«Достық Үйіндегі» достық ілтипат

1 Наурыз 2014, 09:58

Кешті жүргізуші Орыс, славян және казактар орталығының төраға орынбасары А.П.Чесноковтің кіріспе баяндамасынан кейін, Қазақстандағы дүнген этномәдени орталығының төрағасы А.В.Войнце құттықтау сөзін жолдады.

2012 жылдың 26 тамызында Конституция күнінің аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бойынша Алматы қалысының «Достық үйі» этносаралық қатынастар проблемаларын зерттеу орталығындағы Орыс, славян, казактар орталығы мен Қазақстандағы дүнген этномәдени орталығы бірлестікте ұйымдастырған дүнген ұлтының тұңғыш Олимпиада чемпиондары Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаны құрметтеуге арналған салтанатты концерт өтті. Кешті жүргізуші Орыс, славян және казактар орталығының төраға орынбасары А.П.Чесноковтің кіріспе баяндамасынан кейін, Қазақстандағы дүнген этномәдени орталығының төрағасы А.В.Войнце құттықтау сөзін жолдады.
 
Ұлықтау шарасына Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезамен бірге олардың жаттықтырушысы Алексей Ни қатысты. Дүнген ұлтының қуанышын бөліскен Қазақстанның барлық ұлттар өкілдері, атап айтқанда − кәріс, қырғыз, ұйғыр, түрік, орыс, армян және т.б. халықтар өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Кештің соңында дүнген композиторы Қамалов Әділдің екі жеңімпазға арналған мадақтау әнінің тұсаукесері болып өтті. Автор: «Олар, дүнген ұлтының ғана емес, Қазақстанның және бүкіл мұсылман халықтарының мақтанышына айналған қыздар» деп, әннің қайырмасында көрініс тапқан «Чиншанло, Манеза» деген жолдары арқылы өзінің ілтипатын білдірді. 
 
Жеңімпаздардың тренері Алексей Ни: «Лондоннан келгенімізге жиырма күн болды. Осы уақытқа дейін Қазақстанның көптеген жерлерінде қонақ болып, құттықтау концерттерді тамашаладық. Солардың ішінде бүгінгі әуескерлікпен қойылған концерттің орны ерекше екенін» атап өтіп, дән ризашылығын білдірді.
 
Бұл концертте қырғыз халқының ұлттық аспабы қомыздың сүйемелдеуімен «Қайдасың» деген қырғыздың халық әнін анасы Жібек Әділханмен бірге шырқаған Тілек Сұлтан, Қазақстанның көк байрағы Лондон Олимпиадасында көкке көтеріліп, қазақ халқының атын асқақтатқан Зүлфия мен Майяны мақтан тұтатынын айтып: «Қазақ елі қай тұрғыдан алғанда да өте бай және бақытты халық. Бұл жерде қазақтармен бірге тұрып жатқан басқа да халықтардың Олимпиада жеңісімен бірге мәдениеті, дәстүрі баршамызға ортақ екенін байқаймыз. Мұндай бірлік пен ынтымақтастықтың арқасында келешекте біз көптеген жеңістерге жетеміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз болашақта бұдан да биік асуларды бағындырамыз» деп айтпақшы, биікке көтерілер шыңымыз әлі алда деп ойлаймын. Қазақстан көпұлтты мемлекет екенімізді бүгінгі біздің олимпиада чемпиондары дәлелдей түскендей болды. Бұл кездесуде Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаға құрмет көрсетіп, сый-сияпатымызды беріп, өнерлерімізбен бөлісіп отырмыз. Олардың ерлігі мына біз, жастар үшін үлкен үлгі. Олимпиада шыңынан көрінген чемпиондарымыз − Серік Сапиев, Илья Ильин, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, Светлана Подобедова және ортамызда отырған Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаның жетістігімен мақтан етеміз. Қазақстан жұртшылығында мұндай жеңістер көп болса екен деп тілеймін» − деп, жымия күлді. 
 
Лондонның айбынды әлемдік аренасында биік деңгейде шеберлік танытып, абыроймен қайтқан спорт саңлақтарымыз Егемен елімізге, туған жерімізге деген теңдесі жоқ бақыт сыйлады. Келешектегі Олимпиадаларда  Қазақстан мемлекетінің көк байрағы биікке асқақтай түсіп, қазақ әнұранының шырқалуы жалғасын тауып, әрқашан алаш жұртшылығының мәртебесі жоғары, мерейі үстем болсын демекпіз!  
 
Айнұр Қазтуғанова, 
М.О.Әуезов атындағы 
Әдебиет және өнер институты
 
Бөлісу: