Кез келген әңгіменің құндылығы мен өзектілігі, негізінен қозғаған тақырыбына қарай, сол тақырыпты ашу деңгейіне орай бағаланатыны белгілі. Ендеше, біздің әңгімеміздің төркіні - үштілділік мәселесі болмақ.
Кез келген әңгіменің құндылығы мен өзектілігі, негізінен қозғаған тақырыбына қарай, сол тақырыпты ашу деңгейіне орай бағаланатыны белгілі. Ендеше, біздің әңгімеміздің төркіні - үштілділік мәселесі болмақ.
Аталмыш тақырыпты жан-жақты зерттеу барысында Елбасымыздың, көптеген лингвист ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің пікірлеріне сүйене отырып, өз ойымызды дәлелді түрде жеткіздік.
Үштілділік жөніндегі сөз Елбасымыздың “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар - қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы: “мектептерге ағылшын тілінен шетелдік оқытушыларды тарту қажет. Кез келген ортанқол мектептің балаларға ең жоғары деңгейде шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз міндет” [1] - деп етекше атап көрсеткен.
Үштілділік - нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы.
Біз үштілділікті тәуелсіз еліміз үшін стратегиялық мәні ерекше құбылыс деп бағалаймыз, сондықтан да бұл құбылысты төрттілділік пен бестілділіктен бөліп қараймыз, үштілділіктің кез келген сыңары ретінде кез келген шет тілін алуға болар еді, бірақ біз бұл жерде де қоғамның нақты сұранысы басым түскен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне ерекше мән берген жөн деп түсінеміз [2].
Бүгінгі таңда мемлекетімізде үштілділік мәселесін нақты іс түрінде жүзеге асыру керек пе? Әрине, керек. Еліміз бен жерімізге ие болатын жастар үш тілді де қатар меңгеруі тиіс. Бірақ бұл үш тілдің тұғыры бірдей деген сөз емес. Қазақстанда бір ғана тұғырлы тіл бар, ол мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тұғыр сөзі діңгек, қазық деген мағынада қолданылады. Бір шаңырақты көтеру үшін үш діңгек керек емес. Бір діңгекпен көтерген шаңырақтың жан-жағынан уықтар қадалып, оның беріктігін қамтамасыз етеді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілі, ал жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап уық секілді қадалады. Бірақ кейбіріміз үштілділік үдерісі жөнінде басқаша көзқарас танытып жатамыз. Мұның себебі осы бір сөздің мағынасын түсінбеуден келіп шығады. Бірқатары осы бағытты ұстануға оң көзбен қарап, құптаса, енді бірі өз қарсылықтарын білдіруде.
Атап айтсақ, саясаттанушы Т.Әбдуәлидің: «Мемлекет басшысы жаһандану жөнінде мәселе көтергенде де өре түрегелдік. Жаһандану дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда жоғары деңгейге жеткен елдермен қарым-қатынасымызды нығайту. Соның бірі - тілдік коммуникация. Бұл үшін халықаралық қатынас тілі болып жүрген ағылшын тілін үйренуге жастарымызды жатпай-тұрмай баулуымыз керек. Оның қажеттілігін уақыт өткен сайын өткір сезініп келеміз» [3] деген ойын оқытушы Т.Тәңірбергенқызы ары қарай жалғастырады: «Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білуіміз керек. Себебі, ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес» [4].
Ия, расында да, ағылшын тілі қазақ жерінде өз үстемдігін жүргізе алмайды. Қазақстанда тек қазақ тілі ғана билік құра алады. Ағылшын тілі – қазақ жерінің жаңа әлемге ашар есігі. Үштілділікті үрейлі кейіпте елестететін кейбір ағаларымыз «мұны ең соңғы өлу деп те қорқатындығын» [5] жасырмайды. Жоқ! Біз өзге тілдерден қорықпауымыз керек. Керісінше, сол тілдерді пайдалана отырып өзімізді өзгелерге таныта білуіміз қажет. Мәселен, М.Әуезовтың «Абай жолы» романы ағылшын тіліне аударылмаса Абайдай ғажап ақынымызбен қалай мақтанар едік?
Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі - әлемдік бизнес тілі, мемлекеттік тіл – ұлт тілі. Мемлекеттік тілде сөйлеу - әрбір Қазақстан азаматының борышы. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білу керек.
Әлемдік ғаламдандырудың өткізгіші, ғаламдандыру тілі болып танылған ағылшын тілін білу - ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып ала бастаған Қазақстан үшін қажеттілік. Қиындық туғызатыны - аталған үш тілді меңгерген мамандардың кездесе бермейтіні. Ендеше, аталған компоненттерден тұратын, яғни қазақ, ағылшын, орыс тілі қатысқан үштілділік сөйлермендерін дайындау кезек күттірмейтін мәселе. Мәселені түбегейлі шешу үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында ағылшын, қазақ тілінен маман болып шыққан қазақтілді қазақ және басқа ұлт өкілдерін үштілділікке ыңғайлап қайта дайындаудан өткізіп, оларға үштілділік маманы деген құжат табыс еткен жөн.
Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда 98 амеркандық пен 81 ағылшын тұрады, амеркандықтардың 78-і ағылшынның, 71-і өз ұлтының тілін меңгерген. Бұл күллі тұрғынның 1 пайызын құрайды. Ұлт деңгейінде алсақ, ағылшын тілін меңгергендердің тең жартысын жергілікті қазақтар құрайды. Басқаша айтқанда, ағылшын тілін меңгерген қазақ саны – 53 743, бұл – ұлт арасындағы үлкен көрсеткіш және күллі қазақтың 0,7 пайызы деген сөз.
Әрине, әр көтерілген мәселенің оң және теріс жағы болады, әр тұлғаның өзіндік жеке пікірі болады, бірақ анау айтты, мынау айтты деген негізсіз, дәлелсіз күдіктен арылып, бой көтеріп отырған мәселенің маңыздылығының қаншалықты қажет дәрежеде екенін айқындап, нақты зерттеп алғанымыз жөн сияқты.
Егер біз Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазақ тілін дұрыс жұмсай білсек, ол қоғамдағы тілге жүктелетін қажеттілігіміз болса өтеуге жарайтын бай тіл. Мәселе тілдің міндетін дұрыс түсініп, өз міндетімізді атқаруда болып отыр. Ұлттық өркендеп, тіліміз өз еліміздегі және халықаралық дәрежедегі позициясын нығайтқан кезде біздің сөздеріміз де өзге тілдерге енетіндігіне, тіліміздің әлемдік ақпарат кеңістігінен өз орнын иеленетіндігіне күмән келтірмеуге болады. Дәл бүгін де қазақ тілінің әлем тілдерінің ешқасысынан да кем түспейтін, бірнеше ғасырлық даму тарихы бар, ұлттық әдеби тіл деңгейіне дейін дамып жетілген ұлы тіл екендігіне еш күмән жоқ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Назарбаев Н.Ә. (Қазақстан халқына жолдауы). Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. – Астана, 2007
2. Хасанұлы Б. Тілдік қатынас негіздері,
3. Әбдуәли Т.Үштұғырлы тілден түңілмейік // Жетісу, №31. 2008
4. Тәңірбердіқызы Т. Ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес // Қазақ әдебиеті, №48. 2008
5. Ғабжәлелов Х. // Тасжарған, №18. 2008