Салт-дәстүрін аялай білген халық
(Ұйғыр халқының салт-дәстүрі хақында)
Салт-дәстүрін аялай білген халық
(Ұйғыр халқының салт-дәстүрі хақында)
Қазақстанда тұратын ұйғыр халқы ежелден келе жатқан, ата-бабалары қадір тұтқан дәстүрлер мен салттарын, әдеттері мен ғұрыптарын аса қадірлей отырып, оларды мұра ретінде өз ұрпақтарына беруге тырысады. Ұйғыр отбасы көп балалы болуды ұнатады. Олар үй салғанда балаларының санына қарай бірнеше бөлмені жалғастырып салуды дәстүр еткен ұлттардың санатында. Яғни олар аула тазалығына ерекше мән береді. Сонымен қатар отбасы тәрбиесінде баланы жастайынан еңбекке үйретуге, ата-анасын қадірлеуге, басқа түскен ауыртпалық, қиындықтарды жұмыла көтерісуге, туыстық парыз санау оларда жазылмаған заң болып саналады.
Әкенің мұрагері тұңғыш ер бала болып есептеледі. Ол әке қайтыс болғанда әке орнын басып, отбасы мүшелерінің бәріне қамқоршы болады. Еңбекпен, туысқандықпен, көршілікті дәріптейтін ұйғырларда мынадай мақал-мәтелдер бар. «Арық қазбасаң атызға су келмейді», «Жер тойынбай, ел тойынбайды», «Еңбек еткен ерсі емес» деп еңбекті сүйе отырып, жерін бау-бақшаға айналдыруды көздеген. Сондай-ақ «Жер таңдама, көрші таңда», «Төртеу түгел болса, тасқа гүл өсер» деп бірлікке, бауырмалдыққа тәрбиелеуге ерекше мән берген.
Жастардың тұрмыс құруы ата-ананың ұйғаруы бойынша іске асырылады. Ұйғырлардың арасында ана жағынан үш атадан кейін (шөбереден кейін) бір-бірімен тұрмыс құра береді. Ұйғырларда жастайынан айттырып қою заңы сақталған. Қимас достардың бірінде қыз дүниеге келсе, баламыз сіздің үйдің қызының «құлағын тістеп» қойыпты деп құда болу ниетін білдірген. Мұндай дәстүр қазақта да бар. Мәселен бел құда, бесік құда болу дәстүрлері.
Ата-ана кәмелетке толған баласын үйлендіру үшін құда болатын үйге "елші" жібереді. Елшінің міндеті үйдің тұрмыс жайын байқау, ауладағы ошақтардың әктелуіне қарап, сол үйдегі бойжеткеннің еңбеккерлігін бағалау. Егер ол үй иелері көңілінен шықса, елші келген мақсатын білдіреді. Елші екі-үш рет келіп, екі жақты бір шешімге келтіруге ат салысады. Содан кейін қыздың әке-шешесі той өткізуге келісім береді. Той уақыты келісілген соң тәтті шай, салық шай, құдалық шайлар өткізіледі. Әр шайдың өзіндік қызметі бар. Мәселен, тәтті шайға құдаларға арнап 20-30 табақ тартып, әр табақта шайға қажетті тандыр нан, өрік-мейіз, жаңғақ, қант-кәмпиттер, самсалар және т.б. салады. Қалыңдыққа киім, әр түрлі сыйлықтар әкелінеді. Ал салық шайдың мәні өте жоғары, өйткені осы салық шайда құдалардың келісімге келуі немесе келісімнің бұзылуы да мүмкін. Салық шайда тойға сойылатын мал, бөлінетін қаржы, сыйлықтардың түрлері келісіледі. Қызды қолдан ұзату ата-ана үшін үлкен абырой саналады. Қызды алып қашу деген болмайды.
Қалыңдықтың үйіндегі тойды күйеу жігіттің ата-анасы атқарады. Тойдан бір күн бұрын тойға қажетті жабдықтар қыздың үйіне әкелінеді. Қалындық жағы құдаларына құрмет көрсетіп, алдынан арқан кереді.
Той үстінде күйеу жігіт жолдастарымен сәлем беруге келгені хабарланады. Күйеу жігіт табалдырықты аттағанда аяқ астына кілем төселеді, басына тақия кигізіледі. Мұның сыры сол отбасына мүше, яғни бала болды деген құрмет.
Қалыңдық пен күйеу жігіттің некесі той үстінде қиылады. Жігіттің жолдастарына қалыңдықтың үйі бет орамалдар сыйлайды. Некесі қиылған соң жігітті туыстары мен жолдастары құттықтайды. Той үстінде жігіт сандығы мен қыз сандығы ашылады.
Туған туыстар сандыққа сыйлықтарын тастайды. Қыздың шешесі сандықты бекітіп, кілтін құдағиына табыс етеді де оны жігіттің үйінде сыйлы адамға аштырады. Сандықтағы заттар көрсетілген соң енесі кілтті келініне тапсырады.
Елге сыйлы қарт ана той үстінде жас келінге тәлім беріп жас келіннің міндеттерін түсіндіреді. Келіннің міндеттері: таңертең ерте тұру, ауланы сыпыру, отбасы мүшелеріне таңертең сәлем беру, үлкен-кішіні сыйлау, күйеуінің сырын сақтау, құдалар арасында сөз жүрмеу туралы айтылады.
Жас жұбайлардың алғашқы түнінде төсек басына анар жемісі қойылады, ол отбасы берік, көп балалы, тату тәтті өмір сүрсін дегені. Екі жақтың жеңгелері алғашқы түні келіннің адалдығына куәлік еткен. Жас келін адал болса, қыздың үйіне қызыл гүл апарып, сүйінші сұраған. Ал қыздың адалдығына күмән болса, оны үйіне қайтарған.
Жас келін өз бетімен ата-анасының үйіне бара бермеген. Отбасы мүшелерінің рұқсатымен жұма күндерінің бірінде қайын сіңлісін немесе абысынын ертіп, сәлем беруге барады. Үй іші қызына құрмет көрсетіп қайтарады. Келін күйеуінің туыстарына да сәлем беруге барады, бұл жолы ол күйеуімен немесе жалғыз баратын болған. Күйеу жігіт те жұбайының ата-анасына сәлем беруге барады. Осы сәлемдер атқарылған соң, құдалар құдалық жолын жасайды.
Жігіттің ата-анасы келіннің аяғы ауырлағанда мұрагер туса деп үміттенеді. Келіннің босануына бір жарым ай уақыт қалғанда, оның ата-анасы құдаларының алдына үлкен сыйластықпен келіп, қызын босандыруға үйіне алып кетуге рұқсат сұрайды. Қыздың ата-анасына еріп кетуіне немесе қала беруіне де болады.
Нәрестенің дүниеге келуіне ұйғырлар ерекше көңіл бөледі. Кіндік шешелікке ел құрметтеген адамдарды шақыру дәстүрі әлі күнге сақталған. Әсіресе қыз баланың кіндігін биязы, инабатты адамға кескізіп, сол кісінің жақсы қасиеттері жас нәрестеге беріледі деп ырымдаған.
Келіннің тұңғышы ұл болса, оның беделі артқан. Жалпы түрік халықтарының арасында, соның ішінде қазақтарда да, ер баланың дүниеге келуі "ұрпақтың жалғасы, шаңырақтың иесі, елді-жерді қорғаушы" деген көзқарас біздің ортақ мәдени мұраларымызға айналған. Патриархалдық дәстүр бойынша еркек кіндіктінің отбасындағы орны ерекше еді: "Ұл туды дегенде табиғат та қуанады, тау-тас қозғалып, бір-біріне соғылады, ал қыз туғанда қазанның құлағы ғана сылдырлайды" деген мақалдан көруге болады. Бұдан ер азаматтың отбасындағы, қоғамдық өмірдегі орны, елін-жерін қорғаудағы жауапкершілігі байқалады.
Дегенмен де отбасында қыз баланың өзіндік орны бар екенін "Ұлың жаққан шырақты қызың да жағар" деген мақалдан түсінуге болады. Ұйғыр халқы қыз баланы отбасында ерекше сыйлап, ата-анасы, туыстары оған "сіз" деп сөйлеген. Қыз баланың шашын кішірек кезінде талдап, бой жеткенде бір бұрым ғып, тұрмыс құрып, бала сүйгеннен кейін шашын екі бұрым етіп өрген.
Дүниеге келген ер баланың есімін әкесінің ата-анасы қоятын болған. Ер балаға қойылатын есімдер араб, парсы тілдерінен Азат, Әзиә, Бахтияр, Кудрат, Тахир, ер жүрек болсын деп жыртқыш аңдар мен құстардың атауларын, ерлік, күш, ақылды білдіретін есімдер берілген. Қыз балаларға нәзіктік пен сұлулықты білдіретін гүл, асыл тас атауларынан қойған. Мысалы, Айгүл, Бохаргүл, Рошангүл. Ер бала есіміне -хан, -бек, -ахун, қыз бала есіміне -буви, -бану, -ай қосымшалары қосылған. Балалары тоқтамаған ата-аналар ер балаларына Тоқтасын, Тұрсын, Тоқтақын деген есімдер берген. Ер азаматтарға жасы кішілері "ака" деп, мәселен, "Кудрат ака" деп құрмет білдірген.
Жас нәресте дүниеге келген үйге 12 күнге дейін бөтен адам келмейді. Кешке қарай аулада адыраспан тұтатылады, оның мәні біріншіден нәресте бар екенін, екіншіден, тазалық үшін ауаны аластағанын білдіреді. Жас ананы қырық күн буыны бекігенге дейін күтетін болған. Қыздың өз шаңырағына келіп босануы, жас ананы аялаудан туындаған, өйткені оның анасы, сіңілдерінің күтімі жас ананың көңіл-күйіне мейілінше жақсы әсер ететіні белгілі.
Бала қырқынан шыққан соң, қырық қасық суға шомылдырып, қарын шашы мен тырнағын алып, бесікке салу тойы жасалынады. Нәрестені әкесі немесе анасы өскен бесікке салады, ондағы мақсат сәбидің өмір жасы ұзақ, үбірлі-шүбірлі болсын деген тілек. Құдалар келіннің ата-анасына сіңлілеріне сыйлықтар жасайды, ризашылықтарын білдіреді. Бесік тойынан соң құдалар келінді сәбиімен үйіне алып қайтатын болған.
Ер бала сүндетке 5, 7 жасқа келгенде отырғызылады. Бұл мұсылмандық парыздардың бірі. Сонымен бірге баланың ер азамат болып қалыптасуына, ұрпақты жалғастырушы, туған-туыстарға қамқоршы болып өсуіне сенім артылады. Ата-ана өз парызын орындап той өткізеді. Тойға ауыл адамдары тегіс қатысады. Онда балаға ат мінгізеді, төсек-орын, кілем сияқты үй мүліктерін тарту етеді. Осы уақыттан бастап ер баланың отау құрғанда пайдаланатын жасауы жиыла береді.
Отбасында баланы ізеттілікке тәрбиелеуте баса назар аударады. Жас балаға сәлемдесу рәсімі ерте үйретіледі. Таңертең дастарқан басында отбасы мүшелері бір-біріне сәлем береді, денсаулықтарын сұрасады. Қыздарды жасынан адамдармен сөйлесіп, қарым-қатынас жасауға, инабаттылыққа тәрбиелейді.
Еңбекке тәрбиелеу де басты орын алады, әсіресе үйдің, ауланың тазалығы көзге ерекше түседі. Кесте, іс тігуге, тамақ пісіруге, бала тәрбиелеуге, отбасының жәй-күйін білуге негіздеп тәрбиелейді. Қазан-ошаққа өте үлкен ұқыптылықпен қарауға мән береді.
Ұйғыр халқында тойда және басқа жиындарда ер адамдар мен әйелдер дастарқан басында бөлек отырады. Қыздар да жігіттер де мәшіреп кештерін өткізеді. Мәшіреп кештерінде арнаулы өлеңдер шығару, онда құрбы-құрдастарының бойындағы ұнамды және ұнамсыз мінез-құлықтарды әзіл-оспақ ету арқылы сынау, мәдени қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, ойын-сауық құру сияқты тәлімдік маңызы зор жұмыстар жүргізіледі. Ұйғырларға сыпайылық қасиет тән. Олар ешқашан адамның кемшілігін тура мағынада айтпайды, астарлы сөзбен жеткізеді. Адам бойындағы міндерді әзіл-оспақпен жеңуге бейім. Мінез-құлқында кемшілік байқалатын қыз бен жігітті "мәшіреп кешін көрмеген" деп, яғни өз құрбы-құрдастарының ортасында болып, бойына жақсылық қасиеттерді сіңіре алмағанын сын ретінде білдіреді. Мәшіреп кештерінде музыкалық әуендер шырқалып, би орындалады. Сауық кештерінде дутар, равап, дап сияқты музыкалық аспаптар кеңінен ойналады.
Ұйғыр халқының отбасында сақталған салт-дәстүрлері өмір талабына сай толығып жаңа мәнге ие болуда. Көне түрік тілдес халықтардың, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен ұштасып, ортақ мәдени мұралардан нәр алуы занды құбылыс.
Дегенмен де, бүгінгі жастардың өмірінде ата-баба дәстүрлерінен алшақтау білінеді. Мәселен шаш түзеу, ерлі-зайыптылардың ажырасуы, ата-ана борышын өтемеу, маскүнемдік және т.б. Осыған орай мектептерде, отбасында ұйғыр халқының асыл мұралары жазылған Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік", Махмұт Қашқаридың "Түркі тілдер сөздігі", Әхмәт Абдүреһим Низаридың "Махаббат дастандары" шығармаларын оқып, оны балалар тәрбиесіне арқау етудің маңызы ерекше.
Қазақстанда тұрушы қалалы жерлердегі ұйғырлардың отбасында негізінен 2-3 бала, ауылды жерлердегі отбасында 4-5 бала болады.
Ұйғырлар арасында басқа ұлт өкілдерімен некелесу, әсіресе мұсылман ұлты өкілдерімен (қазақ, өзбек, қырғыз, татар) жиі кездеседі. Отбасында ұйғырлар өзара ұйғыр тілінде сөйлесуді қатаң сақтайды. Дегенмен қазақстандық ұйғыр жастары өзара бір-бірімен орысша сөйлесуді дәстүрге айналдырғаны байқалады.