Ата-салттың қадірі мен қасиеті
Ата-салттың қадірі мен қасиеті
(дүнген халқының салт-дәстүрлері жайында)
Қазақстанды өзінің отаны деп білетін дүнгендер діни нанымы бойынша мұсылмандар. Дүнген мұсылмандарының діни сенімдерінде де біраз айырмашылық бар. Мәселен «Якшы» мұсылмандары (дүнгендердің тобы) намазды оқу кезінде қолды жәйіп екі рет бет сипаса, ал «Яманы» тобындағылар намаз аяқталғанда бетті екі алақанымен бір-ақ рет сипайды.
Дүнгендердің діни мейрамдары «Эди» және «Құрбан айт». Бұл мейрамдарға дүнгендер ерте бастан даярланады. Ертерек азық-түлік, көкөніс алып түрлі тәтті нандар пісіреді. Ораза айты кезінде әр үй тазалық үшін қатты күреседі. Молданы шақырып Құдайға құлшылық етіп, Құран оқытады.
Ал «Эди» мерекесі Рамазан айынан бір ай кейін өткізіледі. Ол күні басқа мұсылмандар сияқты дүнгендер де 3 күн мейрамдайды. Үш күн бойы дастархан жайып, кіріп шығушыларды қарсы алады. Жастар үлкендердің үйлеріне кіріп сәлем береді, әр үйде қысқаша аят оқылады. Үлкендер жастарға алғыс тілегін білдіреді. Бұл күндері балалар өте қуанышта болады. Себебі үлкендер үйге келген балаларға сыйлықтар береді, тәтті тағамдармен сыйлайды. Балалар үлкендердің алғысына бөленіп, кейін өздері де үлкендерді сыйлайтын болады.
Жалпы дүнгендерде үлкендерді сыйлау ерекше дәстүр болып саналады. Бүгінге дейін дүнген жастары үлкендерге зор ілтипатпен қарайды. Қарттар арасында балалары тарапынан қараусыз қалғандар кездеспейді. Балалары әкелерін (жалпы үлкендерді) зор құрметпен бағалай біледі. Үнемі қамқорлық жасап отырады.
Тағы да діни мейрам «Құрбан айт». Ол күні қаржысы барлар Аллаға арнап қой сойып құрбандық береді. Ең жоқ дегенде тауық сойып құдайға мінәжат етеді. Тәңертең әйелдер майға пісірілген шелпекті, пісірілген етпен, сырмен қосып үлестіреді.
«Құрбан айты» күні немесе «Эди» күні өлген аруақтар үйге келеді деп есептеп музыканы қатты айғайлатып қоймайды.
Бүгінде дүнгендер тұратын елді пункттердің бәрінде дүнгендердің мешіті бар. Ол халықтан жиналған қаржы есебінен салынады. Дүнгендер үшін мешіт ең құрметті, қасиетті орын болып саналады. Мешітке жұма күні еркек, әйелдердің бәрі келіп Құдайға мәніжат етеді. Бірақ әйелдердің беттері ашық болуы керек. Мешітте еркектер бір бөлек, әйелдер бір бөлек намазға жығылады.
Басқа мұсылмандар сияқты дүнгендерде барлық ұлттық салт-дәстүрлер сақталады. Мәселен, бала туғанда, 3-7 күннен кейін молда шақырып, балаға ат қойғызады. Балаға қойылған ат сүйкімді, айтуға жеңіл болуға тиіс. Егер балаға қойылған ат ұнамаса басқа (жаңа) ат қоюға болады. Бірақ алғашқы ат сақталып қатар қолданылуы мүмкін.
Бірінші бала дүниеге келгенде баланың әкесі келіншегінің әке-шешесімен өз әке-шешесін шақырып сыйлықтар мен тәтті тағамдар беріп сыйлайды. 7 күн өткеннен кейін ең жақын туыстары мен достарын шақырып дунган кеспесімен «Шы-мя» атты тәтті тағаммен сыйлайды. 40 күн өткен соң тағы да әйелдерді шақырып, дүнген кеспесін «То де мя» атты тәтті тағаммен сыйлайды, 4 түрлі салаттар қойып, тәтті тоқаштармен сый-құрмет көрсетеді.
Келін түсіру ырымдарында қазақтарға ұқсастық жағы бар. Оларда да дастарқан толы түрлі тағам, жағалай отырған көнілді насихат сөздер айтысады. Әуелі шай беріліп, үлкен қазан толы ұлттық тағамы "дүнген кеспесі" дайындалып, алға тартылады. Той тағамдарын ер-азаматтар әзірлеп, әйелдер ыдыс-аяқ тазалап, картоп, сәбіз, жуа тазалау сияқты жеңіл жұмыстармен айналысады. Бұл әйелдерді құрметтеуден туған және олардың отбасының ыдыс-аяқтары мен сәбіздеріндей таза да ақ ниетте болуларының айғағы. Шашу шашылады, ырым, жол-жоралғылары жасалып, жас отауға деген тілек-насихаттар арқылы келіннің инабатты да ізетті, жаркын жүріп, үбірлі-шүбірлі болуларына, тату-тәтті, өмірбақи сыйласып өтулеріне тілектер айтылады. Су шашып әзілдеулері – келін судай таза, мөлдір махаббат иесі болсын деген ырым. Ұлттык ойын-сауықтар өткізіліп келіннің некесін қиғанда: "Өз еркіңмен келдің бе?" деп көпшілікті күлдіреді.
Дүнгендердің салты бойынша күйеу жігіт қыздың отауына келіп, қызды қолынан жетектеп алып шыққан соң оның әке-шешесіне қол ұстасып келіп бата сұрайды. Қыздың әкесі екі жасқа ақ тілек білдіріп батасын бергеннен кейін қыздың отауына қалыңдық пен жігіттің жолдастары кіріп, қыздың жасауын жинауға, шығаруға кіріседі. Ал осы кезде қыз жағының жігіттері үйдің ортасына отты лаулатып жағып қойып, қыз жасауын үйден шығармау жолында таласып-тартысады. Жігіт жағы жеңсе ғана жүкті шығарып әкетеді. Кейде қыз жақтың жігіттеріне жең ұшынан сый-ақы беріп алып кетеді. Бұл, біріншіден, сайқы-мазақ ойын болса, екіншіден жігіт жақтан жасауды ақша (выкуп) беріп алуға мәжбур ету. Ал, отаудағы лаулап жанған от олардың өмір жолы, махаббаттары оттай қызу болсын деген тілекті білдіруден туған ырым.
Келушілер жас отауға лайықты сыйлықтарын тарту етеді. Жас жұбайларды машинамен табиғаттың ең көркем жерлерін аралатып, табиғаттай әсем болуға, оны қорғай білуге, жақсы жүріп-тұрып, ел құрметіне бөленуге шақырады. Тойды екі жақ бірлесіп атқарады. "Көппен көтерген жүк жеңіл" дегендей, бір адамға ауыр соқпауды ойлайды. Дүнгендерде: "Жазда келген жалғыз қарлығаштың бір өзі еш нәрсе жасай алмайды" деген даналық сөз тіркестері бар.
Тойда күйеуді алдырып, қора айналдырып, ырым жасайды да, қалыңдықты көтеріп алдынан алып шығады. Күйеу қалтасынан қалындыққа арналған сыйын алып береді. Тойдан соң екі құда бірін-бірі кезекпен-кезек қонаққа шақырып, бір-біріне 48 түрлі тағаммен сый-қүрметтерін көрсетеді, Бұлардың бәрі – сыйластықтың белгісі. Келіннің киім-кешектерін тұсына іліп, көпшілікке көрсету, көрімдік алу, сыңсу, жұбатушы кошеметшілері т. б. заңдары қазаққа ұқсас. Адам мінезін түзеу, ұрпақты енбексүйгіш, иманжүзді азамат етіп тәрбиелеу мәселесі дүңгеннің мақал-мәтелдерінен, ауыз әдебиеті үлгілерінен орын алған. Мәселен: "'Жалғыз ағашты жағу қиын, жалғыз баланы бағу қиын", "Өзің түзу тұрсаң көлеңкең қисық түспейді", "Досы жоқ адам өз мінін білмейді", "Күйгелектің ісінде кемеңгерлік болмайды", "Сыпайы адам серігінің көлеңкесін баспайды", "Қатеңді мойындамасаң, қайта қате жасайсың" т. б. асыл сөздерде ұлағат өсиет, үлкен өнеге жатқанын байқаймыз.
"Отансыз адам – қанатсыз құс" дегендей, қазақ жерін паналап, отанындай көретін дүнгендер қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан еңбекшіл халық. Олар балаларын да еңбекшілдікке тәрбиелейді. Қазақ, қырғыздар да оларды бауырмалдықпен өздеріне тарта білген, достық қарым-қатынастары жастарға үлгі. Дүнгендер орналасқан жергілікті халықтармен бауырласып, бас бостандығын алуға солармен бірге ерлік көрсетіп келеді.