Қазақстан және түркі әлемі

1 Наурыз 2014, 11:31

Жер жүзінде 11 миллион шаршы шақырымды алып жатқан, аумағына үш Еуропа сыйып кететін ұлан-ғайыр кеңістікте орналасқан түркі жұртының әлемдік қауымдастықта алар орны күн санап артып келеді.

Жер жүзінде 11 миллион шаршы шақырымды алып жатқан, аумағына үш Еуропа сыйып кететін ұлан-ғайыр кеңістікте орналасқан түркі жұртының әлемдік қауымдастықта алар орны күн санап артып келеді. Бәсекелестік өмір сүрудің басты шартына айналған қазіргі заманға сай аймақтық, халықаралық деңгейдегі саяси-экономикалық беделі де артып, әлемдік өресінің биіктігін нақты қадамдарымен дәйектеуде.
 
Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-саммиті аясында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Алдағы 2011 жыл - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Әзірбайжан үшін ерекше саяси мәнге ие тарихи жыл болмақ. Өйткені туыстас мемлекеттер өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлайтын болады. Бауырлас Түркия үшін де бұл ерекше, мерекелі күн болатынына сенімдімін», - деген еді. Өйткені тәуелсіздік – тек жоғарыда аты аталған мемлекеттер үшін ғана емес, әлемдегі барлық түркітілдес бауырларымыз үшін де, күллi түркi халықтарының тағдыр тұтастығын армандаған ұлт көсемдері үшін де көптен күткен оқиға еді. Бұл жөнінде Түрiк Республикасы құрылуының 10 жылдығына орай 1933 жылы 29 қазан күнi Түркия Ұлттық Мәжiлiсiнде Ататүрiк былай деп сөз сөйлепті: «…Бүгiн Кеңес Одағы – досымыз. Осы достыққа мұқтажымыз бар. Алайда, ертең не боларын бүгiн ешкiм де кесiп айта алмайды. Құдды Осман немесе Австрия – Венгрия империялары сияқты бөлшектенiп, ұсақталып кетуi де ғажап емес. Бүгiн қолыңда мықтап ұстаған халықтар ертең уысынан шығып кетуi мүмкiн. Мiне, сол кезде Түркия қандай әрекет жасау керектiгiн бiлуi тиiс… Бiздiң осы досымыздың қол астында тiлi, дiнi, тағдыры бiр бауырларымыз бар. Оларға қол ұшын беруге әзiр болуымыз керек. Әзiр болу – сол күндi үнсiз күту деген сөз емес. Дайындалу керек. Халықтар бұған қалай әзiрленедi? Рухани көпiрлердi берiк сақтай отырып. Тiл – бiр көпiр. Сенiм – бiр көпiр. Тарих – бiр көпiр…» Не деген көрегендік! Сол Түркия мемлекетінің қазіргі Президенті Абдолла Гүл айтқандай: «...қазіргі Қазақстан Республикасы Орталық Азиядағы мемлекеттер арасында көшбасшы мемлекетке, оның Президенті Н.Назарбаев түркі әлемінің лидеріне айналғаны» да ақиқат.
 
Елбасының өз сөзімен айтқанда ақжүрек жұртын қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналдыруды мұрат еткен сарабдал саясаттың арқасында Қазақстан мемлекеті Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мен әлемдік дағдарыс кезеңіндегі қиындықтарды табысты еңсерді. Ата бабамыз аңсаған тәуелсіздіктің жиырма жылдығының қарсаңында қазақ елі әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі – Европалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана төрінде әлемдегі алпауыт мемлекеттердің басшыларының басын қосты, әлемдік маңызы бар Астана декларациясын қабылдауға қол жеткізді, Мемлекет басшысының еуразиялық интеграциялық бастамалары мен оның жаһандық проблемаларды шешу жөніндегі байсалды ұсыныстарын дүние жүзі мойындады. Ішкі экономикалық өрлеумен қоса, Орта Азия құрлығында бұрын-соңды болмаған инновациялық және технологиялық жетістікке қол жетті, өзге мемлекеттер құлақ түретін қуатты мемлекет ретінде танылды. 
 
Бабалар өсиетіне адалдық танытып келе жатқан қазіргі түркі мемлекеттері, олардың Елбасылары 20 жылдың ішінде біраз ілгері қадамдар жасады. Өткен жылға дейін түркітілдес мемлекеттер Президенттері 10 рет саммит өткізіп, онда төмендегідей маңызды шешімдер қабылданды: түркі мәдениетін сақтап қалуды қамтамасыз ету үшін Бакуде Білім беру қорын құру, Астанада Түркі әлемін зерттейтін арнайы орталық пен Түркі халықтарының халықаралық академиясының құрылуы, ТҮРКСОЙ-дың Астананы түркі әлемінің 2012 жылғы астанасы етуді жариялауы, Түркі академиясының аясында Астанада мұражай мен кітапхана ашу, университетаралық одақ қамқорлығы мен ынтымақтастықты кеңейту көзделді, сондай-ақ қазанның 3-і күнін түркітілдес елдердің ынтымақтастық күні етіп жариялау туралы шешім қабылданды.
 
Аталған шешімдер, бір жағынан, тәуелсіздікке қол жеткізген егемен елдердің болашағы, ынтымағы үшін жасалған ізгі шаралар болса, екінші жағынан, бұл – бұдан үш ғасырдай бұрын дүниеге келіп, Шығыстанудың бір тармағы ретінде жер жүзіндегі ірі мемлекеттердің барлығында дамыған түркітану деп аталатын үлкен ғылымды өркендетуге септігін тигізер игілікті қадамдар.
 
Ташматова Жазира
 
Бөлісу: