Өзге ұлттар жақын, алыс болашағын болжап, алдына мақсатты түрде жоспар құрып жатса, біздің қазақ бүгінгі күнмен ғана күнелтеді. Олай дейтініміз, «Болашақтағы өміріңізді қалай елестетесіз?»
Өзге ұлттар жақын, алыс болашағын болжап, алдына мақсатты түрде жоспар құрып жатса, біздің қазақ бүгінгі күнмен ғана күнелтеді. Олай дейтініміз, «Болашақтағы өміріңізді қалай елестетесіз?» – деген сауалға жастардың көбісі «Ол кезде кім бар, кім жоқ», – деп жауап береді екен. Жалпы, бұл болашағына деген сенімсіздіктен тумаса керек. Себебі кез келген кейуана елінің тыныштығы мен ұрпағының амандығын тілеумен жүретіні ақиқат. Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы туралы сөз еткелі отырғанда бұл сөзімізге не жорық дерсіз, бәлкім. Адам өз өмірінде маңызды шешімдерге бару кезінде көп ойланып, мың толғанатын сәттері болатыны белгілі. Ал бүтін мемлекетті басқару кезінде қабылданатын ірі-ірі саяси шешімдерге барудың қаншалықты қиын екенін ішіңіз сезіп отырған болар. Үлкен мінберден көкейде жүрген ой көмбесін ақтарар сөз естігенде «көрегенділік емей немене» деп, бас шайқап, таңдай қағысып қоямыз. Ал үлкен ой айтудың астарында дарындылық пен біліктілікті, білімділік пен парасаттылықты қажет ететін қарым-қабілет жатқанына аса мән бере қоймайтынымыз жасырын емес. Қалай десек те, қоғамда қордаланған кез келген мәселеге зиялы қауым өкілі атсалысып, пікір айтып отыруы қажет-ақ. Ал бұл бүгінгі таңда қаншалықты жүзеге асуда? Қоғамдағы ойшылдықты зиялы қауым өкілдері еншілей алып жүр ме? Осы жайына аз-кем тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз.
Елбасының Жолдауда айтылған: «Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие. 2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс. Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек», – деген сөзі зиялы қауым өкілдерінің ел ішіндегі орнын айшықтап бергендей болды. Дегенмен, бұл мәселенің ең үлкен мінберден айтылуы тегін емес еді деп ойлаймыз. Себебі қазақ қоғамы зиялылар қажеттілігін сезінуде. Ал интеллигенция халықтың көкейіндегісін дөп басып, дәл тауып айтуы тиіс десек, мұнда үлкен ойшылдықтың қажеттілігі айқын байқалады. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі таңда қазақ ойшылдығы өз биігіне көтеріле алмай отырған сыңайлы. Олай деуімізге үш себеп бар. Бұл әрине, өзіміздің жеке пікіріміз.
Біріншіден, қарапайым халық ойшылдықтан гөрі көңіл көтеретін той-томалақ, эстрадалық концерттерге баруды қолай көреді. Кез келген ғылыми іс-шаралар, конференциялар тек ғалымдар арасында ғана сөз етіліп, сол сала мамандары ғана өзара пікір алмасады. Бұндай жиындарды телеарналар түсіріп, халыққа ұсынғанымен, көрерменнің басым көпшілігі басқа арнаға ауысып, өзінің күнделікті телехикаясын немесе шоу-бағдарламаларды көреді. Себебі қара халық үшін ғылыми жиын ішпыстырарлық, түсініксіз болып көрінеді. Біз бұл жерде жоғары білімі жоқ, қара жұмыспен күнелтіп жүрген халықты айтып отырмыз. Дегенмен, оқығандар арасында да ғылымға деген қызығушылық кереметтей өрістеп тұр деп тағы айта алмаймыз. Бұл, бәлкім, «ғылым жолы – қиын жол» деп ойлаушылар қатарының көбейіп тұрғандығынан шығар.
Екіншіден, зиялы қауым өкілдері баспасөз беттерінде үлкен ой айтып, резонанс туғызарлық дүние жазса да, ол қоғамға сілкініс әкелмейді. Әлгі жазылған дүние тасада, елеусіз қалып қояды. Бірлі-екілі оқырмандар байқап, сөз қылатыны болмаса, көпшілік ол туралы біле бермейді де. Себебі қазір газет, журнал оқитын, көркем әдебиетке қызығатын адамдар некен-саяқ. Осындайда ата-бабамыздың білімге, білуге деген құштарлығы оралады ойға. Кезінде малдың соңында, аттың қомында жүріп, сарғайған газет беттеріне шұқшиып отыратын ата-әжелердің бейнесін бүгінгі қоғамнан іздеп аласұрамыз. Алайда «заманына қарай адамы» дегендей, барлығын уақытқа жауып, өзімізді тағы да жұбатамыз. Зиялы ойдың көмбесі бүгінгі қазақтілді басылымдарда жатқанын білсек те, оған жете мән бермейтініміз несі екен. Кезінде жүздеген мың данамен шыққан қазақ газеттері бүгінде оқырманын жоғалтып, «қайтсек халыққа ой саламыз?» деп жанұшыруда. Себебі соңғы кездері кез келген адам өзіне керекті мағлұматты ғаламтордан алып, техника мүмкіндіктеріне ет үйретіп алған. Сірә, бұны да жаңа заманның келбетіне балаймыз.
Үшіншіден, әр адам өзінің жеке әлемінде дараланып барады. Бұрынғыдай ауыл адамдары да себепсіз көрші есігін қақпайтын болған. Қала тұрғындары да үлкен ой талқылауға жиылмайды. Оған қоса қалам қайраткерлері – ақын-жазушылардың қоғамдық-саяси белсенділігі төмендеп, ой үстемдігін еншілей алмай жатқаны байқалады. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын өнер-білім қайраткерлері де ұлт болашағы үшін деген ойларын ортаға салғанымен, оның халыққа жетуіне, ой салуы жолында күреспейді. Қазіргі қоғамда «еңіреп жүрген ер едім» дейтін адам жоқтың қасы. Қазір зиялыларда ортақ идеология да жоқ. Ел болашағына, ұлт тағдырына бағыт-бағдар болатындай істің жоспары да көрінбейді. Тек сөздер мен сөйлеушілер, ал нәтиже, қане?! Жазушы Смағұл Елубай: «Өз басынан гөрі, қарапайым халықтың жағдайын кім артығырақ ойласа, соны зиялы деу керек», – дейді. Бұл пікірмен толық келіскенімізбен, осындай дара тұлғаларды арамыздан іздейміз. Кейде зиялы деп жүрген азаматтардың баспасөз беттерінде немесе үлкен жиындарда ойсыз сөз айта салуына қарап, қынжылатын кездер де болып тұрады.
Жалпы, ұлт зиялылары кімдер? Бұл сұраққа тарихшы Қамбар Атабаев өзінің бір сұхбатында жауап беріп, пікірін былай деп жеткізген екен: «Зиялы – бұл қоғамның, ұлттың ақыл-ойы. Қай заманды алсақ та, зиялы болған, болады да. Тек қоғамына қарай деңгейлері әртүрлі. Осы тұста өзім туралы айта кеткім келеді. Мені біреу зиялы десе, маған мазақ сықылды көрінеді. Ғалым болармын, атағым бар шығар, бірақ зиялы емеспін. Қалай зиялы болам, Кеңестер кезінде партияны мақтап, кандидаттығымды қорғасам, тәуелсіздік алған соң, партияны жамандап, докторлық қорғасам?! Қанша дипломы болсын, ұлттың мүддесін ойламаған адам зиялы емес. Тарихшы ретінде, тарихымызға тоқтала кетейін. Бүкіл өмірін ұлтына арнаған Алаш зиялыларын айтпай кетуге болмайды. Әлихан Бөкейханов бар ғұмырын халқының мүддесін қорғаумен болды. 24 жасында көтеріліске шығып, қара тізімге енді. Өмірінің соңына дейін сол қара тізімнен шыға алмай өлтірілді. Ахмет Байтұрсынов халқы үшін бүкіл өмірін азаппен өткізгендердің бірі. Ұлт зиялысының үлгілері деп осыларды айтуға болады. Олардың зиялылығының ең басты белгісі, ұлтшылдығы болды. Қазір, ұлтшылдық деген термин Кеңес үкіметінің салдарынан трансформацияға ұшырап, мағынасын жоғалтты. Бүгінде, ұлтшыл десе қорқып, қашатындай дәрежеге жеттік. Ал, негізінде ұлтшыл деген адамның азаматтығын көрсететін термин».
Біз, шын мәнінде, «Зиялыларымыз қайда?» деп жиі сауал тастаймыз. Мұның өзі тәуелсіздік алып, ес жиып, етек жапқалы бергі өткен уақыт бедерінде зиялы қауымға деген қажеттіліктен туған ой. Шындығында қай кезеңді алсақ та халық зиялы қауымның сөзін, іс-әрекетін үлгі тұтқан. Бұл жағдай бүгінгі таңда да өзгерген жоқ. Сол себепті де, қазақ интеллигенциясы білімді, білікті болуымен қатар, халыққа жол сілтейтін ізгі амалдарымен көрінсе, жұртын игілікке бастап, өздерін лайықты етіп көрсете алса ғой деп те ойлайтынымыз жасырын емес. Ол үшін өзін зиялы деп санайтын азаматтарымыз ұлттың қамын ойлап, осы жолда мемлекетіміздің атқарып жатқан шараларына белсене араласып, халықтың ойын жеткізіп, арадағы дәнекер көпір болса қандай жақсы. Ұлтымыз сонда дамыған елдермен иық тірестіріп, бәсекелестікке лайықты болатын еді.
Ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын адамды зиялы десек, бүгінде мемлекет тарапынан интеллигенцияға деген қажеттіліктің туып отырғаны ерекше қуантады. Елбасының Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында осы мәселеге де ерекше назар аударылуы тегіннен болмаса керек. Осы Жолдаудағы: «Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс. Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек. Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс», – деген сөздер көкейдегі ойды дөп басқандай әсерге бөлегенін жасырмаймыз. Шын мәнінде, «өз заманымыздың қаһармандарын» жастарға үлгі ету ауадай қажет. Ол ұрпағының болашағына, мәдениеті мен тәрбиесіне қажетті негізгі құралдың бірі болмақ. Сондай-ақ, Елбасының: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек. Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой», – деуі халыққа үлкен ой салғандай болды. Әрине, тарихи сананы қалыптастыру жолында игі шаралар біраз уақыттан бері жалғасын тауып келеді. Дегенмен, бұл әлі жалғасуы тиіс маңызды мәселелердің бірі.
Жалпы, «зиялылар деп кімдерді айтуға болады?» деген сауалға оралар болсақ, әлі күнге дейін нақты анықтамасын ешкім дәл тауып айта алмағанына көз жеткіземіз. Десек те, кез келген қоғам ел-жұртын, ұлт қамын ойлап, «қайтсем пайдам тиеді» деп жүрген азаматтарын зиялылар қатарына жатқызатыны анық. Дәл осы өлшеммен алатын болсақ, біздің қоғам да зиялыларға кенде емес. Ал халқына ой салу тұрғысынан алатын болсақ, жоғарыда айтқанымыздай ойшылдықтың өрісі кеңейгені байқалмайды. Және біздің пікірімізше, қазіргі таңда ойшылдықты философтар, ақын-жазушылар емес, әртістер мен әншілер еншілеп алғандай көрінеді. Қазір телеарналарда сұхбат қонағы етіп ғалымды шақырғаннан гөрі, халық әнін сүйіп тыңдайтын әншінің келгенін дұрыс көреді. Әрине, халық өнер адамының елітіп салған әніне құлақ асады. Ал ол халыққа ой саларлық қандай ой-пікір айта алады? Өкінішке орай, біздегі осы тақылеттес пікіралмасулар тек «Қандай ән жаздырдыңыз? Қанша ақша кетті? Болашақта қандай жоспарыңыз бар?» деген сауал төңірегінде ғана өрбиді. Ал, өзгені былай қойғанда, өнер саласына қатысты «Жастардың дәстүрлі әндерден алшақтауының себебі неде? Әлемге қазақ әндерін танымал ету жолында не істеу қажет?» деген сынды қарапайым сауал да қойылмауын немен түсіндіруге болады? Біздіңше, егер студия қонағы ретінде әншіні емес, академик, ғалымды шақырса әңгіменің ауаны мүлде өзге арнаға ауар еді. Және оны көрген адамдар өзіне рухани азық боларлық дүниелермен сусындап қалар еді-ау.
Жалпы, адамзаттың рухани өсуіне ойшылдардың қосқан үлесі шексіз. Оған мысал ретінде ұлт көсемі Абайды айта аламыз. Абайдың қара сөздері мен ой-тұжырымдарын әлі күнге дейін мысал етуіміздің өзіндік себебі осындай ойшылдыққа деген зәрулікпен байланысты болса керек. Алайда бүгінгі таңда Елбасы айтқанындай «өз заманымыздың қаһарманын» іздеп, таба алмай шарқ ұрамыз. Абай сияқты дана адам неге шықпады деп кінә артамыз. Ол заңды да. Себебі әлі күнге дейін ой түйінін айтқанда біз тек Абайға жүгінеміз. Абай – дайын сөз үлгісі, ой айту қалыбы сияқты. Осы деңгейден аса алмауымыздың себебін іздеу барысында зиялы қауымға кінә тағып жатамыз. Қазіргі қоғамдағы жетекші ой кімнің еншісінде екенін білгіміз келеді. Бұл да орынды. Алайда жалпылама айтылған жауаптардың астында қалып, түйіп аларлық дүние таппай беймаза күйге енеміз. Дегенмен, бір нәрсе анық, ол бүгінгі жұрттың ақшасы мол құрылымдарда жұмыс істеп жүргендерді қадірлеп, ғылымға, шығармашылыққа ден қойғандарды елемейтіні. Бұлай жалғаса берсе қалай болады? Осы сауал төңірегінде ел Президенті Н.Назарбаев Жолдауда тілге тиек етті. Және арнайы тапсырма беріп, болашақ бағдар етіп ұсынды. Ендігі бар үміт ел тағдырына бейжайлықпен қарамайды деген ұлт зиялыларына ауып отыр. Осы жолда халықтың көңіліндегісін дөп басады деген ұлт жанашырлары келелі істерімен талай белестерді бағындырады деген сеніміміз мол.
Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Интеллигенция ұлттық құндылықтарды жасауда ең басты күш болуы керек. Интеллигенция дегенде ғылыми-техникалық интеллигенцияны айтып отырмын. Біздің ЭКСПО-ны алғандағы бағытымыз – жаңа энергетика. Жаңа энергетика дегеніміз – болашақ. Оған өтпей болмайды. Жаңа энергетикаға көшетін болсақ, технологиялар да, мамандар да басқа болады. Еліміздің өсіп-өркендеуі басқаша болады. Зиялы қауымның туындылары жастар үлгі алып, ой түзетіндей қазіргі заманғы жаңа қаһармандарды көрсетуге бағытталуы тиіс. Зиялылар арасында тіл мәселесі жиі көтерілетіні белгілі. Ұлттың тынысы, санасы ұлттық тілмен ғана баянды болады. Қазақтың мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Ол Ата заңмен бекітілген. Ешкімнің оған дау-дамайы жоқ. Ол тарихи шындық болып табылады. Халыққа жаппай қазақ тілін үйретсек, бір ел боламыз. 2025 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызының қазақ тілін білуі көзделіп отыр. Оған негіз жасалған. Жалпы, сырттан келгендер Америкада – американ, Францияда – француз. Олардың бәрін ұйымдастырып отырған – бір тіл. Сондықтан Қазақстанда барлық халық қазақша сөйлейтін болса, біз де бір ұлт, бір елге айналамыз», – деді. Шын мәнінде, мемлекеттік тіл мәселесіне ұлтымыздың алаңдаушылық білдіруі заңдылық. Себебі қазіргі қоғамда қазақтардың өзі қазақтілді, орыстілді болып бөлінуде. Егер әр қазақ өзінің ана тілін жетік меңгеріп, содан кейін өзге тілдерді үйренетін болса, болашақта бәсекеге қабілетті ұлт болатынымыз анық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда интеллигенциямен жұмыс істейтін жаңа жүйе қалыптастыру керек екендігін айтты. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясында белгіленген рухани үрдістерді жүзеге асыру зиялы қауымнан үлкен күш-жігер қажет ететіндігін баса айтты. Осы орайда, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ата-баба сөзі оралады ойға. Ұлт болып ұйысатын сәтте бірлігіміз жарасқан халық екенімізді танытып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың орайлы кезі де осы болар.
Жалпы, интеллигенция өкiлiне кімдер жататыны туралы аз-кем тоқталып өттік. Ендігі мәселе зиялы деп жүрген азаматтардың мінез-құлқы, адами қасиеттері, бір сөзбен айтқанда кісілігіне қатысты туындап отыр. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, десек те, біздіңше, ұлтты ұшпаққа шығарады деген сеніммен қараған адам өзін өзгеше көрсетуіне болмайды. Яғни, бүкіл ұлт еліктеп, бүтін жас ұрпаққа тәрбие боларлық іс тындырады деген жанның бойынан ең ізгі қасиеттерді таба алмасақ, ұлттық тәрбиемізге сын болмақ. Зиялы қауымның өзгелерден басты айырмашылығы атақ-даңққа құмартпайтын ішкі жан тазалығында болса керек. Ал бүгінде зиялылар осы қасиеттерді бойына дарыта алып жүр ме? Өзінің жеке бас қамын, пайдасы мен қалта қалыңдығын емес, халқының берекесі мен тыныштығын қалайтын, шынайылықтан бойын бір сәт те алыстатпайтын тұлғалар бар ма арамызда? Кезінде ұлттық интеллигенция өкілдері Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов секiлдi азаматтардың ізін жалғай алдық па? Қазақтың өсіп-өркендеуі, қанатын кеңге жаюы жолында интеллигенция не iстедi, не iстеуi қажет еді? Зиялы қауым өкілдері атақ-дәреже, шен-шекпенге малданбауы тиіс десек, осы тұрғыдан алғанда ауыз толтырып мақтана аламыз ба? Қалай десек те, бүгінгі таңда қарапайым халық интеллигенциядан батыл iс-әрекет пен ұлттық мүддеге негiзделген идея күтедi. Мұстафа Шоқай: «Зиялылар өз халқына қызмет етудiң, халықпен ортақ тiл табыса бiлудiң неғұрлым тиiмдi жолдарын таба бiлулерi тиiс», – дейдi. Бүгінгі күні қазақ қоғамын мазалап отырған осындай санқилы сауалдарды тізбектей беруге болатын сияқты. Алайда мақсатымыз жауабын табу, ойлы адамдарға мұқтаж екенімізді жеткізу, үлкен сөз, көрегенділік пен көсемдікті аңсағанымызды білдіру. Ендеше, «елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсынға» салудың да жөні бір басқа.
Айгүл ШӘРІПБЕК.