9 Қараша 2012, 04:13
Соңғы редакциялау:
22 қазан 2012
Бұқаралық ақпарат құралдары. Алғашқы газеттер – “Түркістан уәлаятының газеті” (Ташкент, 1870 – 82), “Дала уәлаятының газеті” (Омбы, 1888 – 92). Бұдан кейін Ордада және Оралда ағартушылық бағыттағы “Қазақстан” газеті (1911 – 13), Орынбор қ-нда А.Байтұрсыновтың ұйымдастыруымен “Қазақ” газеті (1913 – 1918), ақын-демократ М.Сералин ұйымдастырған қазақ тіліндегі тұңғыш журнал “Айқап” (1911 – 15) шықты. 1913 ж. 11 газет болса, 1975 ж. 407 газет, оның ішінде 15 респ., 38 обл., 271 ауд., 8 қалалық, 69 көп тиражды және 1 ұжымшарлық газет болды. Қазан төңкерісінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі аралықтағы респ. газеттер: “Егемен Қазақстан” (бұрынғы “Социалистік Қазақстан”, 1919 жылдан), “Казахстанская правда” (1920 жылдан), “Жас Алаш” (бұрынғы “Лениншіл жас”, 1921 жылдан), “Экспресс К” (бұрынғы “Ленинская смена”, 1922 жылдан), “Ұлан” (бұрынғы “Қазақстан пионері”, 1930 жылдан), “Дружные ребята” (1933 жылдан), “Қазақ әдебиеті” (1934 жылдан), “Қазақстан мұғалімі”, “Учитель Казахстана” (1952 жылдан), “Спорт” (1959 жылдан), ұйғыр тілінде “Коммунизм туғи” (1957 жылдан), оның араб алфавитімен шығатын “Йени һаят” (“Жаңа өмір”, 1970 жылдан) қосымшасы және үш ауд. газет; корей тілінде “Ленин кичи” (“Ленин туы”, 1938 жылдан); неміс тілінде “Фройндшафт” (“Достық”, 1966 жылдан); өзбек тілінде екі ауд. газет шығады. Респ. журналдар: “Ақиқат” (бұрынғы “Қазақстан коммунисі”, 1921 жылдан), “Здравоохранение Казахстана” (1923 жылдан), “Қазақстан әйелдері” (1925 жылдан), “Народное хозяйство Казахстана” (1926 жылдан), “Жұлдыз” (бұрынғы “Әдебиет және искусство”, 1928 жылдан), “Мысль” (бұрынғы “Партийная жизнь Казахстана”, 1930 жылдан), “Простор” (1932 жылдан), “Қазақстанның ауыл шаруашылығы”, “Сельское хозяйство Казахстана” (1936 жылдан), “Ара”, “Шмель” (1956 жылдан), “Парасат” (бұрынғы “Мәдениет және тұрмыс”), “Балдырған”, “Автомобильный транспорт Казахстана”, “Кооператор Казахстана” (1958 жылдан), “Зерде” (бұрынғы “Білім және еңбек”, 1960 жылдан), “Жалын” (1969 жылдан), т.б.
1921 жылдан Қазақ телеграф агенттігі (ҚазТАГ) жұмыс істейді. Респ. радио хабары 1931 ж. беріле бастады. 1974 ж. радио хабарларының орта тәуліктік көлемі 5 респ., 19 обл. бағдарлама бойынша 70 сағ болып, 200 ауд. және 8 қалалық радио редакция жұмыс істеген болса, қазір 60-тан астам қоғамдық-танымдық бағдарлама, 20-ға жуық муз. ойын-сауық бағдарламасы бар (2003) (қ. Қазақ радиосы). 1958 ж. тұңғыш телехабар берілсе, 1972 ж. 15 телевизия студиясы және 40-тан астам ретранслятор жұмыс істеді (қ. Қазақстан телеарнасы). Респ. радио мен телевизия қазақ, орыс, корей, ұйғыр, неміс, әзербайжан, түрік, татар тілдерінде хабар береді.
Баспа ісі. Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде түркі тілдес халықтардың ішінде татар тіліндегі кітаптардан кейін қазақ тіліндегі кітаптар саны мен көлемі жағынан екінші орын алған. Бұл кітаптар, негізінен, Қазан, Ташкент, Петербург, Уфа, Троицк, Астрахан баспаханаларынан шыққан. Қазақ тіліндегі ең алғашқы басылым 1831 ж. “Қазақ халқына хабарлама” деген атпен Қазан ун-ті баспаханасынан жарық көрген. 1861 ж. Н.И. Ильминскийдің құрастыруымен орыс-қазақ дала мектептеріне арналған “Қырғыздар үшін өздігінен орысша сауат ашу” оқулығы шықты. 1862 ж. “Ер Тарғын” эпосы жұртшылықтың қолына тиді. Ол төрт рет қайта басылып, таралымы 33 800 данаға жетті. 1908 жылға дейін Еділ мен Жайық бойында 2 млн. 201 мың 105 дана 509 басылым (оның 461-і кітап) жарияланған. Фольклорлық сипаттағы 25 басылым жарық көрген. Олардың ішінде “Қыз Жібек”, “Айман – Шолпан”, “Сал-сал”, “Алпамыс”, “Шах-Мұрат”, “Қасым Жомарт”, “Шәкір-Шәкірат” қиссалары мен “Құла мерген”, “Сәтбек батыр”, “Мәлік Ажда”, “Наурыз” жырлары бар. Суырып салма ақындық өнер ішінде Біржан мен Сараның айтысы халыққа кең тараған. Ол тоғыз рет қайта басылып, таралымы 57800 данаға жеткен. Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері де жеке кітап болып шыққан. “Қазақ мақалдары”, “Жұмбақтар мен мақалдар” (құраст. Г.Жәнібеков), “Жұмбақ”, “Шопан ата” (құраст. З.Әбдіқадыров), “Тоғыз құмалақ”, т.б. Сонымен бірге араб, парсы, әзербайжан, өзбек фольклорларының шығармалары қазақ тіліне аударылған: “Ғашықтар кітабы” (ауд. А.Сабасов), “Дарбұға туралы аңыз”, “Өлеңмен жазылған махаббат хаты”, түрік тілінен “Қаһарман”, “Зұлқарнай”, “Сейфілмәлік”, “Бахдам” аударылған. Орыс әдебиетінен А.С. Пушкиннің “Алтын балық туралы аңызы” (ауд. А.Сабасов), “Капитан қызы” (ауд. Молданияз Бекімов), И.А. Крыловтың “Мысалдары” (ауд. Спандияр Көбеев) шықты. Елуге жуық қаламгердің жаңа шығармалары жарық көрді. Бұлардың ішінде М.Сералин, С.Дөнентаев, Қ.Шопанов, Б.Өтемісов, М.Қалтаев, М.Қашымов бар. Т.Жомартбаевтың “Қыз көрелік”, С.Көбеевтің “Қалың мал” романдарын, Қ.Түгісовтің “Надандық құрбаны” атты драмасын атауға болады. Жалпы 1917 жылға дейін қазақ тілінде 1000-нан аса кітап жарық көрді. 1920 ж. қарашада Мемл. кітап баспасы құрылды. Егер 1920 ж. республикада жалпы таралымы 13 мың дана небары 6-ақ кітап шығарылған болса, 1930 ж. 2 млн. 671 мың дана 420 кітап, 1940 ж. 5 млн. 775 мың дана 762 кітап, 1971 ж. таралымы 25 млн. данадан асатын 2096 кітап пен кітапша жарық көрді. 1940 ж. Қазақстанда небары төрт баспа: Қазақ баспасы (1964 жылдан – “Қазақстан” баспасы), Қазақ партия баспасы (Қазпартиздат), Көркем әдебиет баспасы және жастар баспасы болды. 1963 ж. Қазақ КСР Мин. Кеңесі жанынан Баспа істері жөніндегі мемл. к-т құрылды. Ол 1978 ж. Қазақ КСР Мемл. баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемл. к-т болып қайта құрылды. 1989 ж. бұл к-т ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат мин. деп аталды. 1995 ж. оның негізінде ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат жөніндегі ұлттық агенттік құрылды. Ол 1997 ж. таратылып, оның орнына ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім мин. өмірге келді. Бұл мин. ҚР Президентінің 1999 ж. 22 қаңтардағы Жарлығымен ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім мин. болып өзгерді. 2003 ж. 13 қыркүйекте ҚР-ның Ақпарат мин. болып қайта құрылды. Қазір мемл. тапсырыспен жұмыс істейтін 38 баспа бар (2003).
1978 ж. құрылған Республика кітап мұражайында ерте заманнан бүгінге дейінгі 60 мыңнан астам әр алуан кітаптар, альбомдар, көне қолжазбалар сақталған.
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том