Еліміз әлемдік додаларды биік белестерді бағындырып келеді. Соның ішінде Абай атамыз: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» – деп айтқандай қазақ жастары ғылымға, білімге көңіл бөлулері керек.
Еліміз әлемдік додаларды биік белестерді бағындырып келеді. Соның ішінде Абай атамыз:
«Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз» –
деп айтқандай қазақ жастары ғылымға, білімге көңіл бөлулері керек. Әрине, бұл ең алдымен ғалымдар мен ұстаздардың еңбектерін ұлы жолға бастап алып барады. Осы орайда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсанда жария еткен «Қазақстан-2050 Стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында маңызды 7 бағытты атап көрсетті. Соның ішінде 7-ші тармақтың 5-ші бағыты «Ұлтты интеллигенцияның рөлі» деп аталды. Сонда «Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие... Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек. Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс» деп бүгінгі қазақ зиялылыларына жауапкершілік қамытын жүктейді. Осы тұрғыдан келгенде еліміздің тәуелсіз болып құрылуына өз үлестерін қосқан қайраткерлердің еңбектерімен, жасаған жұмыстарымен танысуымыз керек және оны бүгінгі қазақ жастарына насихаттауымыз керек. Осы кезекте Алаш зиялысы, мықты маман болу үшін кез келгеннің уысына түспейтін Санкт-Петербургте білім алып, сол білімін елінің пайдасына асыру үшін қызмет еткен Райымжан Мәрсеков туралы айтпақпыз.
Райымжан Мәрсеков өз заманында Алашорданың Шығыс бөлімшесінің белді өкілдерінің бірі болып, қазақ зиялыларымен бірге Алаш полкын жасақтауға атсалысқан азаматтарымыздың бірі. Милиция қатарына әр облыстан 30 бен 35 аралығындағы 30 ерікті адам жинау үшін уездерді аралады. Қазақ мүддесін ойлаған ойшыл Семейде Алаштың ұраны болған «Сарыарқа» атты газетті жарыққа шығарып тұрды.
Алаш қайраткері 1879 жылы бұрынғы Семей облысы, Өскемен уезінің Айыртау болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы) дәулетті отбасында дүниеге келген. Уездік орыс-қазақ мектебінде сауатын ашқаннан кейін Омбы қаласының классикалық гимназиясына оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіргеннен соң Қазан университетіне оқуға түседі. Кейіннен 1897 жылы Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне ауысып, 1902 жылы бітіріп шығады. Бітіріп шыққан соң 1908 жылға дейін Семейдегі округтік сотта жемісті қызмет жасайды.
Сол бір аласапыран шақта бір-бірімен соттасқан, өзара келіспеген қазақтар округтік сотқа жиі жүгінеді екен. Мұндай кездерде құқықтық сауаты мықты, істің ақ-қарасын айыра білетін Р.Мәрсеков қазақтардың ісін созбақтамай, тезге салып, тындым еткенін тарихи деректер нақтылайды. Қай жерде жүрсе де туралығынан, қара қылды қақ жарған әділдігінен таймаған Райымжан 1908 жылы Омбының сот палатасына жұмысқа қабылданады. Ол осы қызметінде ерекше белсенділік танытып, өзінің көреген маман екенін дәлелдейді. Бірақ, белгілі себептерге байланысты Омбыдағы қызметінен 1912 жылы кетеді. Артынша сол жылы 1917 жылға дейін Семей қаласында болып, адвокат, заңгер ретінде қоғамдық өмірге араласады. Бұл жұмыстарда да саңлақ санаткер тиянақты іс-қимылымен, ақыл парасатымен халық жүрегін баурайды. 1912 жылдан кейін Р.Мәрсеков өмірге кемел ойымен, байламды толғамымен назар салады. 1912-1916 жылдар бедерінде адвокат баспасөз саласына мықтап кіріседі. Осы кезде оның қаламгерлік көкжиегі ашылып, көпке ой тастайтын публицистикалық еңбектерді дүниеге әкеледі. Әсіресе, «Айқап» журналы мен «Қазақ» басылымында оның патша үкіметінің кесір саясатын теріске шығарған жазбалары кездеседі. Ұлттың ұлы өзінің жеке шығармашылығында келешекте қазақ жұртының қалай өркендейтіні туралы ой қозғап, пікір туындатады. Қайраткер көп ұзамай Алаш қозғалысына қатысып, осы қозғалыстың жетекшілерінің санатына енеді. 1917 жылы Семей топырағында қазақ комитеті бой көтергенде сол комитеттің төрағасы қызметін атқарады. Сонымен қатар, уақытша үкіметтің облыстық атқару комитетіне мүшелікке өтеді. Р. Мәрсековтің қайраткерлік тұлғасы да мығым болыпты. 1917 жылы өткен Семей облыстық қазақ съезінде ол ұйымдастырушылық қабілетін көрсетеді. Алаш ардақтысы жер дауын оңтайлы шешу, халықты азық түлікпен қамту, жастарды оқыту мәселесіне жіті көңіл бөлді. 1918- 1919 жылдар кезінде Р.Мәрсеков Алаш әскерінің жасақталу үрдісінде жетекші рөлге ие болады.
Қазақша, орысша екі тілді жетік білетін қайраткер Ж.Ақбаевпен бірге студенттік жерлестер ұйымын құрып, жағдайлары нашар қазақ студенттеріне қаражатпен көмектесу мәселесін қолға алады.
Оқуын тәмәмдап елге оралған соң Семей округтік сотының көмекшісі, Семей облыстық Қазақ комитетінің төрағасы, Семей қаласында жаңадан құрылған облыстық уақытша қазақ сотының төрағасы, Семей облыстық жер басқармасының төрағасы, Семей губерниялық атқару комитетінің инспектор-тексерушісі сияқты қызметтер атқарады. Райымжан Мәрсековтің туған інісі Шериазданның кіндігінен тараған Тұрдыхан апаның айтуынша: «...Жан сауғалап Қытайға қашады. Қытайдың Шіуешегінде Қызыр төрені паналайды. Ол мұнда байға масыл болып жата бермей, сол жақтағы қазақ балаларын оқыту ісімен айналысады».
Р. Мәрсеков тек заңгерлік жұмыспен шектелмей, қолына қалам алып, халықтың әл-ауқаты жайлы мақалалар жазып, өзін публицист ретінде де көрсете білді.
Ұлты үшін ұлан-ғайыр қызмет атқарған тұлғаның дүниеден өткен жылы нақты белгісіз. Бір деректерде Семей түрмесінде қазаға ұшыраған делінсе, енді бір деректерде 1939-40 жылдары Қытай елінде жүріп атылған дейді.
Мәншүк АХМЕТОВА