9 Қараша 2012, 04:36
Соңғы редакциялау:
22 қазан 2012
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕЖЕЛГІ ҚОРЫҚТАРЫ – Қазақстан аумағындағы әр түрлі тарихи кезеңдерде орталық не жергілікті билік тарапынан немесе жеке меншік жер иесі тарапынан қорғауға алынып, шаруашылық айналымнан шығарылған, табиғаты ерекше сұлу, тарихи құнды жерлер. Қазақстан жерінде табиғаты бай аймақтар ерте кездерден “қорықты жер” деп аталып, қатаң қорғауға алынғандығы тарихи жазба деректерден белгілі. Белгілі шығыстанушы ғалым А.Н. Бернштамның ұзақ жылдар бойы Қазақстан мен Қырғызстан өңіріне жүргізген археол. зерттеулерінде Тянь-Шань тау бөктерлерінде қола дәуірден (б.з.б. 2 ғ.) 15 ғ-ға дейінгі мекендеген тайпалардың арнайы қорықты жерлері болғандығы туралы жазылған. Табиғаты әсем мұндай жерлерде ел қоныстанбаған. Сондықтан осындай қорықты жерлер жабайы жануарлардың емін-еркін өсіп көбеюіне өте қолайлы болған. Шығыстанушы ғалым Н.Я. Бичурин өз еңбектерінде б.з.б. 3 – 2 ғ-ларда Жетісу өңірінде мал ш-мен шұғылданатын көшпелі үйсін тайпаларының мекендегенін және олардан шыққан дәулетті адамдардың табиғаты көркем жерлерді “қорық” деп белгілеп, ол жерлерге рұқсатсыз мал жаюға, аң аулауға тыйым салғаны туралы жазған. Қытай жиһанкезі Сюань Цзан Жетісу өңіріне жасаған саяхатында (7 ғ.) қазіргі Талас өз-нің таулы аңғарындағы Мыңбұлақ қойнауында орналасқан қорықты жер туралы жазған. Оның қолжазбаларында бұл қорықты жерде мойнына қоңырау тағылған жабайы бұғылардың өте көп болғаны және оларды ешкімнің атуына рұқсат етілмейтіні туралы деректер келтірілген. Сондай-ақ, Талас өңірінде ертеде жабайы жылқының бір түрі – құланның да арнайы қорықта қорғалғандығын, сол өңірдегі жер-су атаулары да дәлелдей түседі. Белгілі тарихшы ғалым М.Е. Массон өз еңбектерінде Талас өз-нің жоғ. ағысының аңғарында 7 – 9 ғ-ларда аң аулауға арналған қорықтың болғандығын жазады. Бұл қорықта негізінен жабайы құландар қорғалып “Құланқорық” деп аталған. Қазақстан жеріндегі ежелгі қорықтар негізінен Сырдария, Шу, Талас, Іле, Аягөз және Ертіс өзендерінің бойында, Сарыарқа өңірі мен Жайық алқабында болған. Мыс., Сыр бойында әйгілі “Кеңқорық”, “Шаян”, “Жаңақорған”, Сарыарқадағы “Ерейментау”, “Басқорық”, “Ханқорық”, “Киікті қорық”, “Алтынқорық”, Шыңғыстаудағы “Жидебай”, Зайсан өңіріндегі “Сарышоқы” қорықтарын атауға болады. Ертеде республика жерінде қорықты жерлердің болғандығын дәлелдей түсетін геогр. жер-су атаулары да көптеп кездеседі. Орта Азия және Қазақстан жерінде 90-ға жуық жер-су атаулары тікелей қорық атымен байланысты қойылған.
Р. Сәтімбекұлы
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том