Біздің елдің тыныштығын сақтап отырған «қазағымыздың қонақжайлылығы» емес пе?! Сол тыныштық пен бейбітшілікті сары майдай сақтап отырған этностардың бірі – немістер.
Қазіргі таңда Қазақстанда 130 ұлт пен 46 конфессия өкілдері бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Еліміз этносаралық және дінаралық келісім бойынша да мол тәжірибеге ие. Біздің елдің тыныштығын сақтап отырған «қазағымыздың қонақжайлылығы» емес пе?! Сол тыныштық пен бейбітшілікті сары майдай сақтап отырған этностардың бірі – немістер.
Немістер – Германияның негізгі халқы, ал Қазақстанда тұратын немістер Үндіеуропа тілдерінің батыс герман тобына жататын неміс тілінде сөйлейді. Неміс тілі Германияда, Австрияда, Лихтенштейнде, Швейцарияда, Люксембургте қолданысқа енген тіл. Германияда, Австрияда Лихтенштейнде мемлекеттік тіл болып, ал Швейцарияда, Люксембургте, және Бельгияда кейбір аймақтары үшін ресми тіл болып саналады. Неміс тілі ағылшын және голланд тілдеріне туыстық қатынасы бар. Неміс тілі әлемдегі негізгі тілдердің бірі және Еуропа Одағындағы ана тілі ретінде ең көп пайдаланылатын тіл. Кейбір мәліметтер бойынша бұл тілді ана тілі ретінде 87 миллион адам қолданады екен.
Қазақстандағы неміс диаспорасының тарихы 200 жылдан астам уақытты алып жатыр. Қазіргі кезде елімізде 220 мыңнан астам неміс ұлтының өкілдері тұрады. 1992 жылы Қазақстан немістерінің алғашқы съезінде «Қайта өрлеу» республикалық қоғамдық ұйымын құру туралы шешім қабылданды (төрағасы – Дедерер Александр Федорович). Неміс үйінде қонақта болған кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қонақтардың пікірлері кітабына»: «Тәуелсіз Қазақстанның азаматтарының мүддесін қорғауда, халықтар арасындағы достықты нығайтуда белсенді жұмыс атқарып отырған Неміс үйіне табыс тілеймін» деп жазды.
Қазақстанда ұлы Гетенің тілін тереңдете оқытатын 6 мектеп табысты жұмыс істеп келеді. Бұл мектептердің түлектері екінші дәрежелі тілдік дипломды ала алады. 84 жексенбілік мектепте 3 000-нан астам бала оқиды.
Неміс тілінде бұқаралық ақпарат құралдары – «Deutcshe Allgemeine Zeitung» республикалқ газеті мен «Феникс» әдебиет альманахы басылып шығарылуда, радиохабарлар мен «Kasachstan im Blickpunkt» телебағдарламасы халық назарына ұсынылған. Алматы қаласында неміс театры жұмыс істейді. Бұл театр тек Қазақстан бойынша ғана емес, Германияға да гастрольге шығып отырады. Халық мәдениетін дамыту мақсаттарында фестивальдар мен неміс мәдениеті күндері, семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп тұрады. Облыстық неміс қоғамдарында шамамен 230 шығармашылық ұжым жұмыс істейді.
Неміс мәдени орталықтарының қызметі немістердің этникалық қайта өрлеуіне және олардың Қазақстаннан көшіп-қонуларын азайтуға бағытталған. Аймақтық ұлттық мәдени орталықтар арқылы неміс халқының диаспорасын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен тілін сақтап қалу бойынша мемлекеттік саясат жүзеге асырылады.
Германия да болсын, Қазақстанда болсын немістер ұлттық киімдерін күнделікті өмірде кимейді, тек мейрам күндері сәнді киімдерін тамашалауға мүмкіндік бар. Олардың дәстүрлі киімдері орта ғасырлар негізінде 16-17 ғғ. қала сәні киімдері элементтерінен қалыптаса бастаған. Әйел адамдардың киімдері корсаж немесе кофта, бүрмелі белдемше, алжапқыш. Ерлер киімдері жейдеден, қысқа немесе ұзын шалбардан, жеңсіз киім (кейіннен жилет), мойынға тағатын орамал, кебіс немесе етіктен тұрады.
Германиялық «Konrad Adenauer» қорының төрағасы Амос Хелмс отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында: «Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, аз ғана 20 жыл ішінде экономикасы көкке көтерілген елге айналды. Әсіресе елдегі 130-дан аса ұлттар арасындағы тұрақтылық, достық қарым-қатынас қалыптасқан қазақтың қасиетті жері қашанда өзге елдерге үлгі өнеге болуда» деп ойын түйіндеді.