Поляктардың мәдени құндылықтары

1 Наурыз 2014, 10:40

Қазақстанда тұратын 120-дан аса ұлт өкілдерінің өздеріне тән тілі, діні, мәдениеті, киім үлгісі және өнері бар.

Қазақстанда тұратын 120-дан аса ұлт өкілдерінің өздеріне тән тілі, діні, мәдениеті, киім үлгісі және өнері бар. Поляк халқының мәдениеті жылдар бойы қалыптасып келді.  Қазақстанға жер аударылған поляк халқының өмір салты қазақ мәдениетімен байытылды. Поляк мәдениетінде адамның өмірге келуі, шоқындырылу, есею, қартаю сатылары қамтылады. Өзіндік ерекшелігімен еуропалық мәдениеттің құрамдас бөлігі болып саналады. Олар үйлену тойын өткізуді және жерлеу рәсімдерінің өту барысын үйренді. Білімді болуға, оқуға құштар болды. Алайда кеңес үкіметі кезіндегі тежеулер олардың жоғарғы шенде отыруларына кедергі келтірді. Поляк ұлтының өкілдері арасынан шыққан ғылым докторлары мен кандидаттарының салыстырмалы түрде аз болуы осының айғағы.  
Діни ұстанымдары – негізінен католиктер, сонымен қатар протестанттық тармақты ұстанушылары  да бар. Поляктар бастан кешкен қиындықтарына қарамастан өз діндерін берік сақтап қалған. Олар өздерімен бірге дұғалық кітаптарын алып жүреді, жастарды дұға оқуға үйретеді, шіркеулік әндер айтып, дұғалардың мәтіндерін көшіріп жазады. Көптеген поляктардың үйінде, әсіресе ауылдық жерлерде Құдай Ананың бейнесі ілініп тұрады. Балаларды шоқындыру, тазарту, неке қию дәстүрлері қайта жанданып келеді. Католик шіркеулерінде приходтықтар костелдер құрылысына қатысып қана қоймай, оларды безендірумен, қажетті заттармен қамтамасыз етумен айналысады, құдайға құлшылық ету үшін кітаптар мен киімдер, литургиялық заттарды сатып алады, шелпек пісіреді және т.б. 1996 жылы Қазақстанда және Орта Азияда 50-ден аса приход тіркелген болатын.
Қазақстандық поляктардың көбі Украина және Белоруссия жақтардан қоныс аударғандықтан киім-кешектерінде сол ұлттардың киім үлгісінен көрініс алады. Киімдері негізгі жүн, зығыр, кендір талшығынан тігілетіндіктен сапалы, әрі көбіне ашық түсті келеді. Әйелдері кең, бүрмелі, жолақты немесе гүлді юбка не көйлек киеді. Оның сыртынан алтын және күміс түсті зермен көмкеріліп, әшекейленген корсаж киеді. Алжапқыштары да негізінен ашық түсті болып келеді. Баскиім ретінде дала гүлдерінен гүлтәж өріп немесе орамал тағады. Аяқкиімдері баулы, түсі қызыл былғарыдан тігіледі. Киімдерімен қоса моншақтың түр-түрін таққанды жандары сүйеді.  Поляк ерлері жолақ немесе бір түсті шалбарды қонышы биік қызыл немесе қара түсті етікке салып киеді. Жеңі кең, жағалы жейде, оның сыртынан әр түрлі жилет, көк түсті кафтан, ал бастарына конфедератка киеді.
Қазақстандық поляктар өнерлерімен де адамды тәнті ете алады. Ұлт арасында қолөнер кеңінен дамыған. Олар тоқымашылық, тігіншілік,құмырашылық, ағаш ою т.б. қолөнерінің шеберлері. Жазба әдебиет пен ауыз әдебиеті тұрмыстық өлеңдер, аңыз-әңгімелер мен ертегі, т.б. мәліметтерге бай.
Поляк тілі  үнді еуропа семьясы, славян тобының батыс славяндық бөліміне жатады. Әдеби тілі ұлы поляктық, кіші поляктық және кейіннен мазовецтік говорлар негізінде қалыптасқан. Әдеби тілдің ежелгі поляк тілі – 1500 ж. дейін, орта-поляк – 16–18 ғасырлардың екінші жартысы, жаңа поляк – 18 ғасырдың екінші жартысынан бастап анағұрлым дамыған кезеңдер болып саналады. Поляк жазуы латын алфавитіне негізделген. Ежелгі жазба ескерткіштеріне XIV ғасырдың ортасындағы –  Свентокшийлік өсиеттер жатады. Қазақстандағы поляктардың көбісі орыс тілінде сөйлейді. 
«Сұлу қыз» әнін ең алғаш орындаған қазағымыздың мақтанышы, жезтаңдай әнші, марқұм Роза Бағланова, ал  1960 жылдардан бастап қазақтың халық әндерін насихаттап келген «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшесі қазақ өнерінің аты сөнбес жұлдызы, марқұм Бақытжан Жұмаділов орындаған болатын. Алайда көбісі «Сұлу қызды» қазақтың халық әні деп ойлайды, шын мәнінде ол поляктардың халық әні екенін біреуі білсе, біреуі біле бермейді.
Қазақтың қара топырағында тұрып жатқан ұлттардың мәдени құндылығы біздің де құндылық, әрі қарай жалғасын табатын тарих екенін ұмытпайық.  
 
Бөлісу: