Әркімнің туған тілі - туған шеше, Оған бала міндетті сан мың есе, - деп Сәбит Мұқанов ағамыз жырлағандай, біздің ана тіліміз, туған тіліміз қазақ тілі екені баршамызға аян.
Әркімнің туған тілі - туған шеше,
Оған бала міндетті сан мың есе, -
деп Сәбит Мұқанов ағамыз жырлағандай, біздің ана тіліміз, туған тіліміз қазақ тілі екені баршамызға аян.
Ана тілі – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілік жүрегі, ұлтының жаны. Ана тілдің құдіретін қанша айтсақ та, оның қадір-қасиетін толықтай жеткізу мүмкін емес. Біле білгенге адамдағы ұлттық мақтаныштың алғашқы ұшқындары да жүрекке тіл арқылы ұялайды. Өз ана тіліңді қадір тұтпай тұрып, ел-жұртыңды сүйе алмайсың. Қолына қалам ұстаған әр азамат ана тілінің бай қорын игерумен бірге басқа, әсіресе, көрші ұлт тілдерінің де асыл қазынасынан сусындауы, оны кәдеге жарата білуі абзал.
Елбасымыз Жолдауында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз... Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз... Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады...» дей келе, «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз» деп, бүгінгі таңда тілдерді дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейдегі міндет екенін де атап көрсетті. Сондай-ақ, Елбасының «Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі... Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады» деп, қазақ тілі және тілдердің үштұғырлы мәселесіне кеңінен тоқталды.
Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен артта қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған. Алайда, қазіргі таңда өз ана тілінде емес, өзге тілде шорқақтап жүрген қазақтарды көріп жаның ашиды, қатты қынжыласың. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дей келе, өз Отанымызда өз ана тілімізде, қазақ тілінде сөйлеуге міндеттіміз. Өйткені, тіл – біздің қазақтығымыздың кепілі. Мемлекетіміздің мызғымас нышаны. Мемлекеттік тілге деген көзқарас өзгермей, ештеңе де өзгермейді. Қоғам, қоғамдық сана өзгерген сайын тіл де өзгеріп отырады. Абай, Шәкәрім даналарымыз тіріліп келсе, «мына ұрпақтарымыз ана тілімізді әбден шорқақтатып жіберіпті ғой» деген ұстанымға келер еді. Бізден кейін келетін ұрпақтар үшін бүгінгі тіліміз тым тұрпайы көрінуі де ғажап емес. Әрине, қазақ жастарының үш тілде сөйлегені дұрыс, тіл білгеннен ешкім ұтылмайды. Яғни, үштілділік – өмірлік қажеттілік. Дегенмен, тілдік саясаттың негізі қазақ тілі болуы тиіс. Бала кезден үш тілді үйрету – баланың миын ашыту. Кем дегенде ес жинап, кішкене болса да санасы қатқан балаға шет тілдерін үйретуге болады. Оған дейінгі тәлім-тәрбие тек ана тілінде жүргізілуі тиіс. Және қарым-қатынас құралы ретінде қазақ тілін қолдануға міндеттеуі керек. Себебі, ес білмей жатып, өзге тілді санасына құю – бұл ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеушілік. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды ұмыту, тарихымызды ұмыту.
«Орыс тілі екінші ана тілің бола бастаған күннен былай... әлем көк жиегі мол ашылады, кең ашыла бастағаны деп ұғынуы шарт дейді» - дейді белгілі жазушы Мұхтар Әуезов. Қазіргі таңда орыс тілі Қазақстандағы азаматтардың өзара қарым-қатынасы мен ақпарат тарату және өнім өндірудің басты тетігі екенін мойындау керек және одан шұғыл бас тарту да зиянды екені де түсінікті. Алайда орыс тілінің елдегі екінші тіл ретінде қала беруіне саяси орын беріп, қоғамдық пікірдің ушығуына апармайтын басқа жол ойластырған мақұл болар еді. Мәселен, елдегі азаматтардың дамуын қамтамасыз етудегі басты ақпарат көзі болып табылатын орыс тілі қоғамда қостілділіктің нығаюы есебінен қорғалуы керек. Орыс тілінің үстемдігін сақтау саяси және заңдық жағынан қайшылық туғызып қана қоймай, қазақ тілінің дамуына қасақана қойылған кедергі болып табылмақ. Сондықтан, бұл міндетті, қазіргі орыстілділіктен, ең болмаса, шынайы қостілділікке өтуді назарға алып: «орыс тілінің қоғамдағы орнын қостілділікті дамыту есебінен сақтау» түрінде келтіргені абзал.
Қазіргі таңда үштілділік саясатын практикалық тұрғыдан жүзеге асыру қиын. Ауыл мен қала мәселесін салыстыра қарайық, көптеген елді мекендерде ағылшын тілі былай тұрмақ, орыс тілінің кәсіби маманы жоқ. Көптеген ауылдарда қазақ тілінің мамандары жоқ. Олай болса адам құқықтары деген мәселе туындайды. Конституция бойынша білім алуға барлық адамның тең құқығы бар. Ертеңгі күні қаланың баласы үш тілде, ауылдың баласы екі тілді әрең үйреніп оқуға түсетін болса, кім жеңеді?! Қаланың баласы өзге тілде сайрайды, ауылдың баласы еліктеймін деп өзге тілде шорқақтайды. Сонда ана тіліміздің, туған тіл – қазақ тіліміздің жайын кім ойлайды?! Ең алдымен қазақ тілінің жайын бір жақты етіп, содан кейін барып өзге тілдің мәселесін ойлаған дұрыс секілді. Жастар осы мәселені алға тартпаса, өзгеден не күтеміз... Сондықтан туған тіліміз қазақ тілін құрметтейік, қастерлейік. Өзге тілді білейік, үйренейік, алайда, өз тіліміздің жойылып кетпеуіне жол бермейік. «Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсүгінгі де тағдыры. Қазақ тілі... өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіңе тиімді... қысыл таяң қатал жағдайда қайрап, егеп сөз тапқанға қолқа жоқ дегендейін ерге, елге медет болып адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл» - дейді Бауыржан Момышұлы. Иә, қазақ тілі – шешен тіл, өнерге, әдебиетке бай тіл. Түркі тілдерінің ішінде ең таза бола білген осындай тілімізді мәңгілік сақтайық.! Себебі, тіл жоқ жерде халық жоқ, тіл жоқ жерде ел жоқ!
Бозшаева Назерке