Болашағы жарқын Бэлла

1 Наурыз 2014, 11:35

«Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» Бұл - 2012 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған пікір.

«Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» Бұл - 2012 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған пікір. Соның көрінісі ретінде жас жеткіншектер де спортпен айналысып, оң нәтижелер көрсетіп жатқаны белгілі. 
 
9 жасар Бэлла Самашеваның жаттығу залында күнде 2 сағат уақытын каратэ қимылдарын үйренуге, қабілетін шыңдауға жұмсайды. Осы спорт түрінің 4 әдісін жетік меңгерген Бэлла - каратэден жасыл белбеудің иегері атанып үлгерді. Осы орайда, Бэлла Самашева алдағы мақсаттары жайында былай дейді: «Мен болашақта көптеген жарыстарға қатысып, үлкен жаттықтырушы болғым келеді. Барлық жарыстарда бірінші орынды иемденуді армандаймын. Қазақстанның атын шығарғым келеді».
 
  Бэлла - спорт пен оқуды қатар меңгеріп жүрген үздік оқушы. Оның анасы Гүлназия Болатқызының айтуынша, Бэлланың спортқа бейімділігі 2-3 жасынан-ақ көрінген екен. Бүлдіршін қыздың жылдам қимыл-қозғалысы мен жаттығу жасаудағы икемділігі оны каратэні тез үйренуге ықпал етті. Басында Гүлназия қызының нәзік жандыларға тән мамандыққа жақын болып өскенін қалаған. Алайда, ол тұңғышының талпынысын, қабілетін байқап, таңдаған жолына кедергі болмайды. «Алғашында жаттығу залына еріп келіп, қиналып қалмай ма деп қызыма алаңдайтынмын. Кейін өзі жаттығу залына асығып тұратын болды. «Баламды медресеге біл деп бердім шен алсын шекпен алсын деп бермедім» дегендей, мен баламды жүлде бәйгеге қосайын деген емеспін. Үйде ақылдасып, өзін-өзі қорғану үшін бердік. Енді жақсы көрсеткіштеріне қуанып жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Әрі қарай дами берсін деймін» - дейді Бэлланың анасы Гүлназия Болатқызы.
 
Жас спортшының каратэны жанына серік еткеніне төрт жылдың жүзі. Ол осы уақыт аралығында талай белесті бағындырып үлгерді. Екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған Бэлла Самашева жуырда каратэдан Еуразия Алтын кубогын иеленді. Үстіміздегі жылы ол Токиода өтетін Әлем чемпионатына аттанбақшы. Қаршадай қызды жеңіске жетелеп жүрген жеке бапкері Рауан Тоғызбаев шәкіртінің болашағына сеніммен қарайды. «Бэлла ол – алғашқы жаттығудан бастап, басқа оқушылардан ерекшеленіп жүрген болатын. Өзі таланты бар, спортқа бейім. Айтқанды ұқыпты жасап, әрбір жаттығуына, жаттығуда әрбір минутына дейін үлкен ықыласпен, үлкен мейіріммен қарап, дайындалуда. Болашақта Бэлла тек әлем чемпионатын ғана ұтып қоймай, Азия, Олимпиада ойындарында Қазақстанға тек пайда әкелетін спортшы ретінде көрем» - деп ойын білдіреді бапкері Рауан Тоғызбаев.
 
Айзат Меңдешева
 
Бөлісу: