9 Қараша 2012, 04:45
Соңғы редакциялау:
22 қазан 2012
Қасым хандығы (орысша Касимов, татарша Хан-Керман) – Мәскеу патшасының бодандығында болған мемлекеттік бірлестік. Алтын Орда ханы, кейіннен Қазан хандығының негізін салушы Ұлық – Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін (1446) елде тақ таласы басталды да, оның ұлдарының бірі Қасым Мәскеу князіне қызметке тұруға мәжбүр болды. Қызметі үшін оған ұлы князь Иван ІІІ 1452 ж. шамасында өз атымен аталатын қала салуға рұқсат берді. Қасым өз иелігінде мешіт пен тас қамал тұрғызды. 1469 ж. Қасым қайтыс болғаннан кейін, иелігі ұлы Даниярға (1469 – 86) өтті. 1486 – 1512 жылдар аралығында Қ. х-н Гирей әулетінен шыққан, Мәскеу билеушілеріне қызметке тұрған Нұр-Дәулет пен оның ұлдары Сатылған мен Жанай басқарды. 1512 – 16 ж. хандықты Алтын Орданың екінші бір ханы болған Кіші-Мұхаммедтің немересі Шейх-Аллиар, 1616 – 67 ж. оның кәмелетке толмаған ұлы Шейх-Әли (Шах-Әли, орыс құжаттарында Шигалей) билік құрды. Мәскеу билеушілері оны бірнеше рет Қазан хандығы тағына отырғызды. Ол Қазанда билік жүргізген уақытта Қ. х-н інісі Жан-Әли басқарды. Шейх-Әлидің ұлы болған жоқ, сондықтан таққа Алтын Орданың соңғы ханы Ахмедтің шөбересі Саин-Болат отырды (1567 – 73 ж.). 1573 ж. ол шоқынып, Симеон деген атпен Мәскеуге келіп Иван Грозныйдан “Бүкіл Ресей патшасы” деген атақ алды. Қ. х-на. уақытша ешкім бекітілмей, тек 1585 ж. Ахмед ханның тағы бір шөбересі Мұстафа-Әли келді. 1600 ж. ол қайтыс болғаннан кейін таққа қазақ ханзадасы Ораз-Мұхаммед отырды. Ол біршама тәуелсіз саясат жүргізіп, 1605 – 10 жылдары Қ. х-н жеке мемлекет етуге ұмтылды. Бірақ 1610 ж. өлтірілді. Ораз-Мұхаммед өлтірілгеннен кейін биілікке Көшім ханның немересі Арслан (1610 – 27) және оның ұлы Сейт-Бұрхан (1627 – 78) келді. Сейіт-Бұрхан 1653/55 ж. шоқынып Василий деген ат алды, бірақ тақтан түскен жоқ. Қ. х. халықты күштеп шоқындыра бастады. Жергілікті халық шоқынудан бас тартып, миссионерлерді өлтірді. Бірақ соңғы ханның тұсынан бастап бүкіл билік орыс воеводаларының қолына көше бастады. Василий (Сейіт-Бұрхан) хан өлгеннен кейін Қ. х-н 1681 жылға дейін ханның шешесі Фатима-Сұлтан басқарды. Осыдан кейін хандық жойылып, воеводаға айнылдырылды, 1708 ж. Қазан, 1767 ж. Рязань губернияларына қарайтын уезге айналды.
Хандықтың орталығы – Қасым қ. болды. Ол үлкен тас қорғанмен қоршалды. Қалада Қасым сарайы, мешіт (1700 ж. дейін сақталған), 2 кесене (мазар) болған. Оның біріншісін 1555 ж. Шах-Әли, екіншісін 1616 ж. Арслан патша салдырған. Сейіт-Бұрхан сарайы 19 ғ-ға дейін сақталды. Қ. х. құрамындағы халық орыс деректерінде қасым татарлары деп жазылған. 19 ғ-да орыс тарихшылары олардың өздерін қазақпыз деп атағанын айтады. Олар Қ. х. халқының өздерін қазақ деп те атауы этникалық ұғым емес, әскери тап, яғни казак атауынан шыққан деп түсіндіреді. Олардың құрамында басты 4 тайпа (арғын, қыпшақ, жалайыр, маңғыт) болған. Қалған ру-тайпалар қағазға түспеген. Жалпы Қ. х. әскерлері Ресейдің ішкі соғыстарына және сыртқы жорықтарына (Польшаға, Швецияға, Ливонияға, т.б.) белсене араласып отырған.
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том