9 Қараша 2012, 04:32
Соңғы редакциялау:
25 қазан 2012 жыл
Торғай көтерілісі – он алтыншы жылғы көтерілістің Торғай уезіндегі құрамдас бөлігі. Көтеріліс бастапқыда уездің қыпшақтар қоныстанған Қайдауыл, Аққұм, Қаратоғай, Сарыторғай, Қарақопа болыстарында және арғындар қоныстанған Тосын, Майқарау, Сарықопа, Наурызым, 2-Наурызым болыстарында Ресей патшасының 25 маусымдағы жарлығына мойынсұнбау, болыс басшыларына, тыл жұмысына алынатындардың тізімін жасаушыларға қысым көрсету түрінде жүрді. Т. к-нің екпін алуы барысында Әбдіғапар Жанбосынұлы қыпшақ көтерілісшілерінің ханы, ал Шолақ Оспанов арғын көтерілісшілерінің ханы болды. Кейіннен 21 қазанда 13 болыс (6 болыс арғын, 6 болыс қыпшақ және 1 болыс найман, мадияр) өкілдерінің Жалдама өз. бойында өткен Құрылтайында Жанбосынұлы Торғай у. қазақтарының ханы, Амангелді Үдербайұлы көтерілісшілердің сардарбегі (бас қолбасшысы) болып сайланды. Көтерілісшілер болыстықтар деңгейіндегі жергілікті билік орындарын өз қолдарына алды. 50 мыңнан астам адамнан тұратын көтерілісшілерден ондықтарға, жүздіктерге және мыңдықтарға бөлінген әскери жасақ құрылды. Әрбір қолды басқаруға онбасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды. Кейкі Көкембайұлы бастаған арнаулы мергендер тобы құрылды. Көтерілісшілер штабы Торғай қ-нан 150 км жердегі Батпаққараға жақын Үрпек ауылына орналасты. Әскери кеңес көтерілісшілерді азық-түлікпен, атпен қамтамасыз етуді, ұстаханаларда қолдан мылтық, қылыш, қанжар, семсер, т.б. жасауды ұйымдастырды. 22 қазанда 15 мың адамнан тұратын көтерілісшілер жасағы Торғай қ-н қоршады. Бұған Ә.Жангелдин де қатысты. Қаланы қоршау бірнеше күнге созылды. Қоршаудағыларға көмекке ген. А.Лаврентьевтің жазалаушылар отряды қалаға қарай үш бағытта келе жатты. Жазалаушылардың жақындап қалғаны туралы мәлімет алған көтерілісшілер патша әскеріне қарсы қозғалды. 16 қарашада 12 мың көтерілісшіден тұратын жасақ Тоңқойма пошта ст. маңында подполк. Катоминнің жазалау отрядына шабуыл жасады. Жазалаушы отряд тосыннан жасалған шабуылдан қорғанысқа көшті. Көтерілісшілер адам шығынына ұшырамау мақсатында Батпаққара өңіріне өтіп кетті. Патша өкіметі Т. к-н басу үшін жаңадан 17 атқыштар ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты эскадронын, 18 зеңбірек, 18 пулемет әкеліп төкті. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында Татырда, Ақшығанақта, Күйікте шайқастар болды. Доғал-Үрпекте 1917 жылғы ақпан айының соңында өткен шешуші айқаста көтерілісшілер жазалаушы отрядқа айтарлықтай қарсы тұрып, оларды Торғай қ-на шегінуге мәжбүр етті. Көтеріліс нәтижесінде патша өкіметінің Торғай у-нен қара жұмысқа адам алу жоспары орындалмай қалды.
Ә. Шашаев
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 8-том