... тарихи-мәдени мұраға бай, халықтық элементтері мен санғасырлық ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын өз дәрежесінде сақтап қалған, ата салтының мол қазынасын дәріптей білген ұлт ретінде қадірлі.
Қазақстанға тарихи депортация кезінде қоныс аударған коре сарам корейлері бүгінде өзіндік тарихи-мәдени мұраға бай, халықтық элементтері мен санғасырлық ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын өз дәрежесінде сақтап қалған, ата салтының мол қазынасын дәріптей білген ұлт ретінде қадірлі.
Қазақстандағы корейлер христиан дінін ұстанады. Ал негізінен корей ұлтының көп бөлігі будда дінінің өкілдері. Ежелгі дәуірде корейлер шаман дінін ұстанып, табиғат құдіретіне табынған. III-IV ғасырларда Кореяға будда діні таралып, орта ғасырларда Конфуцийшілдік күшті ықпал еткен. XIX ғасырда Кореяға христиан діні де енді. Бірақ ол кең тарай алмады. Корейлердің отбасы әдетте көп балалы болып келеді. Баланың дүниеге келуін үлкен мереке етіп тойлайды. Тұрмыстың ауырлығынан балалар нәресте кезінде көп шетіней берген. Осындай кесапаттан сақтау үшін балаларға түрліше ырымдар жасауды әдетке айналдырған. Мәселен, ерте кезде ер баланың бірнеше есімі болған. Егер бала ауқатты отбасынан шыққан болса жақсы аттар қоятын болған. (Маржан, Әселе, Айдаһар т.б.). Ал егер шаруа адамының баласы болса – Шошқа, Бақа, Ит т.б. деп қойылған. Баланың есімі неғұрлым тұрпайы болса, соғұрлым оның өмірі жеңіл болады деген түсінік орнаған. Бұл баланы көз тиюден сақтайды деген түсініктен туған. Кейде ер балаға қыз баланың атын берушілік те болған. Кейінде нәрестенің сырт бейнесіне, мінезіне қарай лайықты есімдер берген. Мысалы бүркіт – батылдық бейнесі. Шелпек – жалпақ бет бала. Бала осылайша уақытша аттарды пайдаланып келіп, кейін кәмелетке толғанда тиісті құжат алу кезінде тұрақты атқа ие болады. Дәстүр бойынша немерелердің есімін ата тегіне қарай оның атасы қоятын болған. Осылайша ата текке байланысты аттар онша көп болмай корей халқында Цой, Пак, Ким, Ли деген аттар бүкіл ру, тайпалардың балаларына ортақ ат болып тараған. Бұл халықта тек аттан бұрын келеді. Корейлерде әйелдердің ресми немесе күйеуге тигеннен кейін күйеуінің тегімен аталған. Корей халқында баласы жоқтар өз туыстарының баласын асырап алатын болған. Асырап алған бала ата-аналарына адал қызмет етуге міндетті саналған. Корей халқында үш мерекені атап өту заң саналған. Ол біріншіден баланың туған күні; екіншісі – үйлену тойы; үшіншісі – мүшел тойы (алпысқа келуі). Үйлену тойы міндетті түрде сенбі, жексенбі күндері өткізіледі. Корейлердің салты бойынша ұзатылған қызды оның шешесі күйеу жігіттің қолына өзі әкеп береді. Қалыңдық бұған үнсіз көнуге тиіс. Келін күні бұрын дайындалып қойылған айнаны жігіттің шешесіне береді. Жігіттің шешесі оны күріш салған қаптың ішіне тығады. Бұл ырым келін мен ененің тату болуын, ас-суға иелік етуін меңзеу. Ал келінді үйге кіргізгенде оның жолына ақ мата жайып, үстіне күріш төгеді. Ол келіннің жолы ақ және ырзықты болсын деген тілекті білдіру. Бір жағынан қазақ халқының қызын ұзатып шығарып салғандағы алдына ақ мата төсеуі екі халық арасындағы үндестікті көрсетіп тұрғандай. Корейлердің дәстүрі бойынша келін түскеннен кейінгі үшінші күні үй шаруасымен айналысып, өзінің не нәрсеге бейім екендігін байқатуы тиіс. Сонымен қатар, корей халқында алпыс жасқа толған азаматтың мүшел тойын салтанатпен атап өту, оған ағайын-туыстардың көп қаржы жинап беріп, тойды өткізісуі заң болған. Сол қаржымен бақытты қарттықты өткіз деген ырым. Қаржы жинаудың екінші жағы да бар. Ол адамға «Сен көп жасадың ендігі жерде өмірің осымен бітті» дегенді сездіріп, онымен қоштасуы екен. Бұл халықта да өлген адамды жоқтау салты бар. Егер үй иесі қайтыс болса, еркек туыстары оң жаққа, әйелдер сол жаққа отырады. Әйелі, үлкен ұлы басқа балалары етпетінен жатып жылайды. Ал өлген адамды екі күн түнетіп, үшінші күні сағат 2-де шығарады да қайтыс болған адамға тиесілі зат, киім-кешектері түгелдей зират басында өртелінеді. Өлікті үйден жеті тесігі бар тақтай астаушаға салып басын оңтүстікке қаратып шығарады. Өлікті жерлеудің де үш түрлі жолы бар. Жерге жерлеу, ауада жерлеу, мәйітті өртеп жіберу. Бұрынғы уақытта будда тақуаларын кременацияда өртейтін болған. Тақуа адам өлсе оның денесін бос жерге ешқандай әдет-ғұрыпсыз өртейтін болған. Ал дәулеттілер дүние салса, олардың күлін тамаққа араластырып, құстарға жем ретінде ауаға шашатын болған. Кедейлер қайтыс болса үйдің жанына үстіне сабан жауып әркім үйінен ескі киімдер әкеліп жауып мәйітті соған орап денесін алыстау жерге апарып үстіне сабан жауып өртейтін болған.
Корей халқында кейбір мейрамдарды жыл мезгіліне, шаруашылыққа байланысты өткізген. Соның ішінде жаңа жыл салтанатын өткізуге ерекше көңіл бөлген. Олар жаңа жылды қалай көңілді өткізсең, жаңа егіннің өнімі де мол болады деп есептеген.
Көктемнің басы мен егін салу кезін де көңілді өткізген. Ал егін жинау орақ басталу кезінде жаңа егіннің өнімінен түрлі тағам даярлап ұлттық ойындар мен той өткізуді дәстүр еткен.
Корейліктердің ежелгі наным-сенімдерінің бірі Алтай мен Сібірден неолит кезеңінде келушілер алып келген шаманизм. Шаманизмнің біраз өзгерген түрі бүгінгі күнге дейін сақталып қалған. Қазіргі Кореяда бірнеше ондаған мың мудан-шамандар бар.
Досизм де Кореяда ежелгі заманда пайда болған. Бірақ бұл діни-дүниетанымдық ағым айқын ұйымдастырылып рәсімделген жоқ, сонда да оның әсері күні бүгінге дейін тән мен жанның саулығы, мәңгі өмірге ұмтылыс, ұзақ өмір мен бақыт тілеуде байқалады. Қазақстандағы корей диаспорасының басқа этностардан айырмашылығы өздерінің тарихи отанына көшіп кетушілердің жоқтығы болып табылады. Жас корейліктердің аз бөлігі ғана Корея Республикасына оқуға немесе жұмыс істеуге уақытша кетіп жатыр. Ал тұрақты өмір сүруге тек қана бірнеше ондаған адамдар кетіп жатыр.
Корейліктер балалардың өмірінің басталуын, оның бір жасқа толу жасын есептейді. Осы кезден бастап қана бала толыққанды адам болып есептеледі. Балалардың әрқайсысының бір жасқа толуын міндетті түрде атап өту керек, егер атап өтілмесе, онда ержеткенде баланың үйлену тойын, мерейтойын және т.б. тойларын атап өтуге болмайды. Сондықтан да ата-аналар балаларының бір жасын атап өтуге тырысады.
Қазақстандық корейлер де корейліктер де олардың ата-бабалары сияқты некеге тұруға ерекше мән береді. Бұл адамның өміріндегі төрт басты оқиғаның бірі және салтанатты түрде өткізіліп, оған барлық руластарының назары аударылады. Неке алдында құда түсу рәсімі өтеді. Күйеу жігіт руластарының ішіндегі үлкендері – әкесі, үлкен ағасы, кейбір жағдайда ғана күйеу жігіттің анасы құда бола алады. Қалыңдықтың ата-анасының келісімін, екі жақ ченчи – некелестіру рәсімін өткізуге келіседі, некелесуді толығымен күйеу жігіт қаржыландырады, бірақ ол қалыңдықтың үйінде өтеді. Ченчи рәсіміне күйеу жігіт пен қалыңдықтың жақын туыстары мен достары шақырылады. Қалыңдықтың туыстарына ерлі-зайыптылар арасындағы адалдықтың белгісі ретінде – қаз, күріштің желімді сортынан жасалған ерекше нан – чалпыпэги, сонымен қатар ақ күріш шелпектер – тимпени ұсыну міндетті болып есептеледі.
Корейлер отбасындағы қарт адамдарды құрметтеп, балалары олардың мерейтойларын тойлайды. Соның ішінде ең маңыздысы балалардың ата-анасының 61 жасқа толу мерейтойын тойлауы болып табылады. Бұл мерейтой егер отбасындағы балалардың барлығы ер жетіп, отбасын құрып, олардың тойлары жасалып, отбасында ешқандай қайғылы жағдай болмаса ғана тойланады. Егер ондай болмаса, мерейтой кейінге қалдырылып 2, 4, 6 жылдан кейін тойланады. Корейліктердің дәстүрлі тағамдары өсімдік тағамдар – жарма мен көкөністен жасалған тағамдар басым болып табылады. Корейліктердің тағамдары Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азияның көптеген басқа халықтары сияқты күріш басым өнімді құрайды, күріштен (пап, паби) буға тұзсыз пісірілген ботқалар пісіріледі.