«Барбанг» күрдтер қауымдастығы

1 Наурыз 2014, 10:56

Қазақстан күрдтерінің басын біріктіріп, олардың мәдени-рухани әлеуметтік өмірін түрлендіріп, әртүрлі әлеуметтік мәселелерді

Қазақстан күрдтерінің басын біріктіріп, олардың мәдени-рухани әлеуметтік өмірін түрлендіріп, әртүрлі әлеуметтік мәселелерді шешіп, Қазақстан халқының бірлігіне бей-жай қарамайтын бірден-бір ұйым ретінде «Барбанг» Қазақстандағы күрдтер қауымдастығын атауға болар еді. «Барбанг» қауымдастығы 1993 жылы құрылды. Бүгінгі күні оның президенті шығыстанушы-филолог, Халықаралық Жоғары Мектеп Академиясының академигі, күрд халқының тарихы мен тілі туралы ондаған монографияның авторы болып саналатын Князь Ибрагимович Мирзоев. 
 
Күрд тіліндегі «Барбанг» сөзі қазақ тілінде «Шығыс» деген мағынаны білдіреді. Облыстағы «Барбанг» этномәдени бірлестігі елдегі достықты насихаттауда өте үлкен жұмыстар атқарып отыр. Олар осы өңірдегі барлық күрд азаматтарын паспорттауды аяқтап қалды. Онда «Кім қанша жаста?», «Кім қанша тіл біледі?» дегеннен бастап, күрд этносына қатысты барлық деректер қамтылған. Міне, осы деректер бойынша облыстағы күрдтердің 90 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлейтіні белгілі болған.
 
«Барбанг» қауымдастығы жыл сайын «Қазақстан – біздің Отанымыз», «Біздің күшіміз достықта» тақырыптары бойынша халықтық-этнографиялық фестивальдарын дәстүрге айналдырған. Бұл фестивальдарда Алматы қаласының, жақын және алыс шетелден келген көркемөнерпаздар тобы өз өнерлерін көрсетеді. Қауымдастық аясында ақсақалдар кеңесінің жиналыстары өткізіліп тұрады. Онда тұрмысқа қатысты басқа да күрдтер өміріндегі маңызды мәселелер талқылынады, ұлттық салт-дәстүрлердің ерекшеліктері туралы әңгіме қозғалады. 
 
Қауымдастық Ұлттық Мемлекеттік мұражайдағы күрд халқына арналған экспозицияны қайта қалпына келтірумен де бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Және бұл істе айтарлықтай жетістіктерге де қол жеткізді. Мұражайға келушілер күрд халқының тұрмысының ерекшеліктерімен, ұлттық тамағымен жақынырақ танысып, күрд ерлері мен әйелдерінің ұлттық киімдерін және басқа да этнографиялық заттарын өз көзімен көруге мүмкіндіктері бар. 
 
Алматыда және республиканың кейбір облыстарындағы қауымдастықтың филиалдары жанында күрд тілін оқытатын жексенбілік мектептер ашылған. 
 
Қазақ классиктерінің мыңдаған шығармалары күрді тіліне аударылған және қазір оларды басып шығару үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. 
 
Күрд мәдени орталығы Қазақстанның барлық халықтарының достығына сеп бола отырып, өзіндік мәдениетті дамыту ошағы ретінде де, күрд халқы үшін қазақстандық отаншылдар мектебі ретінде де әрекет етеді.
 
Күрд этномәдени бірлестігі Ташкенттен, Түркістаннан, Алматыдан қонақтар шақырып, Тараз қаласында үлкен салтанатты жиын өткізді. Оған күрд халқының ең танымал әншісі, Шы¬ғыс пен Батысқа, тіпті, Америкаға да концерттік бағдарламалармен шығып жүрген Шван Парвар атты аты аңызға айналған азаматының өзі келді. Бір концерті кем дегенде 50 мың АҚШ доллары тұратын осы әнші «Сізді Жамбыл облысындағы 20 мың күрд ыстық ықыласпен шақырып отыр» дегенді естіп, тегін концерт қойып беріп кетті. Бір таңғаларлығы, Шван Парвар ұлы ақындар Абайды, Пушкинді, Лермонтовты, дана жазушылар Толстой мен Айтматовты күрд тілінде жатқа оқиды екен. «Соғыс және бейбітшілікті» түгелге жуық жатқа айт десеңіз жатқа айтуға бар. Сонымен бірге, ол ағылшын, неміс, француз тілдерін де еркін меңгерген. Қазақстанға да, қазақ халқына да рахметін айтып, тарихи қаладағы Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, ежелгі Қали Жүніс моншасы сияқты тарихи орындарды аралап, риза болды.
 
Бөлісу: