Біздің кейіпкеріміз күрд халқының мақтан тұтар азаматтарының бірі – Латиф Айдаров.
Біздің кейіпкеріміз күрд халқының мақтан тұтар азаматтарының бірі – Латиф Айдаров. Ол Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданындағы Түркістан ауылында дүниеге келген. Бүгінде оны күрдтердің Қазақ еліндегі жан-жағына жапырақ жая өскен мәуелі бір дарағы десек те болады. Кеңестік саясат Түркістан ауылында тың игеру туралы ұран көтергенде қазақтармен бірге көптеген орыстар, немістер, күрдтер де осы тарих тармағындағы ұлы іске жабыла күш қосқан. Мүмкін, содан болар, шеттегі қалың қазақ қоныс тепкен ауылдың төрінен орыс орта мектебі бой көтерді. Біраз уақыт өткеннен соң заман талабына сай одан да үлкен, тіпті, спорт залына дейін бар жаңа мектептің ғимараты салынды. Латиф «Қазақстан күрдтері «Барбанг» ассоциациясының облыстық филиалының төрағасы, «LL» өндірістік-сауда кешені» ЖШС-ның директоры Латиф Әмзеұлы Айдаров сол мектепте орыс тілінде білім алды. Қолынан келгенше неміс, француз, ағылшын тілдерін үйренді.
Латифтің әкесі күрд, ал анасы болса орыс қызы Анастасия Лобастова. Ол 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысы кезінде жарақаттанған жауынгерлерді емдейтін дәрігер болып қызмет етеді. Осылайша ол Арыстанды ауылына қоныс аударады. Осы жерде Анастасия Латифтің әкесі Әмземен танысып, отбасын құрады. Олардың отбасында бірінен кейін бірі 5 нәресте өмірге келеді. Яғни, Латифтің өзінен үлкен екі әпкесі және өзінен кіші бір інісі мен бір қарындасы бар. Күрдтер қазақ жеріндегі Қаратау сынды таулы өңірге келгенде, алғашқыда өз жеріне келгендей сезімде болыпты. Кейін таулы өңірдегі қазақтармен туыс болып кеткендері сонша, сол ауылдағы күрд – қазақ тілін, ал қазақ – күрд тілін жақсы меңгеріп алған.
Тарих беттерін ақтарып көрсек, күрд этносы қазақ жеріне кеңестік қатаң режімнің тұсында, сталиндік жазалау мен қуғын-сүргін кезінде келген. Егер оны кезең-кезеңге бөліп қарастырсақ, онда екі кезеңге бөлуге болар еді. Бірінші кезең, 1937 жылы болса, «жер аударылғандардың» екінші кезеңі 1939 жылға сәйкес келеді. Ол кезде Латифтің әкесі Әмзе бар болғаны 15 жаста еді. Әмзенің туған жері бүгінде Таулы Қарабақ деген атпен белгілі болған елді-мекен. 1939 жылы екінші мәрте жер аударылған күрдтердің біразын Алматы облысына, енді біразын Талас ауданындағы «Қаратау» кеңшарына, Жамбыл облысының Шу ауданына, тағы бір бөлігін Талас ауданындағы «Қаратау» кеңшарына, Қасқабұлақ елді мекеніне, Сарысу ауданындағы «Түркістан» кеңшары мен оның бөлімшесі Буденовка ауылына бөліп-бөліп орналастырады. Латифтің кіндік қаны тамған шағын ғана Буденовка ауылы бүгінде Арыстанды деп аталады.
Латиф Арыстандыдағы орта мектепті үздік бітіргеннен кейін Шымкенттегі химия-технология институтына түседі. Бітіргеннен соң білімі мен білігіне қарай көптеген жауапты қызметтерде жұмыс атқарды. Кәсіпкерлікпен де ол алғашқылардың бірі болып айналыса бастады. Ол бүгінде бірқатар ірі жобалардың авторы қол жет¬кізді. Бүгінде оның иелігінде жиһаз жасаумен айналысатын үлкен фабрика, думанханалар кешені, салтанатты жиындарды ауа шарларымен безендіретін компаниясы бар. Латиф кәсіпкерлікпен 1988 бері жылдан бері айналысып келеді. Латифтің сондай-ақ, құрылыс жұмыстарымен де айналысатын компаниясы бар. «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасының облыстық филиалын басқара жүріп, Латиф Қазақстандағы кәсіпкерлік мәселелерінің шешілуіне айтарлықтай үлес қосқан.