9 Қараша 2012, 04:34
Соңғы редакциялау:
22 қазан 2012
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕЖЕЛГІ ҚАЛАЛАРЫ – жазба деректемелер мен археологиялық материалдар нәтижесінде анықталған байырғы қоныс орындары, қала жұрттары. 6 – 9 ғ-ларда Оңт. Қазақстан мен Оңт.-Батыс Жетісуда қала мәдениеті жақсы дамыды. Саяси жағынан бұл аймақтар түрік әулеттеріне бағынды және реті бойынша Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағандықтарының құрамына енді. Бұл кезеңде көшіп жүретін жер аумағы шектеліп, көш жолдары қалыптасты, тұрақты қыстаулар мен жайлаулар орнығып, егіншілік пайда болды, отырықшы кедейлер тобы бөлініп, жекелеген рулық топтар отырықшылыққа көшті. Мемл. төрешілдік аппарат құрылып, ортақ тіл мен жазу қалыптасты, сауда және дипломат. байланыстар дамыды. Осындай жағдайда әкімш. және қолөнер, сауда, мәдениет орталығы ретінде қалалар салына бастады. Оңт. Қазақстандағы ең ірі қала Исфиджаб саналады. Ол 629 ж. Сюань-Цзянның жылнамасында “Ақ өзендегі қала” атымен алғаш аталады. Кейін Махмұт Қашқари Сайрам – ақ қаланың аты (әл-Мединат әл-Байда), ол Исфиджаб деп, кейде Сайрам деп те аталғанын жазады. Сайрамнан Шашқа баратын жол бойында 8 – 10 ғ-ларда Газгирд (Қазығұрт) болған. Исфиджабтың шығыс жағында Шарап, Будухкет, Тамтаж, Абараж, Жувикат қ-лары мен елді мекендері орналасқан. Шарапқа – Төрткөл Балықшы, Будухкетке Қазатлық қ-ларының жұрты сай келеді. Тамтаж, Абараж – керуен сарайлары іспетті. Арыстың төм. ағысында орталығы Отырар қ. болған Фараб (Отырар) өңірі жатты. Отырар аты (Отырарбенд) 8 – 9 ғ-лардағы жазба деректерде аталады. Оның Фараб, Тарбанд секілді атаулары да бар. Отырардан төменірек Сырдария бойындағы Шауғар өңірінде сол аттас орт. болған. Шауғар қ. (соғды тілінен аударғанда “Қара тау”) Түркістанның оңт.-шығысында 8 км жерде орналасқан Шойтөбе қ-ның орнында болған. Оңт.-Батыс Жетісуда қалалардың өркендеуіне, қолөнері мен егіншіліктің және құрылыс техникасының дамуына Соғды ұрпақтарының елеулі әсері болды. 8 ғ-дың 2-жартысында олар Шу, Талас жазықтарына көптеп қоныстана бастады. Соғдылық саудагерлер Иран мен Византияны Шығ. Түркістанмен жалғастыратын Ұлы жібек жолының бойына сауда қоныстарын салды. Осындағы Тараз және Суяб қ-лары Қазақстаннан тыс жерлерге де мәлім болды. Жазба деректерге қарағанда 7 – 13 ғ-ларда осы жол бойындағы Аспара, Шігілбалық, Атын, Семекина, Талхиз, Мерке, Құлан, Исфиджаб, Усбаникет және басқа қалалар да маңызды рөл атқарды. Бұл қалаларда ұсталық, зергерлік, былғары өңдеу, қыштан ыдыс жасау кәсібі өркендеді. Тұрғындары егін ш-мен айналысып, бидай, тары егіп, бақ, жүзім өсірген. 9 – 10 ғ-ларда солт.-шығыс Жетісуда да қалалар салына бастаған. Іле өз. бойындағы көшпелілер қоныстарының орнына пайда болған бұл қалалар тез арада-ақ қолөнері мен сауда орталығына айналды. 9 ғ-да және 10 ғ-дың 1-жартысында Жетісуда билік қарлұқтар қолына өтуіне байланысты көшпелі халықтар отырықшылыққа жедел көше бастады. Көшпелі тайпалардың ақсүйектері құнарлы жайылымдарды басып алу, соғыс жорықтары және сауда арқылы байыды. Қоғамның қарапайым мүшелері топ-тобымен отырықшылыққа көшіп, егіншілердің, қолөнершілердің қатарын толықтырды. Осыдан барып үлкенді-кішілі елді мекендер мен қалалар көбейе бастады. 9 – 12 ғ-ларда қоғамның өндіргіш күштері үлкен қарқынмен өсті. Орта Азия мен Қазақстандағы саяси билікті басып алған Қарахан әулеті феод. қатынастардың қалыптасуына ықпал жасады. Осы кезде қалаларда діни орындарға арналған құрылыстар, ақсүйектердің сарайлары, су құбырлары, тазалық жүйелері салынды. Жаңа қалалар пайда болды. Әсіресе, Оңт. Қазақстанда қалалар көркейе түсті. Бұрын 5 – 7 га-дан аспаған Отырар рабадының аумағы 170 га-ға дейін жетті. Кең көлемдегі қазба жұмыстары Оңт. Қазақстандағы қала мәдениеті ескерткіштерінің типологиясын жасауға мүмкіндік береді. Аумағы 30 га-дан асатын қала жұрттарына Сайрам (Исфиджаб), Шортөбе немесе Қараспан-1 (Осбаникет), Отырартөбе (Отырар), Құйрықтөбе (Кедер), Шойтөбе (Шауғар), Жанқала (Жанкент, Янгикент), Сунақ-Ата (Сығанақ), Құмкент жатады. Аумағы 15 га-дан 30 га-ға дейін жететін қалалар – Бурух, Хурлуг, Жумишлағу, т.б. 15 га-ға дейін жететін қала жұрттарына Шарапхана (Газгирд), Бұлақ-Қоғал (Манкент), Тамды (Берукент), Қазатлық (Будухкет), т.б. жатады. Осы қалалардан басқа Сырдарияның орта ағысында 6 – 9 ғ-лардың бірінші жартысына тән мәдени қабаттары анықталған бір топ қала жұрттары жатыр. Қазақстанның оңт-нде жалпы саны 27-ге жететін осындай қала жұрты бар. Қазақстанның оңт-ндегі қала жұрттарына құрылымында – ішкі қамал (цитадель); шахристан (дуалмен бекіндірілген қала) және рабад (қала төңірегіндегі сауда-қолөнер орны) болатын топография тән. Шахристанда бай шонжарлардың, ірі саудагерлер мен дінбасылардың үйлері, сарайлар орналасты. Оңт. Қазақстан мен Жетісудың ерте орта ғасырлардағы қалаларының жұрттарын анықтаған кезде мынадай белгілердің жиынтығы: көлемі мен құрылымы (қамал және бүкіл көлемі немесе қамал мен шахристан); бекіністері; мәдени қабатының байлығы; археол. кешені пайдаланылады. Осындай сан және сапа белгілеріне сүйенгенде, Оңт. Қазақстандағы алдыңғы орта ғасырлардағы барлық қалалар саны 33 болды. Алайда, Оңт. Қазақстанның барлық қалалары неғұрлым кейінгі уақытта да өмір сүргендіктен, қала орындарының кейінгі мәдени қабаттары ертедегі қалалардың көлемін анықтауға және олардың үлгілерін жорамалдауға мүмкіндік бере бермейді. Жетісудың оңт.-батысында, керісінше, бұған толық мүмкіндіктер болды. Жазбаша деректемелерге қарағанда, мұнда 7 – 10 ғ-ларда 27 қала мен қоныс болған, олардың көпшілігі нақты қала жұрттарымен сәйкестендірілді.
Ал Шу және Талас аңғарларындағы аумақта барлығы 36 қала жұрты табылып, олардағы 7 – 9 ғ-лардың мәдени қабаттары анықталды. Қалалар кейінгі кезге дейін өмір сүрген. Олардың топографиясында өзіндік ерекшелік кездеседі. Қала жұрттарында қамал мен шахристаннан тұратын “орталық бөлік” ерекше көрінеді. Орталықтағы құлаған үйінділерге ұз. 3 км-ден ондаған км-ге дейін жететін дуалмен қоршалған аумақ жапсарласып жатады. “Ұзын дуалды” қалалардың орналасуында қатаң заңдылық бар: Талас аңғарында олар бір-бірінен 15 – 20 км қашықтықта, аңғарлардың ең қолайлы жерлерінде, Таласқа ұсақ тау өзендерінің құятын сағаларында орналасқан. Шу аңғарында қалалардың орналасу заңдылығы одан да айқын – он үш қала тау етегіндегі аймақта тау өзендері ағып шығатын жерлерде бір-бірінен 15 – 35 км қашықтықта орналасқан; қалғандары Қырғыз жотасы тауларынан өзендердің Шуға келіп құятын жерлерінде солт. Жақтағы ішкі тізбекті құрайды. Қалаларды сипаттап топтаған кезде қала орындарының көлемі мен топографиясы және жазбаша деректердің мәліметтері пайдаланылуы нәтижесінде қалалар үш топқа бөлінеді. Бұлар: астаналық және ірі қалалар – Тараз, Суяб, Невакет және Нұзкет, олар Жетісудың оңт.-батысындағы Жамбыл, Ақбешім, Қызылөзен және Шитөбе сияқты ірі қала жұрттарына сәйкес келеді. Орташа топқа Таластағы Ақтөбе қ-ның жұрты деп саналатын Текабкет және тиісінше: Сус – Шалдовар, Мерке, Аспара, Жол – Соқылық, Харранжуван – Беловодск бекінісі, Жақ – Сарығ – Грозненское жатқызылды. Шағын қалаларға жататындар: Құлан – Луговое, “Түрік қағанының ауылы” – Шөміш, Кірмірау – Покровское. Ірі қалалардың төңірегінде орналасқан ондаған ескерткіштерді қоныстарға жатқызуға болады. Шу-Талас өңірлерінде орналасқан 403 ортағасырлық қалалар мен мекендердің 240-ның тарихи-топогр. құрылымдары зерттелген. Мұндағы негізгі қалалар Жікіл, Балу, Шелже, Такабкет, Көл, Кендек, Ақтөбе, Төлек, Сус, т.б. Шу аңғарында Баласағұн қ. жетекші орынға шығып, астана рөлін атқарған. Ол 10 – 11 ғ-ларда хан ордасы ретінде қалыптасқан. Оның орнында неғұрлым ерте кезеңдегі қала жұрты бар. Бұл өлкеде осынша көп жаңа қалалардың пайда болуы ауданда отырықшылық пен қала өмірінің дамығанын көрсетеді. Солт.-шығыс Жетісуда 9 – 13 ғ-дың басында қалалар саны артқан. Егер 9 – 10 ғ-ларда мұнда 10 ғана қала болса, 11 – 13 ғ-лардың басында олардың саны 70-ке дейін көбейген. 10 ғ-дағы деректер Іле аңғарының сол жағалауында орналасқан екі қала – Талхиз (Талхар, Талғар) және Лабан қ-лары туралы мәлімет берсе, 11 – 13 ғ-лардың басындағы деректерде Екі-Оғыз, Қаялық, Ілебалық, т.б. қалалар аталады. Солт.-шығыс Жетісудағы барлық қала жұрттары “төрткөл” аталатын үлгіге жатады. Олар тік бұрыш, трапеция түрінде жоспарланған немесе дөңгелек болып келеді, жалпы жер бетінен сәл дөңестеніп тұрады және барлық жағынан бұрыштары мен мұнаралары бар дуалдармен қоршалған. Төрткөлдер солт.-шығыс Жетісуға ғана емес, сонымен қатар оңт.-шығыс Жетісуға, Тянь-Шаньға, Орт. Қазақстанға, Тува мен Моңғолияға таралған. Осы үлгідегі немесе біршама өзгеше жоспарланған қала жұрттары Сырдарияның төм. ағысында, Азов т. маңында кездеседі. Олардың типологиясы жөнінде әр түрлі көзқарастар бар. Тянь-Шаньдағы Қошайқорған мен Шырдабек сияқты ірі қалалардың жұрттары орда-қалалар деп саналады. Ыстықкөл қазаншұңқырының төрткөлдері бекіністер және ауылдық қоныстар деп есептеледі. Сырдарияның төм. ағысындағы суреттеліп отырған үлгідегі қала жұрттары ауылдық мекен жайлар мен қала үлгісіндегі қоныстар деп саналады. Солт.-шығыс Жетісу төрткөлдері үш топқа бөлінеді. Біріншісіне Антоновка, Дүнгене, Шілік; екіншісіне Талғар, Сүмбе, Ақмола енгізілген; үшіншісіне Алматы, Лавар, Қапал, Бояулы, Ақтам, Арасан, т.б. жатқызылады. Бірінші топқа аумағы 30 га-дан асатын қалалар енеді. Бұлар – көп қабатты ескерткіштер, мәдени қабаттарының қалыңд. 2 – 3 метрге дейін жетеді және одан да қалың. Қазба жұмыстары кезінде қала жұрттарынан алуан түрлі керамика, әйнек, теңгелер, қолөнер шеберханалары мен өндірістік күл-қоқыстар табылды, бұлар мұнда қолөнер мен сауданың дамығанын дәлелдейді. Бұл қалалар жұрттарының кейбіреулері нақты қалаларға: Антоновка – Қаялыққа, Дүнгене – Екі-Оғызға баланады. Олардың ішіндегі ең ірісі қарлұқ жабғуының астанасы Қаялық ретінде танылған – Антоновка. Бірінші топты құрайтын төрткөлдер ірі қалалар және астаналық орталықтар болып табылады. Екінші топтағы қалалардың аумағы 10 га-дан 30 га-ға дейін жетеді. Үшінші топ қалаларының аумағы 10 га-ға да жетпейді. Мұндай қала жұрттарының құрылысы Жақсылық қ-ның орнын кең көлемде қазған кезде зерттелді. Оларда тұрғын үйлер дуалдар іргесіне, ішкі жағында орналасады, ішкі аулалар бар. Іле қалалары жұртының бұл тобын бұрынғы көшпелілер мен жартылай көшпелілердің ауылдық қоныстары деп санауға болады. Кейбіреулері керуен-сарайлар болуы мүмкін. Сарыжас, Быжы және Айнабұлақ сияқты бірнеше қаланың жұрты бір-біріне жақын орналасқан екі немесе тіпті үш бекіністен тұрады. Олар әдетте жолдардың түйіскен тұсына салынған.
Бұл кезеңде отырықшы және қала мәдениеті Қазастанның орт. және шығыс аймақтарына қарай ойысқан. Қазақстанның батысында қоныстар пайда болған. Орт. Қазақстанда, Нұра, Кеңгір және Жезді аңғарларында, Ұлытау етегінде ондаған төрткөлдер табылды, мұнда жүргізілген қазба жұмыстары олардың әкімш., қолөнер-сауда және а.ш. сипатын көрсетеді. Шыңғыс хан шапқыншылығы және одан кейінгі Шыңғыс хан ұрпақтары арасындағы соғыстар салдарынан Іле, Шу, Талас алқаптарындағы қалалардың көбі қирап, біржола жойылып кеткен. Италия елшісі Плано Карпини Сырдария жағалауында болғанда, бұл жерлерден көптеген қираған қалалар мен мекендерді кездестіргенін жазды. Француз королі Людовик ІХ-ның елшісі Виллем де Рубрук 1253 ж. моңғол ханы Мөңкеге бара жатып, Іле алқабы арқылы өткенде жазған күнделігінде жоғарыда аталған жазықта бұрын көптеген қалалар болғанын, олардың көбін мал жайылымына айналдыру үшін татарлардың қиратқанын жазады. Сырдария мен Қаратаудағы 13 ғ-да жермен-жексен етіліп, тоналған қалалар – Түркістан (Иасы), Отырар, Сығанақ, Созақ, Құмкент, Жент және Жаңакент 14 – 15 ғ-ларда Темір мен оның ізбасарларының солт.-шығысқа жасаған жаугершілік жорықтарында бекініс қамалдары болып, одан кейін қолөнер және сауда орталығы, хандардың резиденциясына айналған. Олар қазақ хандарының өмірінде маңызды рөл атқарды. 15 – 16 ғ-ларда Қазақ хандығының қалыптасу және нығаю кезеңінің күрделі саяси оқиғалары жағдайында, жерді игеру барысында қазақтардың этн. аумағының қалыптасуы аяқталды. 13 ғ-дың 2-жартысы – 14 ғ-да айтылатын қалалар саны 20-ға дейін, ал мезгілі 15 ғ-дың 2-жартысы – 18 ғ-дың басына жататын қала жұрттары 23-ке дейін азайды. Жалпы алғанда, 9 – 12 ғ-лармен, қала мәдениеті барынша гүлденген уақытпен салыстырғанда, Оңт. Қазақстанның жазбаша деректемелер бойынша белгілі қалалар саны 3 еседей, ал қала жұрттарының саны 6 еседей азайып кеткен. 16 – 17 ғ-ларда аймақтың саяси және экон. өмірінде Аркөк, Қожан, Аққорған, Үзкент сияқты қалалар маңызды рөл атқара бастады. Сайрам өркендеді. 15 – 18 ғ-ларда Түркістан – қазақ хандарының астанасы, одан бұрын Сығанақ пен Сауран Ақ Орданың орт. болды. 13 – 14 ғ-ларда бұл қалаларда үлкен құрылыс жұмыстары жүргізілді, мешіттер, медреселер, басқа да қоғамдық архит. құрылыстар салына бастады. Түркістанда теңге соғылды. Мұнда Әмір Темірдің бұйрығы бойынша Қожа Ахмет Иасауи қабірінің үстіне кесене тұрғызылды, қала аймақтың ресми идеол. орталығына айналып, қауырт өсті. Отырарда да теңге соғылғаны туралы деректер бар. Мұнда Арыстан баб кесенесі салынды. 14 – 15 ғ-ларда Отырардың орталығында үлкен мешіт салынып, жұмыс істеген. Отандық археологтар ізденістерінің нәтижесінде 16 ғ-дың аяғы 17 ғ-дың 80-жылдарындағы Отырар қ-ның халқына демогр. есептеулер жүргізілді. Отырар қ-ның 16 – 17 ғ-лардағы аум. 20 га-ға тең. Оның төрттен бір бөлігін алаңдар, көшелер, шаруашылық жайлар алып жатқан. Махаллаларда (100 шақты) орта есеппен 45 – 63 адам тұрған, ал қаладағы барлық тұрғындар саны 4500 – 6300 адам немесе орта есеппен 5500 адам өмір сүрген. Сығанақ (20 га) пен Созақта (22 га) да тұрғындар саны осындай. Көлемі 35 га болатын Түркістанда 170 махалла болған, оларда 9180 адам тұрған. Көлемі жағынан Сауран Отырардан екі есе үлкен, онда 11000-дай адам, ал Сайрамда (28 га) 7560-тай адам болған. Қарасаманда (6 га), Иқанда (6,7 га), Қарнақта (4,5 га), Қарашоқта (5 га), Сүткентте (6 га), Аркөкте (7 га), Қотанда (7 га), Үзкентте (9 га), Аққорғанда (8 га) 1500-ден 2000-ға дейін тұрғындар тұрып, махаллалар саны 20-дан 40-қа дейін жеткен. Жақанкентте, Суриде, Жүнкентте, Құжанда, Қарақұрымда және Раң сияқты баламасы табылмаған, көлемі 1 – 2 га-ға дейін жететін қалашықтарда 800 – 1000-дай адам тұрған. Жалпы, 16 – 17 ғ-лардың үш ширегі кезеңінде Қазақстандағы қала халқының саны 70 мыңнан аспаған. 17 – 18 ғ-лардағы жоңғарлар шапқыншылығы Қазақстан қалаларының экономикасын құлдыратты. Қазақстандағы орта ғасырлардағы елді мекендер мен қала-лар, мұнда қалалық мәдениет пен өркениеттің ежелден қалыптасып, дамығандығын көрсетеді.
К. Байпақов
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том