Қазақстандағы ұйғыр аспапты музыка мәдениеті

1 Наурыз 2014, 10:38

Ұйғыр этносының бірнеше мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар музыка өнерінің бастаулары тарих қойнауында жатқаны анық.

Ұйғыр этносының бірнеше мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар музыка өнерінің бастаулары тарих қойнауында жатқаны анық. Сол себепті бұл – өзіндік ерекшелігін сақтай отырып дамыған, қалыптасқан, шеберлік қырлары айқын, орындаушылық мектебі бар өнер саласы санатында десек қателеспейміз.
Қазақстанның ұйғыр музыкалық мәдениеті Шыңжаң аймағындағыдай бай аспаптылығымен әрі әуендерінің иірімділігімен ерекшеленеді. Бүгінгі күнге дейін бұл халықтың тұрмыстық салт-жоралғылар болсын, ән мен поэзия кештері болсын кең танымалдық алған аспаптарының қатысуынсыз, олардың сүйемелдеусіз, жалпы музыкасыз өтпейді. Тіптен әуесқой музыка мамандары кәсіби өнер шеберлерімен қатар осындай кештерге арнайы шақырылады [1]. Саз бен әуен бұл халықтың дәстүрінде бөлшектенуге келмейтін мәнді өнер түрі болып табылады. 
Кеңестік заманның ірі ғалымы, фольклортанушы, Орталық Азия мен шетелдік Шығыс елдерінің музыкасын зерттеуші В.М.Беляев «Түрікмен музыкасы» атты еңбегінде ұйғыр музыкасын «Орталық Азия әуезінің бастауының бірі» деп атаған [1, 32 б.]. Өзімен түбі бір тектес өзбек, тәжік, әзербайжан сияқты ұйғыр мәдениетін де халықтық және халықтық-кәсіби сияқты екі бағыттағы өнер түрлері өзгешелендіреді. Бұл екі бағыт та өзінің биік деңгейіне әу замандарда-ақ жеткен. Халықтық, яки әуесқой музыка өнері негізінен ауылды аймақтарда қалыптасуын жалғастырып жүргенде (тұрмыстық атауы «декхан»), халықтық-кәсіби музыкасы мәдени мәні мен мазмұны жағынан ортағасырлық мәдениеттен бастау алатын қалаларда кеңінен өріс алған. Задында халықтық-кәсіби музыканың дәстүрлері жалпы халықтық өнерге әсер ете отырып, бүгінгі күнге дейін қаз қалпында сақталып келгенін ел жадысының мықтылығы мен салт-дәстүрлердің берік ұстануынан екенін айтқан дұрыс. 
Жалпы ұйғыр әндері – осы кезге дейін арнайы зерттелмеген нысандардың қатарында. Жарық көрген көптеген жинақтарда кездесетін кемшіліктердің себебін де осы мәселенің аз зертттелуімен байланыстыруға болады [2]. Бұл жинақтарда әндер тек түрі мен сыртқы қалыбы жағынан қарастырылып, берілген. Осындай немқұрайлылықпен «формальды» қарастырылған әндердерден көбіне-көп тек лирикалық жанрдағы туындылар енгізіліп, жалпы жанр жағынан топтастырылып, бір жүйеге түсіріле берілмегендігіне қоса, әуендердің жоғарғы дыбыстық биіктілігі нақты шегенделіп белгіленіп тіркелмей енгізілген. Бұл кемшін тұстарды зерделеуді болашақ күннің үлесіне қалдыра тұрайық...
Негізінде қазіргі күннің музыкатанушылары үшін халықтық-кәсіби өнер мен фольклордың арақатынасы, олардың өзара әрекеттесуі әлі күнге дейін көкейтесті мәселе болып келеді. Бұл халықтық мәдениет түрі тұрмыстық жанрлардың, оның арасында әндер мен билердің де өзіндік жүйелерін қалыптастырған. Ал фольклор үлгілері атадан-балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауызша түрде жеткізіліп отырған [3]. Мұндай ауқымды тақырыпты кішігірім мақалада қарастырып тауысу мүмкін еместігі айқын. Дегенмен, шамамыз келгенше музыкалық фольклордың кейбір мәселелері турасында, анықтап айтқанда, аспаптық қырлары туралы бірер ауыз сөз айтуды жөн көрдік. 
Ұйғыр музыка өнері өзінің даму жолында өзіне ғана тән көркемдік дәстүр түрлерін, сонымен қатар, орындаушылық шеберлігін үйренуде ерекше әдістерді қалыптастыра алды. Осы түрлерді қатарында өзінің әуезді, иірімі күрделі, сұлу сырлы дыбыстардан тұратын «мұқамдар» мәні мен мағынасы, мазмұны мен түрінің жинақтылығы жағынан жетілген өнер түрі ретінде қабылдануға ылайық [4]. Ұйғыр әндерінің ең басты ерекшелігі олардың халықтық, ұлттық мінез-құлықты аша алуында болса керек. Өйткені, бұл өнер түрі елдің тұрмысымен, ішкі жан-дүниесімен рухани тығыз байланыста. Әріде сөзбен, әуенмен жеткізе алмаған тұстарында ұлттық сана айтар сөзін бимен де беріп отыратындығы – оның жалпы музыкамен ішкі үйлесімділігін көрсететін қасиеттің бірі. Әуендік әркелкілігімен ерекшеленетін Қазақстандағы ұйғыр халық әндерін екі топқа бөле қарастыруға болады:
1. Аспаптық қосылусыз (аспапсыз): а) жеке дауысты орындауда; ә) хормен бірнеше дауыстың орындауында. 
2. Халықтық аспаптың, немесе бірнеше аспаптардың, я болмаса оркестрдің сүйемелдеуімен орындалатын әндер. 
Осындағы аспаптың сүйемелдеуімен орындалатын әндер ерекше назар аудартады. ШҰАР-да да Қазақстанда да ең көп аккомпонемент жасайтын аспап хордофон тобындағы «тамбир» болп табылады. Бұл халық орындаушыларының арасында «ең негізгі аспап» ретінде танылып, қадірленеді. Сонымен қатар ұйғыр халық әндері равап, гиджак және дутардың да сүйемелденуінде орындалады. Дутар да – халық арасында кеңінен танылып, қолданылған аспаптың бірі («мужчины и женщины, старые и молодые, все любят играть на дутаре» ).
Қазақстан ұйғырларының халықтық өнерінде халықтық-кәсіби әнші-импровизаторлардың шығармашылығы ерекше мәнге ие. Үлкен маңызды межедегі бұл өнер иелерінің орындауындағы халықтық қарапайым әуендердің өзі, тіпті кейде, музыкалық жүйесі мен желісі күрделі түрге айналып кететін тұстары да жоқ емес. Импровизаторлардың дарыны мен музыкалық фольклордың машық-дағдыларын терең игерген халықтық-кәсіби әншілер халық арасында кеңінен тараған әндерді орындауда оларды халықтық-кәсіби деңгейге дейін жеткізе алады. Бұған олар жекелеген қысқа әуендік айналымдарды түрлентіп қайталаумен, ритмикалық құрылымын күрделендірумен әрі қайырмаларды сөз бен өлең жолдарының арасына қосу арқылы жасалатын, кеңейтілген өлең жолдарын енгізіп қолдану арқылы қол жеткізеді. Соның нәтижесінде туындының әуендік құрылымы бірнеше «элементтік», бір сөзбен айтқанда бірнеше «бөлшектерге» бөлінеді. 
Отанымыздағы ұйғыр музыка өнерінде бұрыннан-ақ аспаптық орындаушылықтың ұжымдық түрлері қалыптасқан. Бұл орындалып отырған көркем дүниенің жанрымен тікелей байланысты. Ансамбльдерде аталған аспаптардың барлығына қоса «чанг» аспабын да кездестіруге болады. Ал «калун» атты аспап сирек қолданылады. «Сатар» кәсіби музыканттардың аспаптары ретінде танылған. Өйткені, бұл аспаптар орындаушылық шеберліктері шыңдалған музыканттардың қолдарында ғана өзінің бар сұлулығымен ашылып көріне алмақ. Айта кетер жайт, соңғы аталған аспаптар Шыңжаң өлкесінде ұйғырлардың тұрмысында аса көп қолданылмайды. 
Ұйғыр халық музыкасы талданған ғылыми еңбектер жоқтың қасы, оның үстіне олар көбінесе қытай, араб, ағылшын, неміс, түрік тілдерінде жазылған. Дәстүрлі ұйғыр мәдениеті көптеген музыка зерттеушілерінің қызығушылығын оятқан. Олардың арасында Т.Алибакиева, В.Беляев, А.Бурханов, Т.Вызго, С.Кибирова, К.Қожамияров, Р.Хасанов, Р.Хашимов сияқты музыка зерттеушілері бар. Қазіргі кездегі этно музыкадағы қолданып жүрген әдістер ұйғыр халқының аспаптарын кеңірек зерттеуге және салыстырмалық талдау жасауға жол ашты. Музыкалық аспаптарды жасалған материалына қарап жіктейтін көне қытай классификациясы бойынша талдап, қарастырған тиімді (метал, ағаш, тас, тері, жібек, т.б.). 
ХІ ғасырдағы ғұлама Авиценна жүйесі бойынша аспаптар ішекті, үрмелі және ұрмалы болып бөлінеді. Музыка зерттеушілерінің пікірінше В.Маийонның жіктеуі тиімді, сол себепті ол бәріне ортақ. Аспаптанушы ғалым В.Маийон аспаптың басты ерекшелігін – оның дыбыс шығаруына қатысты деп таниды. Оның өзі дүние жүзіндегі аспаптарды толық жіктеуге мүмкіндік бермейді. Осы жіктеудің негізінде Э.М. Хорнбостэль мен К. Закстің жіктеуі пайда болды. Мұндағы басты айырмашылық музыкалық аспаптардың 4 топқа бөлінуі болып табылады [1]: 
1. Идиофондар – дыбыс шығару аспаптың жасалу материалына байланысты. 
2. Мембрафондар – дыбыс шығару негізі тартулы мембрамаға қатысты. 
3. Хордофондар – дыбыс шығару негізгі ішекке қатысты. 
4. Аэрофондар – дыбыс шығару негізгі ауаға қатысты. 
Осы жіктеуге сүйене отырып, ұйғыр халқының ұлттық аспаптарын былайша жіктеуге болады: 
1. Идиофондар – сапай, джупташ, чакча, кошук, чау-чак. 
2. Мембрафондар – дан, награ, думбак, тевилваз. 
3. Хорофондар – дутар, тамбир, равап, калун, кашкар равап, долан равап, бас равап, гыржак, сатар, хуштар, бас хуштар, чанг. 
4. Аэрофондар – най, кошнай, сурнай, карнай.
Ал ішекті аспаптар арасында ең көп тарағандар – дутар, тамбир, гыржак, сатар. 
Дутар жалпы ең кең тараған аспап саналады. Кеудесі алмұрт тәріздес формаға 13-20 перне тағылған ұзын мойынымен жалғасады. Жібектен не ішектен жасалатын 2 ішектен тұрады. Құлақ күйі квартамен, кейде квинта бұрауымен келтіріледі. Дутардың негізінде прима, альт, бас және контра бас дутарлар жасалып, халық аспаптар оркестрінің құрамына енгізілген. 
Тамбир – кеуде бөлігі 2 бөліктен тұрады: 1-басы алмұрт пішіндес келген және ұзын мойнында ладтар байланған тұт ағашынан жасалды. Бұған 5 темір ішек тағылады. 
Гирджак – кеудесі жарты шар тәріздес келіп, жіңішке мойынға жалғасады. Алғашында 2 ішек болған. Кейіннен 4 ішек пайдаланылып жүр. 1 темір ішек, үшеуі жай ішектен жасалады.
Сатар – көп тарамаған. Себебі ойнау кезінде музыканттан асқан шеберлікті талап етеді. Ішектер саны 9-дан 13 дейін, ішектері сымнан тұрады.
Жоғарыда аталған аспаптар жеке өнер көрсетуде де, сүйемелдеуде де, әрі ансамбльдік орындауларда да қолданысқа ие. Бұдан да басқа Орта Азияда көп тарамаса да ШҰАР елінде кең өріс алған аспаптар бар. Мысалы, Калун –ішектері сымнан тартылған кеудесі тұт ағашынан жасалады. 
Чанг – формасы жағынан трапецияға ұқсас жайпақ қорап, ішектері сымнан тартылған. Кеудесі (корпус) тұт ағашынан жасалады. Жалпы хордафондарды былайша бірнеше топқа бөлуге болады:
1. Ұрмалы (ішектерге таяқшалар ұру арқылы дыбыс шығару) – чанг, калун;
2. Ысқы (смычок) (яғни ысқы не қияқ арқылы дыбыс шығару) – гырджак, сатар, дутар, раван, тамбир; 
3. Ішекті (оң қол саусақтары мен немесе плектор арқылы дыбыс шығару). 
Ал енді аспаптардың өзіндік ерекшелігі туралы бірер сөз айта кетейік: 
Қалун
1. а) Жай хордофон; б) Дыбыс шығару жолы – плекторлы ұрмалы. 
2.Мамандар арасында калунды атақты 7 оқымыстысы Абу Насыр Мұхаммед Фараби кезеңінде ойлап тапқан, деген пікір бар. Ішектерінің орнына сым тартылған – 38 ішектен тұрады. (1-жалғыз ішектен, ал қалғандары жұптастырып тартылған, сонымен қатар 16, 18, 24 тіпті 40 ішекке дейін барады. Аспаптың ұзындығы бір жағынан – 50 см, ал екінші жағынан – 87 см). Ені – 45 см, биіктігі – 15 см. Бұл – көне ШҰАР ұйғырларының аспабы. Құлақ бұрауы диатоникалық диапазонды – 2 октава, кіші октаваның «си»-нен бірінші октаваның «до» дыбысына дейін, ойнау тәсілі саусақтармен немесе «нахунмен», кейде тұт ағашының (бамбук) таяқшасымен ойналады. 
Ұйғыр ұлттық халық аспаптарының ішінде көп бөлігін хордафондар құрайды. Олардың түрлері, формалары, құрылымдары (жай және құрама) және дыбыс шығару жолдары өзіндік ерекшеліктерімен, әрі әркелкілігімен таң қалдырады.
Хордафондар тек қана ШҰАР ұйғырларында немесе Орта Азияда тұратын ұйғырларда ғана емес, сонымен қатар басқа да Шығыс елдерінде жиі кездеседі. Бірақ салыстырмалы талдау барысында кейбір аспаптардың ұқсастығы мен айырмашылықтарын айқын байқауға болады. Ол ерекшеліктер елдің дәстүріне, тұратын мекеніне тікелей байланысты. Тіпті кейде айырмашылықтары жер мен көктей болуы да мүмкін. Аттары мен ішек сандары ұқсайды. Айырмашылығы тек қана түрі мен аспаптың жасалу тәсілінде ғана емес, сонымен қатар орындалуы, яки репертуары, сосын ойлау тәсілінде болуы мүмкін. 
Талдауды келесі жүйемен жүргізсек... 
1. Азияда тұратын ұйғыр халқының аспаптарымен салыстырып мінездеме беру. 
2. ШҰАР музыкалық аспаптарын Орталық Азия аспаптарымен салыстыру (Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан).
3. ШҰАР музыкалық аспаптарын Таяу Шығыс елдерінің аспаптары мен салыстыру. 
Чанг – Орталық Азия ұйғырларында және өзбек, тәжік, грузин елдерінде кездеседі. Таяу Шығыста «ченг» деген атпен аталады.
1. ШҰАР еліндегі чанг аспабының Қазақстандағы ұйғыр халқының чанг аспабынан айырмашылығы жоқ. 
2. Өзбек және тәжік халқының «чанг» аспабы «ченг» аспабынан айырмашылығы бар. 
Тәжірбиеде – чанг – кобуз, чанг-ковуз темир, чанг-кобуз. 
Көбінесе әйелдер ойнайды. Бұл аспапта, әндер мен билердің әуендері ойналған. Қазіргі кезде Өзбекстан мен Тәжікстанда сирек кездеседі. 
Равап
1. ШҰАР ұйғырларының «равап» аспабы Орталық Азия елдеріндегі ұйғырлардың «равапынан» айырмашылығы жоқ, тек қана аталуы «равап» және «лавабо», «рабоб». 
2. Рабоб өзбек музыкаларында кездеседі. Ұқсас аспап тәжіктерде де бар. 
Тамбир
1. ШҰАР ұйғырларының аспабы. Орталық Азиядағы ұйғыр халқының аспабынан тек атауында ғана ерешелік бар. Орталық Азия оны «тамбур» деп атайды. 
2. Тамбур – Орталық Азия мен Шығыс елдерінде жиі кездеседі. 
3. Тәжік музыка мәдениетінде – «тамбур», өзбек мәдениетінде «тамбур», араб, индия, афган елдерінде – «тампур», «тамбур» атымен белгілі. 
Туыстас аспап – индиялық тамбур: 
Ұқсас аспап түрікшеде кездесіп, оны «тамбурек» деп атайды. 
Гирджак
1. Орталық Азия ұйғырларында «геджак» және «гыджак» деп атайды.  
2. Бақсылардың арасында көп тараған. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, түрікмендік «гиджак» мыңдаған жыл бұрын болған. 
3. ХІ ғасырда Махмұд Қашқари сөздігінде «гиджакий «кобуз» деп аталады. Қазақтар «қобыз», өзбек және қарақалпақ елін «кобуз» дағыстандықтар «кумуз», қырғыздар «қияқ», тувалықтар – «бызанчы», болгарлар «гусле» деп атайды. 
Сатар
1. ШҰАР елдері мен Орталық Азия  ұйғырларында кездеседі. 
2. Өзбектерде – «сато» деп аталады. Өзбекстанда ішектің санына, тамбурға ұқсас. 
Ұлттық ұғымын әуенмен жеткізе білген ұйғыр халқының аспаптық ерекшеліктері осындай. Аспабына байланысты әуендік өзгешелігімен, оған қоса, мінездік өрнегін жоғалтпай, сақтап келе жатқан елдің арасында қолданысқа ие ұлттық аспаптар Қазастанда болсын, ШҰАР ұйғырларында болсын, Таяу Шығыс пен Орталық Азия аймақтарында болсын, өзіндік мәні бар, кеңінен таралуына мүмкіндігі мол аспаптар ретінде танылуына ылайық. Этномәдениеттің дамуымен қатар, жалпы ұйғыр халқының ерекшелігін танытуға атсалысатын саланың бірі де – музыка өнері мен ұлттық аспаптары болып табылса керек.
 
Домуллаева Х.И. 
 
 
Әдебиеттер:
 
1. Кибирова С. Автореферат «Уйгурский музыкальные ниструменты в традиционной культуре». – Ленинград, 1989. 
2. Алибакиева Т. «Уйгурские исторические песни». Москва, 1986.
3. Кирина. К. К.Кужамьяров. – Москва, 1980.
4. Алибакиева Т. К вопросу о связи уйгурской народной и профессиональной музыки устной традиции // Актуальные проблемы советского уйгуроведения. – Алма-Ата, 1979.
 
 
 
 
Бөлісу: