Қазақстанда тұратын түрік ұлты өздерінің мәдени құндылықтарын барынша сақтауда. Еліміздегі түріктердің дерлік барлығы қазақ тілін меңгерген, орыс тілінде де сөйлейді. Қазақ, орыс мектептері мен түрік лицейлерінде білім алады. Жалпы түрік тілі – көне жазбалы тіл, ескі атауы – Осман тілі. Оңтүстік-батыс тобының оғыз бұтағын құрайтын түрікмен, азербайжан, гагауз тілдерімен бірге түркі тілдеріне жатады. Түркия Мемлекеті мен Кипр түрік республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Түрік тілі диалект сөздердің көп болуымен ерекшеленеді. Ататүріктің бастамасымен "Түрік лингвистикалық қоғамы" құрылған. Түрік тілін жаппай оқып-үйрену және жетілдіру қоғамның басты мақсатына айналды. Араб жазуынан латын әліпбиіне көшті. Түрік тіліндегі парсы және арабтың кірме сөздерін жоюмен айналысты. Реформаторлар түрік сөздерін жергілікті лексикадан, туыс тілдерден іздестірді, сондай-ақ ұмыт болған көнерген сөздерді жаңғырту арқылы, орхон, ұйғыр, т.б. көне жазба ескерткіштеріндегі сөздерді пайдалану тәсілімен де баламалар тапты. Кейбірі өздері неологизмдер енгізді.
Қазақстанның кең байтақ жері ауылшаруашылық жұмыстармен айналысуға өте қолайлы болғандықтан, түріктер көп салалы шаруашылық, егіншілік және мал шаруашылығымен де қатар айналысады. Қолөнер саласы түріктер арасында аса дамыған. Дәстүрлі қолөнердің ішінен түрік жұрты тоқыма тоқу, жіп иіру мен тері өңдеудің шеберлері. Кілем тоқу өнері ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Халықаралық көрмеде түрік кілемдері ұдайы жоғары бағаланады. Қой жүнінен, ангор ешкісінің жүнінен, жібектен тоқылатын кілемнің караман, кула, гердес, кютахья, кайсери, конья деп аталатын түрлері бар.
Қазақстандағы ұлттардың көбі тандыр пешін қолданады. Тандырға нан пісіреді, сондай-ақ, жағдайы нашар отбасылар тамақты да тандырда пісіреді. Кейбір түріктер тандыр орнына тұтқасы бар үш аяқты темір пеш мангалды пайдаланады. Қазақстанда тұратын түріктер үйлерін тастан қаласа, кейбіреулері кәдімгідей кірпіштен қалайды Ағаштан «кулюбе» деген үй, ал шамасы келетіндер «ханай» деп аталатын екі қабатты үйлер салады. Әлді-ауқатты отбасылар әйелдерге бөлек, ерлерге бөлек бөлмелер салады. Оны түрік тілінде «селямлық харем» деп атайды.
Түрік отбасында еңбек бөлісі қатал сақталады. Ерлер сырттағы егіс, бау бақша, малдың жұмыстарымен айналысса, қыз келіншектер тамақ жасау, кір жуу, үй тазалау т.б үй шаруаларын тындырады. 13 жасқа толғанша қыз балалар бала бағу, ас пісіру, кір жуу, жіп иіру, тоқыма, тігіншілік өнері істерін толықтай меңгеріп, атқара алуға тиіс.
Түрік ұлтының азаматы Ахмет Аляз мырзаның көмегімен елімізде еларалық «ZAMAN-Қазақстан» еркін газеті пайда болды. Екі ел арасында келісімшарттарға қол қойылып, үкіметтік қаулы қабылданған соң, қаңтар айынан бастап газет таратыла бастады. Ызғарлы желтоқсан аяқталып, Қазақстан тәуелсіз деп аталғаннан бір ай, бір күн өткенде шыққан бұл газет сегіз беттен тұрған. Алғашқы төрт беті қазақ тілінде болса, қалған парақтары түрік тілінде жазылды. Түрік тіліндегі мәтін Түркияда дайындалып, Әзірбайжан арқылы Қазақстанға жеткізілініп отырған. 1992 жылдың жазында Түркиядан Әли Байрам басшылық жасаған журналистер қауымы келіп жұмыс істей бастады.
Газет 1993 жылдың тамыз айында жұмысын уақытша тоқтатып, 1994 жылы қайта жарыққа шығады. Бас редактор қызметін Болат Бодаубайұлы басқарады. Газет үлкен сұранысқа ие болады, алайда 1998 жылғы әлемдік дағдарыс салдарынан Түркия экономикасы құлдырап редакция жұмысын тағы да уақытша жабудан басқа айла қалмайды. 1998 жылғы әлемдік дағдарысқа байланысты Түркия экономикалық қиындыққа ұшырап, 2000 жылдың қаңтарына дейін тағы да жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Аталмыш уақытқа дейін «ZAMAN-Қазақстан» деп аталып келген газет, «Қазақстан-ZAMAN» деп атауын өзгертті. Қайта жарық көрген газеттің Бас редактор қызметін бастапқы кезде Жұмабай Шаштайұлы, кейін Марат Тоқашбаев басқарған. 2002 жылдан бастап газет қабырғасынан балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналы ашылды. Бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беретін, жақсылыққа жол сілтейтін журнал беттерінде қазақтың ұлттық мүддесі, діні, тілі, тарихы кеңінен қозғалды. Қазақ оқырмандары түрік тілін түсінбегендіктен және журнал бетінің аздығынан түрік тілінде жазылатын журнал беттері бөлек бөлініп шығады. Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды Түркия жұртшылығы «Қазақстан-ZAMAN» арқылы біліп отырады. Қазіргі таңда миллионға жуық таралымы бар Түркиядағы «ZAMAN» газетімен бірлесіп «Қазақстан» деген арнайы қосымша газет шықты.
Түрік ұлтының әйелдері ұзын көйлек киіп, голошо деп аталатын орамал тартып жүреді. Тіпті ыстық күннің өзінде денесін жасырып тұратын ұзын шапандар, ал еркек адамдары шалбар мен ұзын жейде, бастарына тақия киеді.
Қазақстандағы түрік диаспорасына Түркия үкіметі тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отырады. «Мико» ұлттық театры құрылып, түрік ұлтының мәдени және рухани дәстүрлерінің дамуына өз септігін тигізді.
«Ахыска» түріктерінің ішінен шыққан жазушылар мен ақындардың кітаптарын шығаруға және көбейтуге Түркия үкіметі тарапынан жан-жақты қаржылық көмек көрсетіледі. Алматы облысының Қарасай ауданында шамамен он алты мың түрік тұрады. Қарасай аудандық түрік мәдени орталығын заңгер, ҚР адвокаттар Одағының мүшесі Камилов Илимдар Әлиұлы басқарады. Жергілікті түрік диаспорасының мүшелері түрлі фестивальдар, көрмелер, жарыстар, концерттер, спорт жарыстарын т.б үнемі өткізіп отырады. Қарасай ауданында халық аспаптары ансамблі мен ұлттық би топтары жұмыс істейді. Ауданда қазақтар мен түріктерден басқа ұлт өкілдерінің балалары баратын жексенбілік үш мектепте түрік тілі оқытылса, бес мектепте түрік тілінен факультативтік сабақтар өткізіледі. Еліміздегі түрік жұртшылығы «Біз — қазақстандық түріктерміз», «Еске алу күні», «Қазақстан халқының біртұтас отбасында», «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» сияқты түрлі фестивальдерді өткізіп тұрады. Халықаралық турнирлер мен қоғамдық саяси акцияларға белсене қатысып, белсенділік танытады.
Қазақстанда өмір сүретін ұлттардың елімізге жасаған әрбір жақсылығы баска да ұлттарға жасалған ілтипат болып саналады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.