған.
Мұсылман заңы әйелдердің ерлеріне адал, берілген болуын қуаттайды. Ерлі-зайыптылар арасындағы адалдықты дін жолымен қатаң сақтауды түрікмендер қыз баланың санасына жастайынан сіңірген. Еріне адалдық жасамаған әйелдерді шариғат заңы бойынша «талақ» етіп халық алдында масқаралау өте сирек құбылыс саналған. Сондықтан да Кеңестік дәуірге дейін (XX ғ. басына дейін) түрікмен отбасында айырылысу деген болмаған. 
Ағайын-туыстар бірлесе ауыл болып 120-130 адам бірлесіп еңбек етіп мал бағып, егін салып тіршілік еткен. Көшпелі ауылдар жеке-жеке шағын-шағын болып көшіп-қонып жүріп мал өсірген. Оның себебі табиғаты қатаң, өзен-суы, көгалды-шалғынды жері өте аз түрікмен даласында шағын ауылдардың көшіп-қонып тіршілік етуіне тура келеді. 
Түрікмендер баланың көп болуын қалаған. Себебі ауыр тұрмысты жеңу үшін семьяда еңбекке жарайтын жандардың көп болуын қажетсінді. 
Отбасында баланың көп болуымен байланысты олардың ауруы да жиі кездесті. Ауыр тұрмыс, азық-түліктің, түрлі витаминдердің жетіспеуі бала өлімін көбейтті. 10-ға толғанға шейін табиғи електен өткізудің салдарынан өліп-өліп, дендеру саулары ғана ерлер қатарында санатқа енетін болған.
Жастар кішкентайынан еңбекке шынығып, табиғаттың қатаң құбылысына төзе білген, мал бағуға, аң аулауға, ат құлағында ойнауға, мергендікке бейімделе тәрбиеленген. Жастардың өнерге бейімділігі түрлі жарыстарда (күресте, атыста, көкпар, аударыста) сыналып көзге түскендерді ең батыр мерген деп марапаттайтын болды. Әлеуметтік-тұрмыстық, некелік-семьялық қарым-қатынаста түрлі сындардан өтіп шыңдалған азаматтар діни-рухани жағынан да марапатталып, оларға арнап өлең-жыр, мақал-мәтелдер шығарған. Сөйтіп, жастар әрі еңбекте, әрі тұрмыстық қарым-қатынаста шыңдалып өскен.
Жерге деген қоғамдық иелік және жастайынан әдет заңымен шыңдалып өскен жастар отбасы, ата-баба рухын, елін-жерін қорғауға әрқашанда дайын болған.
Ал жерге ру-тайпа, қоғам болып иелік ететін болғандықтан сол жердің де, ру-тайпаның да иесі ру ақсақалдары, хандар болып саналған. Олар өз қармағындағы елдің де, жердің де, жер бетіндегі орман, су, аң т.б. байлықтың да ортақ иесі болып саналған. 
Түрікмендердің ойын-сауығы ат ойындарынсыз өтпейді. Жарыс, алтын қабақ ату, аң аулау істерінің бәрінде арнайы жаратқан, үйретілген аттарды пайдаланады. Түрікмен қыз-келіншектері жігіттермен бірдей ат құлағында ойнайды. Оғыз-түрікмен аттарының ерекше қасиеттері Орхон-Енисей жазба ескерткіштері «Тоныкөк» және Көрұғлы, Қорқыт жырларында жақсы сипатталған. Мәселен Қытайдың көне тарихшысы Сым-Цянь өзінің «Тарихи жазбаларында» түрікмен-оғыздары туралы былай дейді: «Жас балалар ат құлағында ойнай жүріп, ат үстінен садақпен құстар мен қояндарды атып алады. Ал еркектері қасқыр, қарсақ, түлкілерді т.б. жыртқыш аңдарды аулайды. Жәй уақытта олар мал баға жүріп кездескен аңды садақпен атып ала береді. Ал соғыс басталған жағдайда әр жігіт әскери өнерге үйреніп жаттығады. Бұл қасиет оларға туа біткен».
Түрікменнің ат бапкерлері өз ісіне өте жауапкершілікпен қарайды. Олардың бойында атты бағушылық, атқа жақсы отырушылық, ат жаратып баптаушылық, жылқы малының қасиетін мүсініне қарап байқап-сынаушылық қасиеттердің бәрі жинақталған. Олар малдың ауруын да таба және емдей білетін зоотехник-ветеринар. Ат сынай білу өнерінің сырын түрікмендер жасырын ұстаған. Оған жылқы малын өте жақсы көретін, оны жастайынан бағып-қағып, бақылауға үйренген жастарды тәрбиелеген. Ал бапкерлік өнері атадан балаға мұра ретінде берілген. Атты баптау оны жемдеумен, азықтандыру ісімен тығыз байланысты іске асырылады. Мәселен ат 6 айда 3 кезеңнен өтеді. Оны баптаушы әуелі аяңдатып, кейін желіп, шоқрақ шабыспен үйретіп 25 шақырым жерді жүріп өтеді. Кейін 2-6  кезеңдерде әр қашықтық 3-4 шақырымнан қосылып отырады. Түрікмен аттары иесіне өте берілген, оны иіскеп білетін, жоқ болса кісінеп іздейтін болады. Олардың әдемі мүсіндерін өлең-жыр дастандарға, әндерге қосып жырлаған. Арғымақтарға арнап күйлер шығарған. Осындай тамаша жыр «Гөрұғлының» арғымағын суреттеуі, немесе «Горкут ата» (Қорқыт ата) жырында оның астындағы тұлпарын сипаттауынан көруге болады. «Тұлпарға қорқақ отыра алмас», «Ат ердің салмағына сыншы», «Жылқы малы өрістегі жайылымды таңдап тани біледі», т.б. жылқы қасиеттерін бейнелейтін мақал-мәтелдер де түрікмен халқында көптеп кездеседі.
Отбасы – түрікмен  үшін қасиетті жер саналады. Ғасырлар бойы түрікмендер адамның туып дүниеге келуі (шілдехана, тұсау кесу, атқа міну, мектепке бару т.б.) мен байланысты және үйлену тойы, бірлесіп отауға үй салып беру (оны ұмай немесе қосын деп атайды) адамның 63-ке – пайғамбар жасына келуі, өлікті жөнелту (үші, жетісі, қырқы, жылы т.б.) бейіт көтеру, ата-бабаларды еске түсіру т.б. ойын-тоймен, қайғылы оқиғаларға ел-жұрт, ағайын болып бірлесіп өткізген. 
Түрікмендер өлең-жырды, өлікті жоқтауды, беташар, тойбастар жырларымен бірге бұрынғы дастандарды ойын-тойларда айтуды, ақсақалдардың өсиет сөздерін еске түсіруді де ұмытпайды. 
Халықтың қуаныш сезімі ұлттық киім үлгілерінен, отбасы ырымдарынан, өмірге деген философиялық ой тұжырымдарынан (мақал-мәтелдер мен терме, толғаулардан) беріліп байқалып отырылады. Түрікмендерге тән ашық көңілділік, достық кеңпейілділік, бейбіт өмір сүру және басқалардың ырымдары мен жол-жора, наным-сенімдеріне төзімділікпен қарау.
Түрікмендердің жалпы халықтық та, отбасылық та дәстүрлі мейрамдары бар. Көпшілік мейрамдар дінмен байланысты. Мәселен Құрбан айт, Ораза айт. Жаңа жылды – Наурызды тойлау мұсылман елдерінің бәріне тән мейрамдар. Сонымен бірге отбасылық мейрамдар да бар. Олар баланың дүниеге келуіне арналған шілдехана тойы, жаңа қонысқа көшу (там тойы) теңіз жағалауындағы түрікмендер қайық тойын жасайды. Ол жаңа қайық сатып алғанда немесе қолдан қайық жасап суға түсіргенде тойланады. 
Осы тойларда башылардың (бақсы) жыр айтуы дәстүрге саналған. Бақсы немесе жыршылар отбасы өмірінен бастап, қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің бәрін өлеңмен жырлап өткен. 
Ұлттық ойындар халықтық мейрамдарда, жиын-тойларда марапатталған. Ойын түрлерімен балалар да, үлкендер де айналысқан. Мәселен асық ойнымен көбінесе балалар айналысты. Асықты қысты күні үлкендер де ермек еткен. Мысалы «Хан» ойнау. 
Ал ат ойындары (жарыс, көкпар, қыз қуу т.б.) күрес, садақ тарту, жамбы ату бүкілхалықтық мейрамдарда өткізілген. 
Жыл мерзіміне байланысты (көшерлік, ерулік, қыстама т.б.) егін жинау (сабан тойы), төл алу (уыз тойы) т.б. тойлар белгілі маусымдық жұмыс түрлерімен байланысты өткізілген. Сол сияқты сехерлі күн (сәтті күн: 7, 14, 2 немесе сәрсенбі), сехтесіз күндер (жұма күні жорыққа, жолға шықпау т.б.) деп аталып өтіп отырылатын болған. 
Түркі тілдес халықтарға ортақ ат ойындары көп. Соның ішінде түрікмендерде ерекше құрметтелетін ат ойындары «көкпар», аударыспақ (атлы береш), «Алтын габақ» (теңге ату) ату, телпек алу (тенге алу) т.б. Бұл ойындарға жастарды атқа шебер отыру, төзімділік, күш сынасу, ептілік т.б. өнерлерді ұштауға үйрету көзделеді. 
Түрікмендерде де қазақ халқының бүркітпен, ителгімен аң аулау өнері бар. Аңшылар бүркіттің балапанын құз жартастың арасынан алады. Ұяда екі балапан болса бірін алып, ал біреу-ақ болса алмай тастап кетеді. Себебі ол құстың тұқымының өсуін сақтағандық болып саналады. Балапандардың еркек, ұрғашы екенін ұрғашыларының алақанының жалпақтығынан айырады. Аң аулауға әдетте ұрғашы бүркіт ыңғайлы (қыран) келеді. Жас балапан бүркітті баптап үйретуге жарты жыл кетеді. Бүркітпен аңға таңертең ерте, немесе түс қайта, салқын түскенде шығады. Бүркіт күн ыстықта аңға түспейді. Бүркіт аспанға қалықтап, биіктеп көтеріледі де жердегі аңға бірден шүйлігеді. Аспанда ұсақ құстарды (үйрек, қаз, кекілік т.б.) тез бірден алады. Жердегі суыр, түлкі, қарсақ, қасқыр сияқты аңдарға түседі. Бүркіт сағатына 80 шақырым жылдамдықпен ұшады. Бүркіт төзімділігімен бірге, өте бірбеткей, аңға түсуге өте дәлдікті қажет етеді. Бүркіттің басқа аңдардан гөрі қоянға түсуі қиындау. Себебі, қоянның інге тез кіріп кетуі мүмкін. Бірақ іннен итпен бірге бүркіт те қарауылдап қоянды аңдиды. Тазы аңға өте икемді ит тұқымы. Түрікменнің тазысы мен бүркітінің қоянды аңдып тұрған бейнесі кілемде сурет бейнесінде салынған. 8-9 жыл тазы ит бүркітпен бірге аң аулауға салынады. Бүркіттің аң аулауы 35-40 жылға созылады. 
 
Бөлісу: