9 Қараша 2012, 03:59
Соңғы редакциялау:
22 қазан 2012
Спорт және дене тәрбиесі. Қазақ халқының дене тәрбиесіне, оны шынықтыруға, ептілікке, денсаулықты, көңіл-күйді көтеруге арналған осы кездегі дене тәрбиесі мен спорт нышаны ерте заманда-ақ халық кәдесіне жарағандығын кейбір археол. деректер дәлелдейді. 1970 ж. Оңт. Қазақстан обл-нда б.з.б. 4 – 3 ғ-ларда тоғызқұмалақ тастары табылды. Сол жылы Тараз қ-нан 30 км жерде археологтар тоғызқұмалақ тақтасының тасқа қашап салынған суретін кездестірді. Түрік қағандығы дәуірінде Қазақстан жерінде көптеген қалалар салынып, мәдени орталықтар бой көтерді. Көне Таразда әнші-күйшілер, шабандоздар, садақ тартушылар, балуандар, басқа да күш өнерін көрсетушілер бас қосып отырған. 7 ғ-да Орта Азия мен Қазақстан жерін жаулап алған Араб халифаты ислам дінін уағыздаумен қатар, шахмат (шатрандж) ойынының таралуына, оның дамуына айтарлықтай ықпал етті. Сөйтіп, көшпенді деп аталып келген қазақ халқы дене тәрбиесін, оның ішінде спортты дамытуға көңіл бөлгені байқалады. Ежелден садақ тарту, бәйге, сайыс, күрес, аударыспақ сияқты спорт түрлерімен айналысқан қазақ халқы басқа да спорт түрлерімен айналысу арқылы өздерінің рухани байлықтарын жетілдіріп, толықтырып отырған. Халық өзіне лайықты деп санаған ұлттық спорт түрлерін, әр түрлі дене жаттығуларын үнемі жетілдіріп келген. Әр рудың, әр жүздің, әрбір хан мен бай-манаптың, болыс-бектің өз балуаны, өз мергені, өз сәйгүлігі болған. Олар бәйге-жарыстарда ірі рулардың намысын қорғаған
Қазақ халқы арасында спорттың дамуына әр ұлт өкілдерімен арадағы қарым-қатынастың нығаюы көп әсер етті. Мұндай жағдай, әсіресе, Қазан төңкерісінен кейін берік қалыптасты. Алғашқы кезеңде спорт пен дене тәрбиесі еңбекшілердің денсаулығын нығайту, жалпы гигиеналық мәселелер, әскери шынықтыру даярлығын жақсарту мақсатында жүргізілді. 1918 жылдың 1-жартысында жұмысшылар клубтарында гимнастикамен айналысатын үйірмелер ұйымдастырыла бастады. Халық ағарту органдары мен комсомол ұйымдары қыруар жұмыстар атқарып, жастар күшімен спорт алаңдарын, әскери даярлық ісіне жаттығу өткізетін орындар жасады. 1920 ж. 1 қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қ-нда дене тәрбиесі нұсқаушылары және ұйымдастырушыларымен әскерге баратын жастарды спортқа баулуға арналған курстар ұйымдастырылды. Оған жүзден астам кісі қатысты. Оның тең жартысынан көбі қазақ жастары болатын. Мұнан соң Ақтөбе, Гурьев (қазіргі Атырау), Орал, Верный (қазіргі Алматы), Орынбор, Петропавл, Қызылорда, Семей қ-ларында ірі спорттық орталықтар құрылды. Сол жылдары Семей, Қостанай, Жетісу губернияларында спартакиадалар өте бастады. Әйелдер арасында дене тәрбиесін дамыту мақсатында 1925 ж. Семей қ-нда арнаулы спартакиада өтті. Дәл осындай әйелдер арасында спартакиадалар Орал, Петропавл, Алматы қ-ларында да ұйымдастырылды. 1928 ж. Петропавл қ-нда Бүкілқазақстандық 1-спартакиада өз жалауын көтерді. Оған қатысушылар футбол, жеңіл атлетика, қалашық (городки), қазақша күрес, баскетбол және нысана көздеуден сынға түсті. Қазақстанда дене тәрбиесі мен спортты дамытуда 1931 ж. енгізілген “КСРО-ны қорғауға, еңбек етуге дайын бол” (ГТО) деп аталған бәсекелердің маңызы зор болды. Бұл жастардың спортқа тұрақты түрде қатысуына мүмкіндік берді. Дене тәрбиесінен ұлттық кадрлар даярлауға көңіл бөліне бастады. 1932 ж. Алматыда дене тәрбиесі техникумы ашылды. 1934 ж. респ. ведомствоаралық 1-спартакиада, Орта Азия мен Қазақстан спортшылары арасындағы 1-спартакиада және мектеп оқушылары арасында бүкілқазақстандық 1-спартакиада өтті. Қазақстан К(б)П-нің 1937 ж. өткен 1 съезі дене тәрбиесі мен спорт және бұқаралық қорғаныс жұмыстарын кеңейте түсуді атап көрсетті. 2-дүниежүз. соғыс қарсаңында Қазақстан спортшыларының саны 150 мыңға жетті, оның ішінде 30 мыңнан астамы қазақ жастары болатын. Соғыс жылдарында әскери-спорт кадрларын даярлауда көп жұмыс атқарылып, елімізде 1,5 миллионға жуық әскери-спорт мамандары тәрбиеленді. 1945 – 56 ж. Қазақстанда дене тәрбиесі ұйымдары нығайып, спорт кадрлары өсіп шықты. 1945 ж. Алматыда дене тәрбиесі ин-ты (Қазақ физкультура ин-ты) ашылды. 1946 ж. Шоқыр Бөлтекұлы “Спартак” қоғамы бойынша бокстан КСРО чемпионы атанып, қазақ жастары арасында бірінші болып спорт шебері деген дәрежеге жетті. 1950 ж. Қазақстан спорт ұйымдары құрылды. 1959 ж. бұл ұйымдар спорт федерациясы болып өзгертілді. 1951 ж. “Колхозшы” спорт қоғамы құрылды. 1956 жылдан бастап “Қайрат” деп аталды. 1956 ж. Мәскеуде КСРО халықтарының 1-спартакиадасы өтті. Қазақстан спортшылары 1956 жылдан олимпиялық ойындарға да қатыса бастады. Тау шаңғышысы А.Артеменко 1956 ж. Италияның Кортина Д’Ампеццо қ-нда өткен 7-қысқы олимпия ойындарында, ал Е.Кадяйкин Мельбурнда (Австралия) өткен жазғы 16-олимпиялық ойындарда 3000 м-ге тосқауылдар арқылы жүгіруден сынға түсті. Қазақ жастары арасынан шыққан жеңіл атлет Ғ.Қосанов 1960 ж. Римде өткен 17-олимпиялық ойындарда 4´10 м-лік эстафеташылар жарысында күміс жүлдені иемденді.
Елімізде қысқы спорттың дамуына 1951 ж. ашылған әйгілі Медеу мұз айдыны (қ. Медеу спорт кешені) үлкен ықпал етті. Мұнда көптеген дүниежүз. және құрлықтық рекордтар жаңарды. 1960 жылдардың басында Қазақстанда спорт клубтары (АДК “Шахтер”, “Болат”, “Динамо”, т.б.) құрыла бастады.
Қазақстан спортшылары Кеңес Одағы тұсында айтарлықтай спорттық дәрежеге қол жеткізді. Көгалдағы хоккейшілер, допты хоккейшілер, “Буревестник”, АДК волейболшылары, “Динамо” су добы командасы КСРО, Еуропа және дүние жүзі чемпиондары атанды. Аталмыш командалар құрамында М.Жексенбеков, С.Шаймерденов, С.Қалымбаев, Е.Құмарғалиев, С.Сексенбаев, Ю.Варзин, В.Бочков, В.Агуреев, О.Жарылғапов, М.Мәденов, З.Жәркешов, Ж.Сауранбаев, В.Кравченко, Е.Чебукина, О.Кривошеева, Н.Меңдіғалиев, Е.Аяпбергенов, А.Оразалинов, С.Котенко сынды спортшылар өнер көрсетті.
1976 ж. 21-Олимпиялық ойындарда (Монреаль, Канада) КСРО құрама командасына 14 қазақстандық спортшы 11 спорт түрінен қатысты. Бұл олимпия ойынында жерлестеріміз 8 алтын және 2 күміс медальға ие болды. Ал осы жылы өткен Қысқы олимпия ойындарында шаңғы жарысынан 2 қола медальді иемденді. Мәскеуде өткен 22-олимпия ойындарында (1980) 20 қазақстандық спортшы 6 алтын, 2 күміс және 7 қола медальді алды. Осы олимпияда ойындарында Ж.Үшкемпіров, Ш.Серіков, т.б. олимпия чемпиондары атанды. 1988 ж. Сеулде (Корея Республикасы) өткен 24-олимпия ойындарында КСРО құрама командасында 30 қазақстандық спортшы қатысты. Олар әр түрлі дәрежедегі 18 медальді иеленді. Барселонада (Испания) өткен 25-олимпия ойындарында (1992) Қазақстан Республикасы ТМД құрама командасында болды. Мұнда 11 спорт түрінен 23 спортшы қатысып, 5 медаль (Е.Чебукина, И.Герлиц, Д.Тұрлыханов, Т.Меньшова, В.Вохмянин) алды. Қазақстандықтар 1994 ж. бастап Азия ойындарына қатысып келеді. Хиросима (Жапония) қ-нда өткен 12 ойындарында қазақстандықтар жалпыкомандалық төртінші орынды иеленді. Олар 77 медальға (оның 25-і алтын) ие болды. Атап айтқанда Қ.Шағатаев, Н.Сманов (бокс), М.Мамыров (еркін күрес), Ю.Мельниченко, Д.Тұрлыханов (грек-рим күресі), О.Шишигина (жеңіл атлетика) сынды спортшылар алтын медаль иегерлері атанды. 1998 ж. Таиландта (Бангкок қ.) өткен 13-Азия ойындарында қазақстандықтар бесінші орын алды. Олардың үлесінде барлығы 78 медаль (оның 24-і алтын) болды. Чемпион атанғандардың ішінде В.Гуща, Д.Аспандиярова (нысана көздеу), Д.Топоров, Қ.Нұрмағамбетов (ескек), Б.Байсейітов, С.Матвиенко (грек-рим күресі), Н.Торшина, О.Шишигина, И.Потапович, С.Арзамасов (жеңіл атлетика), В.Бурба, Е.Ибрайымов, М.Ділдәбеков (бокс) сынды спортшылар бар. 2002 жылы Корея Республикасының Пусан қаласында өткен 14-Азия ойындарында жерлестеріміз 76 медаль алды. Командалық есепте бесінші орында болды. 20 спортшы алтыннан алқа тақты. Олардың арасында А.Тетерюк (велоспорт), Ә.Иманбаев, Г.Цурцумия (грек-рим күресі), Б.Ахметов, С.Филимонов (ауыр атлетика), Н.Торшина, Г.Егоров, В.Борисов (жеңіл атлетика), Н.Кәрімжанов, Г.Головкин (бокс), О.Довгун, С.Беляев (нысана көздеу), т.б. спортшылар бар. 1994 ж. Лиллехаммерде (Норвегия) өткен Қысқы олимпия ойындарында көкшетаулық В.Смирнов олимпия чемпионы атанды. Атланта (АҚШ) қ-нда өткен 26-олимпия ойындарында Қазақстан тұңғыш рет жеке команда болып шықты. Қазақстандық спортшылар 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медальға ие болды. Олимпияға қатысқан 197 елдің ішінде Қазақстан 24-орынды иемденді. Ю.Мельниченко (грек-рим күресі), А.Парыгин (бессайыс), В.Жиров (бокс) тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш чемпиондары болды. Сиднейде (Австралия) өткен 27-олимпия ойындарында (2000) қазақстандықтар 3 алтын, 4 күміс медальді иемденді. Олимпияға қатысқан 199 елдің ішінде Қазақстан спортшылары 22-орында тұрақтады. Бұл олимпия ойындарында Е.Ибрайымов, Б.Саттарханов, О.Шишигина чемпион атанды. 2001 ж. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған 1-жазғы спартакиада өтті. Бұл бәсекеге еліміздің миллионнан аса тұрғыны қатысты. Бәсеке қорытындысында Оңт. Қазақстан обл-ның өкілдері (4430 ұпай) бас жүлдені еншіледі. Алматы қ-ның спортшылары екінші (4272 ұпай), қарағандылықтар үшінші (3658, 33 ұпай) орынға шықты.
Ұлттық спорт түрлері де жақсы жолға қойылған. Атап айтқанда қазақша күрес, тоғызқұмалақ, сайыс, аударыспақ, бәйге, көкпар, қыз қуу, жорға жарыс, атан жарыс, асық ату, бестас сияқты спорт түрінен арнайы федерациялар құрылған. Ресми жарыстар өтіп тұрады. Тоғызқұмалақ ойыны Оңт. Қазақстан, Қызылорда, Қостанай облыстарында кейбір мектептерде пән ретінде оқытылады.
Спорт базалары. 2001 жылдың қаңтар айындағы дерек бойынша Қазақстанда 291 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі болды. Оның ішінде олимпиялық резервті дайындайтын 55 арнайы мектептерде 142 мың жас спортшыларды 4420 бапкер жаттықтырады. Бұлардан басқа дарынды спортшыларды дайындайтын 9 мектеп-интернат (2340 жас спортшыларды 210 бапкер жаттықтырады), ірі халықар. жарыстарда жоғары жетістіктерге жеткізу мақсатында құрылған спорттық элита 6 мектебі (құрамында 1128 спортшы, 210 бапкер бар) жұмыс істейді.
Қазақстан кәсіпорындары мен мекемелерінде 11,3 мың дене шынықтыру ұжымдары бар (2001). Онда 1,4 млн-ға жуық адамдар әр түрлі секцияларда дене шынықтыру және спорттың әр түрлі салаларымен айналысады. Жылдан жылға спорт базалары көбейіп келеді. 2002 жылғы мәлімет бойынша республикада 26019 спорт құрылыстары тіркелген. Оның ішінде 242 стадион, 20 спорт сарайы, 124 спорт кешені, 13 оқу-жаттығу орт., 150 бассейн, 6123 спорт залы, 34 спорт манежі, 143 шаңғы базасы, 8 ескекшілер жүзетін каналы, 1448 тир, 3 велотрек, 9 эллинг, 3 желкен клубы, 2 шаңғымен секіретін тұғыр, 13 спорттық мұз айдыны және 142 теннис корты бар.
Ж.Хисымов
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том