Жоғары оқу орындарының оқулықпен қамтамасыз етілуі

1 Наурыз 2014, 11:33

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2013 жылы мемлекеттік тілде білім алатын студенттердің саны 56,3 пайызды құраған. Болашақта бұл көрсеткіш 60-70 пайызға дейін өседі деген болжам бар.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2013 жылы мемлекеттік тілде білім алатын студенттердің саны 56,3 пайызды құраған. Болашақта бұл көрсеткіш 60-70 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Бұл, әрине, қуанышты жаңалық. Себебі, тәуелсіз елдің ұрпақтарын тәрбиелеу үшін ана тілінде білім беру бүгінгі таңда өте маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Жалпы алып қарайтын болсақ, экономикасы мен саясаты жақсы дамыған елдер өз тілдерінде сөйлеп, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын сақтауға тырысады. Олардың қатарында: Франция, Германия, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Жапония сияқты елдер бар. Жоғарыда аталған мемлекеттердің экономикасы, саясаты, мәдениеті дүниежүзіне мәлім. Біздің елдің де даму қарқыны күннен-күнге өсіп келе жатыр. Халқымыздың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен қоса, ұлттық құндылықтарымызды да жоғалтпауымыз керек. Сондықтан да қазақ тілінде сөйлеп, білім алу қажет. Ол үшін мектеп қабырғасынан жоғары оқу орнына аяқ басқан жас буынды сапалы қазақ тіліндегі оқулықтармен жеткілікті түрде қамтамасыз еткен дұрыс.
 
Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының кітапханалар қорында 50 млн астам кітап бар, бірақ оның мемлекеттік тілдегісі 8 млн ғана, ол бүкіл кітап қорының 16 %-ын ғана құрайды екен. Негізінде ана тіліндегі оқулықтардың саны 25-30 млн.-нан кем болмауы керек. Ал барлық мамандықтарды базалық оқулықтармен қамтамасыз ету орташа алғанда 70 %-ды құраса, оның ішінде мемлекеттік тілдегісі – 30 % ғана. Яғни, мемлекеттік тілдегі оқулықтармен қамтамасыз ету аса өзекті мәселе деңгейіне көтеріліп отыр.
 
2003 жылы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының қауымдастығы қазақ тілді оқулықтарға сараптама жүргізген болатын. Нәтижесінде, 10 мың пән ішінде 2 800 пән бойынша оқу құралдары жетіспейтіні анықталды. 
 
Осыған орай, 2011 жылдан бастап тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі республикалық бюджеттен жоғары оқу орындарына арналған базалық оқулықтарды шығару мақсатында 137,7 млн. теңге көлемінде қаражат бөлді. Соңғы 3 жылда ана тілімізде жазылған 200 түрлі аталымды қамтыған басылымдар бірнеше мың тиражбен жарыққа шықты. Бұған қоса шетел ғалымдарының танымал оқулықтары қазақ тіліне аударылды. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Ресей сияқты елдердің авторларының оқулықтары бар. Аударылған оқулықтар нанотехнология, биотехнология, музыка, философия, минералогия, ақпараттық технология, дизайн мен архитектура және т.б. пәндер бойынша қамтылған. Арнайы шетел авторларынан авторлық құқық алынып Қазақстан республикасы жоғары оқу орындарында жетіспейтін оқулықтар басылды. 
 
Студенттер, көбінесе, физика, химия, мұнай-газ, тау-кен ісі, архитектура т.б. көптеген салалар бойынша қазақ тілінде оқулықтар таба алмай жүреді. Болған күннің өзінде өте аз. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бүгінде «Әлемдік мұнай-газ ісіне кіріспе» (авторлары Самуэль А., Вэн Вэктор), «Құпиясыз нанотехнологиялар» ( авторлары Уильямс Л., Адамс У.), «Бейорганикалық химия, 1-том» (авторлары Шрайвер Д.,Эткинс П.), «3ds Мах-та сәулет және интерьерлер дизайны» ( авторы Миловская О.) т.б. көптеген оқулықтар ана тіліне аударылып жарық көрді.
 
Бүгінде егемен елдің жарқын болашағы үшін үкімет тарапынан білім саласында оқулық шығару ісіне көп көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда заманауи және биік талапқа сай сапалы оқулықтардың саны күн санап артып келеді. Мұның барлығы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің сапалы білім алуына жасалып жатқан шаралар. 
 
 
Мұстафина Ақлима
 
Бөлісу: