Неміс перзенті – қазақ жазушысы

1 Наурыз 2014, 10:52

Герольд Карлович Бельгер – әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы, жазушы.

Герольд Карлович Бельгер – әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы, жазушы. 1934 жылдың 28 жұлдызында Саратов облысы, Энгельс қаласында дүниеге келген. Үш тілді жетіп меңгерген Герольд неміс, орыс, қазақ тілдерінде де еркін жазған. Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін тәмамдаған.  1958 жылы жоғары оқу орнының дипломын қолына ұстаған ол, Жамбыл облысының Байқадам совхозындағы орта мектепте ұстаз болып жұмысқа орналасады. 1960 жылдан 1963 жылға дейін  Абай атындағы ҚазПИ-дің аспиранты атанады. 1963-1964 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер болып жұмыс атқарады. 1992 жылдан 1994 жылға дейін неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары қызметін атқарады. 1994 -1995 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады.
 
Қазақ әдебиетіне елеулі еңбек еткен Бельгер Абай атамыздың мұраларын зерттеу мәселелерімен айналысқан. «Үндестік», «Гете және Абай» деген ғылыми - зерттеу жұмыстары бар. «Шың», «Туыстықтың жанды өрнектері», «Асылға абай болайық», «Ақындар сыры» т. б. қазақ, орыс, неміс тілдерінде жарық көрген оннан астам мақала, «Мұнартау» атты көркем әңгіме жазып, әдебиет қорын толтыра түседі. Аталмыш еңбектерінде ол Абайдың шығармашылығына, таудай талантына, ақындық өнеріне, жаңашыл дәстүрін жан-жақты талдады.  Гетенің «Жолаушының түнгі жыры» шығармасы негізінде туындаған М. Ю. Лермонтовтың «Тау шыңдары» мен Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңдерін салыстырып, талдау жасап шыққан. Ұлы Абайдың өлеңдерінің орыс тіліне аударылуын қадағалады, аудармада кеткен кемшіліктер мен қателерге көңіл бөледі. Қазақ жазушылары  Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нүрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжановтың шығармаларын қазақшадан орысшаға, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, т.б. неміс жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды. 25-ке жуық жекелеген әңгімелері мен мақалалары енген жинағы бар. 
 
Бельгердің Қазақстанға сіңірген еңбектері елеусіз қалмады. Мәселен: Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының иегері (1988), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1987), Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының иегері (1992), ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес мүшесі. «Парасат» орденінің иегері (1994), Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлығының (1996) және «Алтын самұрық» сыйлығының (2007) иегері атанды. 
 
Шығармалары: «Тас өткел», «Сосновый дом на краю аула», «Даладағы шағала», «Алтын асу», «Живые предметы родства», «Казахское слово», «Гете и Абай», «Этюды о переводах Ильяса Жансугурова» т.б. Шахмат ойнау Бельгердің қызығушылығы, хоббиі. Отбасында жұбайы - Хисматуллина Раиса Зәкірқызы, педагог, қызы - Ковалева Ирина, актриса, кинорежиссер, немересі - Всеволод (1988 жылы туған ), шөбересі - Юлиана (2005 жылы туған) бар. 
 
Г.Бельгер сияқты Қазақстанға аянбай еңбек еткен неміс ұлтының өкілдеріне ризашылығымыз шексіз.
 
Бөлісу: