Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында ХХІ ғасырда ақпараттық қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін білім беру саласында төмендегідей міндеттерді шешу керектігін атап көрсеткен болатын.
Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында ХХІ ғасырда ақпараттық қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін білім беру саласында төмендегідей міндеттерді шешу керектігін атап көрсеткен болатын. Олар: Компьютерлік техниканы, интернет желісін, электрондық құралдарды, мультимедиялық электрондық оқулықтарды оқу үрдісіне тиімді пайдалану арқылы білім сапасын көрсету.
Сонымен қатар, тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын болуы үшін әрбір жеткіншек білімді, парасатты, өз ана тілінде еркін сөйлеп, өз елін, халқын, мәдениетін шетелге таныстыра алатын үш тілде еркін сөйлейтін азамат болып шығуы керек деген еді.
Ақпараттық технологиялар бүгінгі қоғамда үлкен қолданысқа ие. Қазіргі заман мұғалімі тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи-танымдық, педагогикалық-психологиялық сауатты, саяси-экономикалық білімді және ақпараттық технологияны жан-жақты меңгерген білікті маман болу керек.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы шын мәніндегі басты жаңалық пен жақсылықтың нышаны болды. XXI ғасыр деңгейінде білім беру мен кәсіптік даярлау тақырыбы – Жолдаудың басты бөлімдерінің бірі “Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман”, – деп Елбасымыз айтқандай, дарынды, білімді ұрпақ еліміздің ертеңі екені даусыз. Жолдаудағы бұл сөздер көзі қарақты, көкірегі ояу, ел болашағын ойлайтын әр ұстазға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Қазіргі заманда білім беру әлеуметтік құрылымның маңызды элементтерінің біріне айналды. Дүние жүзінде білімнің әлеуметтік рөлі артты. Адамның болашағы, оның қазіргі алған білімнің сапасына, көлеміне, ойлау деңгейіне байланысты. Жас ұрпақтың жаңаша ойлауына, олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуына, әлемдік сапа деңгейіндегі, білік негіздерден меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру - жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселенің бірі. Жүздеген жыл бойы қалыптасқан ескі жүйені бұзу үшін оқытуды жаңаша ұйымдастыру қажет.
Бүгінде педагогика ғылымында зерттелініп, дәлелденген кез келген инновациялық технологияның нәтижесі – оқушының сапалы білім алуы, эстетикалық шығармашылық деңгейінің жоғары сатыға жетуі арқылы өлшенеді.
Оқыту – арнайы танымдық іс-әрекет. Ол – негізгі ойдың, ақылдың жұмысы. Оқыту арқылы балаға қоғам өзінің ғасырлар бойы жинаған асыл мұрасын, дағды, тәжірибесін береді. Оқыту процесінің жүйелі, түсінікті, нақты қалыптасуы танымдық іс-әрекеттің маңыздылығын арттырады. Ендеше, мұғалім оқушыларды білім жүйесімен, іскерлікпен, дағдымен қаруландырып қана қоймай, олардың танымдық, шығармашылық қабілетін дамытуы міндет.
Мен педагог маман ретінде айтарым, қазақ тілі мен әдебиеті сабағында жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың сөздік қорын молайтып, сөйлеу грамматикасын қалыптастыруға болады. Сондай-ақ, ақпараттық технология баланың дүниетанымын, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Өмірге деген көзқарасын жан-жақты дамытып, шығармашылық қабілетіне жол ашады.
Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті сабағында ақын-жазушылар өмірі мен шығармашылығына қатысты қосымша ақпараттарды ғаламтордан оқып, ізденуін мұғалім талап етуі қажет. Сонымен қатар, педагог оқу процесінде сабағына байланысты түрлі мультимедиялық, анимациялық, слайдтық технологияларды тиімді пайдалана отырып дәріс жүргізгені жөн.
Сонымен бірге, мұғалім оқушының шығармашылығын дамыту мақсатында интернет ресурстарының маңызын түсіндіріп, білім алушының интернет беттерінде өз сайты, блогы болуына жағдай жасауы керек деп ойлаймын.
P.S. Қазіргі таңда оқушы – ақпаратпен қаруланған, жан-жақты дамыған тұлға. Оның білімдік қабілеттерін дамыту үшін біз, мұғалімдер жан-жақты қаруланған болуымыз керек.
«Балаға білім бергенде, алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек», - деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, оқыту процесіне жаңа көзқараспен қараған абзал.
«Ұстаз жан-жақты ізденісті қажет етеді. Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп табуға үйретеді», – деп ұлы ойшыл А. Дистерверг айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты. Сондықтан, ғылым жолында бар күш-жігерімізді аямай, еліміздің дамуына өзіндік үлесімізді қоса білейік дегім келеді, құрметті педагогтар!
НАЗИРА Бурханова