22 Қараша 2012, 12:47
Бүгін Парижде ЕХРО–2017 көрмесі өтетін қала анықталады
Бүгін, 22 қарашада Астана уақыты бойынша сағат 22:00-01:00 аралығында Парижде ЕХРО Халықаралық көрмелер бюросы Бас (ХКБ) Ассамблеясының 152-ші сессиясы аясында ХКБ-ға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі арқылы EXPO-2017 көрмесі өткізілетін қала анықталатын болады, деп хабарлайлы BNews.kz ақпарат агенттігі.
Астана қаласы 2017 жылы мамандандырылған EXPO көрмесін өткізу құқығына ие болу үшін «Болашақ энергиясы» тақырыбымен үміткер ретінде қатысып, Бельгияның Льеж қаласымен бірге финалдық кезеңге жолдама алды. Бельгия өз өтінімінде «Адамдарды біріктіру» тақырыбын ұсынып отыр.
Қазақстан астанасы ұсынған «Болашақ энергиясы» тақырыбы баламалы энергия көздері мен «жасыл» технологияларға арналған. Әлемдік қауымдастық өкілдерінің басым көпшілігі Қазақстан астанасының мүмкіндіктері зор деген пікір білдіруде.
Дауыс берудің алдында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының штаб-пәтерінде кандидат-қалалар - Астана мен Льеждің таныстырылымы өтеді. Содан кейін дауыс беріліп, оның қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталады. Халықаралық көрмелер бюросы EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болған елдің құрметіне қабылдау ұйымдастырады.
Таңдау біздің елге түскен жағдайда, EXPO көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтетін болады. Оған әлемнің 100-ге жуық мемлекеті мен шамамен 10 халықаралық ұйым қатысады және көрмеге 5 млн.-нан астам адам келеді деп жоспарлануда.
Дереккөзі: BNews.kz