Қазақ тілінің аужайы немесе мақалдап сөйлеудің заманы

1 Наурыз 2014, 11:27

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген аталы сөздің түп төркініне үңілер болсақ, шын мәнінде ненің жақын, ненің алыс екенін болжау оңай еместігін аңғарамыз.

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген аталы сөздің түп төркініне үңілер болсақ, шын мәнінде ненің жақын, ненің алыс екенін болжау оңай еместігін аңғарамыз. Қайсыбіреулер бағзы заманда өткен жайларды жақын көрсе, енді біріміз ертеңіміз қалай болар екен деп, беймаза күй кешеміз.
 
Уақыт – қадірін білгенге қазына деуші еді қазекем. Әркімнің еншісіндегі өлшеулі минуттарды мезгілінен бұрын қолдана алмайтының секілді өткен уақытты да қайта иелену мүмкін емес екеніне кейде мән бермейтініміз несі екен. «Бір минуттың қадірін пойыздан қалып қойған жолаушыдан сұра» дейді. Ал осы уақыт өлшемін адам өмірімен емес, мемлекет ғұмырымен бағамдасақ қалай болады? Кез келген мемлекет үшін уақыттың қадіріне жету, ел өміріндегі елеулі саналатын ірі-ірі саяси шешімдерді дер кезінде қабылдау қаншалықты маңызды болса, Елбасы Жолдауының 2050 жылға дейін жоспарлануының сыры да белгілі. Десек те, бұл саяси құжаттағы мәселелер қаншалықты орынды, өзекті әрі уақытылы көтерілді? Халық Жолдаудан не күтеді? – деген сауалдар туындауы хақ. Бүтін халықтың үкілеген үмітіне айналып үлгерген бұл саяси құжат жайын толық қамтымасақ та, қазақ үшін кезек күттірмес көкейкесті мәселелердің бірі «Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге» қатысты ойда жүрген бірер жайтты сөз етуді жөн санадық.
 
Қазақ халқы ықылым заманнан Сөз өнері мен Сөз құдіретіне ерекше мән бергенін айтпай кету мүмкін емес. Дей тұрсақ та, қазіргі таңда «Ә» дегеннен жырлай жөнелетін, кесек, шебер сөйлейтін адам сиреп бара жатқандай көрінеді. Ал сөздің қадірін білу, жөн сөзге тоқтау, жақсы тілек арнау – қазақтың табиғи болмысы емес пе еді?! Қалай десек те, мақалдап сөйлеудің де заманы өтіп бара жатқан сыңайлы. Оған үлкендердің сөз саптауын түсінбейтін, өзінің жаңа заманғы жаргонымен сөйлейтін жастардың көбейіп келе жатқаны дәлел бола алатын сияқты. Жалпы, адамды жақсылыққа, ізгілікке жетелейтін кез келген даналық сөздің астарына үңілсеңіз, оның тапқырлықпен айтылған ерекше дарындылық пен ақыл-ойдың жемісі екеніне шүбә келтірмессіз. Сонау XVIII ғасырда «Халыққа әуелі нан, одан кейін мектеп керек» деген француз ойшылы Жорж Жак Дактонның сөзі кімді де болса ойландырары сөзсіз. Себебі кез келген мемлекеттің болашағы, даму мүмкіндігі сол елдің халқының білім деңгейімен ұштасып жатыр. Сол себепті де кімді және қалай тәрбиелеп жатырмыз деген сұрақ, әсіресе еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда, бұрынғыдан да өткір және маңызды болып, ел ертеңін ойлайтын кез келген азаматты толғандыратын нағыз көкейтесті мәселеге айналды.
 
«Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа ғой, жасы кіші демеңіз, ақылы асса дана ғой», «Кісіні аузындағы сөзінен таны» деген аталы сөздердің түп-төркініне бойлап қарасақ, бүгінгі жастардың шешендік өнердегі үлес салмағы қандай болды екен деген ойға қаламыз. Осы жайын терең ойлаған Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп, ең алдымен өз ұлтымыздың ана тіліне ден қоюын талап еткені үлкен көрегендік пен даналықпен айтылған ой деп білеміз. Себебі жайшылықта қазақ тілінің байлығын айтқанда алдына қара салмай бәйге атындай аңқылдай жөнелетін ұлтымыздың бүгінгі ұрпағына сауал қоя қалсаңыз, (өкінішке орай) екі сөздің басын құрай алмай, ойын жеткізуден қиналатын жастардың аз емес екеніне куә боласыз. Осынау алаңдайтын құбылыстың қатарында мысалдап, астарлап, тұспалдап сөйлеуден, ең бастысы, сөз түсінуден қалып бара жатқанымыздың себебі не екені көкейден кетпей тұрады. Әрине, күнделікті күйбең тіршіліктің жетегінде жүрген қара халықтың, әсіресе ауыл жұртының қазақ тіліне шорқақ еместігі қуантады. Десек те, кез келген қазақтың өз ана тілінде сөйлеуіне ықпал ететін бірден-бір күш, ол – мемлекеттік саясат екені ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттің ең бірінші қазақ тіліне басымдық беруі бұл мәселенің болашақта шешілуіне тікелей ықпал ететініне сеніміміз мол.
 
Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы сарапшыларының берген мәліметтеріне сүйенсек, әлемдегі 6 мыңнан аса тілдердің жартысына жуығы қауіпті жағдайда көрінеді. Америкалық лингвист Дэвид Хариссон: «Әлемде әр екі аптада бір тіл жойылып отырады», – деген екен. Осындай жағдайда Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары да орыс тілі мәселесін жиі көтере бастады. Дамыған, мықты мемлекеттер өз тілінің жойылып кетуінен қауіптеніп жатқанда, қазақ тілінің болашағы қандай болады екен деген сауал әр қазақтың көкейінде тұрары сөзсіз. Бірақ бүгінгі таңда атқарылып жатқан ресми іс-шараларға көз жүгіртсек, бізге келер қауіптің жоқ екеніне сене түсетіндейміз. Себебі қазір тілдік ресурстарымыз бен сөздік қорымызды сақтап қалуға қам жасап жатырмыз. Бұл мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. 
 
Бүгінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» (15 том) жарық көргенін айтады тіл мамандары. Сөзтізбенің базалық корпусы 92200-ден астам атау сөзден, 57800-ге жуық тұрақты тіркестен тұрады екен. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының құрастыруымен жарық көрген бұл сөздік түркі тіл білімі үшін үлкен жаңалық болса керек. Өйткені түркі халықтарының ішінде қазақ тілінде ғана осындай көлемді еңбек жарық көріп отыр. Мұны мақтан етеміз, әрине. Әлде де осы бағытта қолға алу керектігі байқалатын көптеген келелі мәселелер бар. Ал оларды «назардан тыс қалды» дегеннен гөрі «ойда жүрген болашақ ізденістер, зерттеулер» деген дұрыс болатын шығар.
 
Сонымен қатар, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жолында түрлі оқу орындарында, ғылым ордаларында іс-шаралар көптеп өткізіліп жатқаны көңіл көншіктірерлік жағдай. Сондай-ақ, ағылшын тілін оқытуға ден қойыла бастады. Мәселен, жуырда ПМПИ-де ағылшын тілінде «Жаһанданған әлемдегі ғылым мен білім берудің көкейкесті мәселелері» атты жас ғалымдарға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, сондай-ақ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «ҚР білім беру саласындағы мемлекеттік тіл: қазіргі ахуалы және мәдениетаралық ықпалдастық мәселелері» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Мұндай іс-шаралардың мысалын көптеп келтіруге болады. Алайда мәселе оның қаншалықты оң нәтиже беріп отырғанында болса керек. Себебі ғылыми-конференциялар тек ойлы азаматтарға қажет сияқты көрінеді. Олай дейтініміз, қарапайым халық ойлы сөз айтылатын жиындардан гөрі той-томалақ мен концерттерге баруды қолай көретін сыңайлы. Дегенмен, қоғамның қозғаушы күші оқыған, білімді азаматтар болғандықтан бұл да өз септігін тигізіп жатқан болар деген оймен көңіл жұбатамыз.
 
Жалпы, Қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, Қазақстан Республикасы мәртебесін алғаннан бергі өткен жиырма жылдан аса уақыт тарих өлшемімен қарағанда қысқа мерзім болғанымен, мемлекетіміздің әлемдік саясаттағы игі бастамалары мен жаңашыл батыл қадамдары қазақ даласы мен халқын дүние жүзіне танытқаны айдан анық. Бүгінде ХХІ ғасырдың қазағына шетелде білім алып, әлем тәжірибесінен сусындау таңсық емес. Десек те, тіл мәселесі әлі де өткір, маңызды болып отыр. Әрине, үш тілді меңгерген, білімді, білікті мамандар елімізге ауадай қажет. Олар болашақта Қазақстанның әлемге танымал болуына септесетін болады. Үш тілді: мемлекеттік тіл, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген ұрпақ ұлтымыздың әлемдік кеңістікте өз орнын ойып алуына көмектеседі деп сенеміз. Алайда, қазақ тілінде білім алып, ұлттық тәрбиемен сусындап өскен, білімді, оң мен солын ажырата алатын ұрпақ қана өзге тілдерді игерудің пайдасы мен зарарын ажырата алады. Яғни, бұл идея мемлекеттік тіліміздің қолданысын тарылтпайды деген сеніммен ұштасып жатқанын жасырмаймыз. Айта кетерлік жайт, ең алдымен, мемлекеттік тіл өз дәрежесінде қолданылуы тиіс. Яғни, басқару, ақпарат, білім салаларында болсын, қазақ тіліне басымдық беріліп, мемлекеттік тілді оқытуды мектепке дейінгі мекемелерден бастап, мектептерде, жоғары және одан кейінгі оқу жүйесінде жалғастыру қажет. Қазақ тілін жетік меңгергеннен кейін ғана өзге тілдерді үйренген жөн. Абай өзінің жиырма бесінші қара сөзінде: «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқытса болады... Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек... Балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!» – деп, дінді, тілді білудің маңыздылығын айтады. Сөйтеді де, «зарарынан қашық болу» қажеттігін алға тартады. Ұлттық қасиетті тұла бойына сіңірген баланы ғана өзге тілді оқуға беруге болатынын сонау ерте заманнан болжаған Абайдың даналығына тоқталудың да жөні бөлек. Яғни, баланы ана тілінде оқытып, тарихи санасы мен ұлттық рухын қалыптастыру керектігі зиялы қауым өкілдері арасында жиі айтылып жүргені қажеттіліктен туған ой деп білеміз. Ұлттық тәрбиемен сусындап өскен ұрпақтың бойында патриоттық, отансүйгіштік сезім жоғары болатынын ескерсек, баланы тәрбиелеуде қазақ ертегілері мен жыр-дастандарынан асқан көмекші жоқ. Қазақтың тұрмыс-салт, қиял-ғажайып және жан-жануарлар туралы ертегілерін, жыр-дастандарын оқып, шариғат талаптарын білген адам ешқандай мәдени-рухани экспанцияға бой алдырмайды. Рухы мығым, сана-сезімі жоғары болады. Осыдан кейін ғана өзге елдер мен олардың тілдерін білуге жол ашқан жөн болар.
 
Жалпы, қазақ жастарының тіл білу деңгейі бұрынғымен салыстырғанда едәуір өскеніне ресми мәліметтерден көз жеткізе аламыз. Сондай-ақ, қазақ тілінде сөйлейтіндер мен түсінетіндер саны көбейген. Дегенмен әлі де барға малданып, бүгінгі күнімізге тоқмейілсуге ерте. 2009 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындылары бойынша орыстардың қазақ тілін оқып-үйренуге деген ұмтылысы 2006 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге өскен екен. «Қазақ тіліне басқа ұлттардың қызығушылығы артып, үйренуге ұмтылып жатқанда, ойлауы, дүниетанымы басқа тілде қалыптасқан, аты қазақ, заты басқа жандардың ана тіліне оралуы қалай жүзеге асуда?» – деген сауал туындайды. Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің жүргізген Соңғы халық санағының қорытындысы бойынша 115 мың қазақ ана тілінің орнына басқа тілді таңдаса, 15 жасқа толған қазақтардың 500 мыңы қазақ тілін тек қана түсінетін болып шықты. Бұл өз ұлтымыздың ішіндегі мемлекеттік тілге құлықсыздықты байқатса керек. С.Бердіқұловтың: «Мексикандықтар өз тілін жоғалтып, қайта тірілтіп алды», – деген сөзі бар. Тілдің жоғалуы ұлттың жойылуымен пара-пар десек, бұл мәселенің тез арада шешілу жолдарын іздеу ұрпақ парызы болмақ. Осы бағытта «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасының» жүзеге асуы қуантады. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді оқыту инфрақұрылымын кеңейту, мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік базасын әзірлеу, ақпараттық технологиялар жүйесін жетілдіру, БАҚ кеңістігінде қазақ тілді хабарлар мен бағдарламалардың, арналардың ашылуы («Балапан», «Мәдениет»), мемлекеттік мекемелердегі тілді үйрету жүйесін жетілдіру, т.б. – мемлекет тарапынан істеліп жатқан оң шаралар. Және елімізде 130-ға жуық ұлт өкілі өмір сүреді. Статистика мәліметтері бойынша қазіргі таңда елімізде өзге этностардың өз тілінде білім алуы үшін жұмыс істеп жатқан білім ошақтарынан бөлек, 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарлама мен 7 тілде телебағдарлама тарайды екен. Сондай-ақ, өзбек, ұйғыр, кәріс, неміс театрлары жұмыс істеп жатқанынан баршамыз хабардармыз. Бұл еліміздің толеранттылықты ту еткен игі бастамаларының жемісі деп білеміз. 
 
Қазақта «Ұлт болашағы – жеті түрлі білім, жеті жұрттың тілін білген ұрпақта!», – деген сөз бекер айтылмаса керек. Дәл осы ойды Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында жаңаша қырынан естігендей әсерге бөленгенімізді де жасырмаймыз. Және осы «үштұғырлы тіл» мәселесі қазіргі қоғамда қызу талқыланып жатқан жайы бар. Оған оқыған, білімді азаматтар, зиялы қауым өкілдері қолдау көрсетуде. Алайда қазақ тілінің аужайы да алаңдатып жүрген сауал екені баспасөз беттерінде жарияланып жүрген мақалалардан белгілі. Десек те, оңтайлы тұсына тоқталар болсақ, жастар үшін үш тілді еркін меңгеру қай жағынан алса да артық етпейді. Тек жоғарыда айтқанымыздай ұлттық тәрбиемен өсіп, қазақ тілін жетік білуі шарт. Осы мақсат орындалған жағдайда «Үштұғырлы тіл» идеясы нәтиже беретін болады. Себебі ол әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру мақсатынан туындап отыр. Әрине, еліміздің үштұғырлы тілдер саясатын негізге алып отырғаны – бүгінгі ақпараттық қоғамның, яғни заман талабы. Бүгінде «жаһандану» деген сөзді жиі қолдануымыздың өзіндік себебі де осы әлемдік кеңістіктегі заманауи қажеттіліктен туған. Сол себепті де әлемдік контекске кірігудің бір амалы бірнеше тіл меңгерумен байланысты қарастырған жөн болар. Бұл әлемдік тәжірибеде де бар. Мамандардың сөзіне сүйенсек, дүниежүзінің 75% жуық тұрғыны екі немесе одан көп тілдерді меңгерген екен. Ғылыми тілмен айтар болсақ, мультилингвизм (көптілділік, полилингвизм) – нақтылы коммуникативтік жағдайдың әсер етуімен белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте бірден үш немесе одан да көп тілде сөйлей білушілік екен. Бұл тек қана бірнеше тілде сөйлеу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар бірнеше өркениеттің мәдени құндылықтарын бойына сіңірудің және ашық қарым-қатынас жасаудың ерекше түрі болса керек. Бұл туралы арнайы ғылыми еңбектерде кеңінен зерттеліп жүр.
 
Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсына отырып: «Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» – деп, мемлекеттің тілдік саясатының маңыздылығын көрсеткен болатын. Осылайша, әлемнің дамыған отыз мемлекеті қатарына қосылу үшін елімізде бәсекеге қабілетті, жан-жақты жастарды тәрбиелеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Себебі бәсекеге қабілетті азаматтар ғана еліміздің тұрақты дамуына үлес қоса алатыны анық. Сол себепті де мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан игі бастамаларға барынша қолдау көрсеткен абзал болар деген ойдамыз. Болашақта біз де Қазақстанды еркін адамдардың қоғамы ретінде көргіміз келеді.
 
P.S 
Н.Назарбаев: «Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары».
 
Айгүл ШӘРІПБЕК.
 
Бөлісу: