Азамат соғысы

24 Қараша 2014, 04:27

Азамат соғысы — мемлекет ішіндегі әлеуметтік топтар мен таптар, діни ағымдар мен кландар арасындағы өкімет билігі жолында жүргізетін қарулы күрес.

Азамат соғысы — мемлекет ішіндегі әлеуметтік топтар мен таптар, діни ағымдар мен кландар арасындағы өкімет билігі жолында жүргізетін қарулы күрес. Англияда «Алқызыл және ақ раушан» (1455 – 58), АҚШ-та буржуазиялық Солтүстік пен құл иеленуші Оңтүстік (1861 – 65), Францияда монархистер мен республикашылдар (1871), Испанияда фашистер мен демократтар (1936 – 39) арасындағы азамат соғыстары болып өтті.

1918 – 20 ж. Кеңестік Ресейде орын алған Азамат соғысы Қазақстанды да қамтыды. Ол іс жүзінде 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жалғасы болды. Азамат соғысы жылдарында қарулы күрестің бір жағында Қазан төңкерісі жеңісі нәтижесінде жеңіліс тауып, саяси және экономикалық биліктен айырылған күштер тұрды. Оларға АҚШ, Англия, Франция, және Жапония мемлекетінің үкіметтері жан-жақты көмек көрсетті. Күрестің екінші жағында Қазан төңкерісі нәтижесінде өкіметті өз қолына алған большевиктер партиясы бастаған күштер тұрды. Олар большевиктік ұрандар мен Кеңес өкіметі жариялаған социализм идеяларына сенген жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінен қолдау тапты. Большевиктер мен Кеңес өкіметін жақтаушылар «қызылдар» деп аталса, оларға қарсы тұрғандар «ақтар» деп аталды.

Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрестің негізгі күштері Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлері, өнеркәсіп орындарының бұрынғы қожалары, кезінде Ресейден қоныс аударып келушілердің ауқатты топтары, қазақ ауылының бай-шонжарлары және солардың мүдделерін қорғайтын саяси партиялар мен ұйымдар (кадеттер, эсерлер, ұлттық және діни саяси ұйымдар) болды. Алашорда үкіметі азамат соғысының алғашқы кезінде Кеңес өкіметіне қарсы күштермен байланысып, қазақ халқының мүддесін қорғауға тырысты.

Қазақстанда азамат соғысының Ақтөбе (немесе Солтүстік Түркістан), Орал және Жетісу майдандары құрылды. Қазақстандағы шешуші соғыс қимылдарына «қызылдар» жағынан Михаил  Фрунзе, Валериан Куйбышев, Василий Чапаев, Иван  Белов, т.б., ал «ақтар» жағына Александр  Дутов, Владимир Толстов, Борис  Анненков, т.б. басшылық етті. Торғай далаларында «ақтарға» қарсы күресте Амангелді Иманов, Батыс Қазақстанда Хамит Чурин, Бейсен Жәнекешев, т.б. көзге түсті. Ал Әліби Жангелдин азамат соғысы қызу жүріп жатқан кезде (1918 жылдың күзі) Мәскеуде жасақталған қару-жарақ керуенін Түркістан майданына жеткізді.

1920 жылдың көктемінде Қазақстандағы азамат соғысы Кеңес өкіметінің жеңісімен аяқталды.

 

Бөлісу: