Бесік жыры

9 Қараша 2012, 03:39

Соңғы редакциялау: 16 қазан 2012 Бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі. Әлемде Б. ж-н айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған Б. ж-нда халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Б. ж-н барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының Б. ж-лары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз-әуені жағынан үндесіп жатады. Б. ж-ның басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Б. ж. баланың сәби кезінде, яғни 1 — 5 жас аралығында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады, әуен-сазсыз Б. ж-ның мәні де, сәні де келмейді. Қазақ Б. ж-ның үлгілерін алғаш Ә.Диваев хатқа түсіріп, 1905 ж. жариялаған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатқанымен, халық жырларының асыл үлгілері әлі де толық хатқа түсе қойған жоқ. Б. ж-ларын мазмұны мен поэтикалық құрылымына қарай дәстүрлі Б. ж-лары және суырып салма Б. ж-лары деп екі топқа бөлуге болады. Дәстүрлі Б. ж-лары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерлерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: “Әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!” деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. Сонымен қатар ана: “...Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің! Бармақтары майысып, Ою-өрнек ойысып, Ұста болар ма екенсің! Таңдайларың тақылдап, Шешен болар ма екенсің! ...Құрығыңды майырып, Түнде жылқы қайырып, Қызмет қылар ма екенсің?! Қолымыздан іс алып, Бақытымызға жан балам, Бізді бағар ма екенсің?!” деп баласының болашағын, ел мүддесін, өз арман-мұратымен астастыра жырға қосады. Ал суырып салма Б. ж-ларында айтушы жанрлық түрді пайдалана отырып, кезеңдік жағдайларды, өзінің ішкі мұң-сырын өлеңге қосады. Мәселен, Г.Н. Потанин хатқа түсірген Б. ж-ның бір үлгісінде: “Таудан Тоғас түскен жоқ, Секемен тары піскен жоқ. Тоғас түссе етекке, Қой жүреді жетекке. Жылама, бөпем, жылама” деп жарты құрсақ жатақтар өмірінің ауыр тірлігі суреттелді. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін Б. ж. халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Оның осы мүмкіншілігін кейінгі жазба әдебиет өкілдері мен сазгерлер де кеңінен пайдаланып келеді.            К. Ісламжанұлы Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том    

Соңғы редакциялау:

16 қазан 2012

Бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі. Әлемде Б. ж-н айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған Б. ж-нда халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Б. ж-н барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының Б. ж-лары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз-әуені жағынан үндесіп жатады. Б. ж-ның басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Б. ж. баланың сәби кезінде, яғни 1 — 5 жас аралығында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады, әуен-сазсыз Б. ж-ның мәні де, сәні де келмейді. Қазақ Б. ж-ның үлгілерін алғаш Ә.Диваев хатқа түсіріп, 1905 ж. жариялаған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатқанымен, халық жырларының асыл үлгілері әлі де толық хатқа түсе қойған жоқ. Б. ж-ларын мазмұны мен поэтикалық құрылымына қарай дәстүрлі Б. ж-лары және суырып салма Б. ж-лары деп екі топқа бөлуге болады. Дәстүрлі Б. ж-лары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерлерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: “Әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!” деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. Сонымен қатар ана: “...Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің! Бармақтары майысып, Ою-өрнек ойысып, Ұста болар ма екенсің! Таңдайларың тақылдап, Шешен болар ма екенсің! ...Құрығыңды майырып, Түнде жылқы қайырып, Қызмет қылар ма екенсің?! Қолымыздан іс алып, Бақытымызға жан балам, Бізді бағар ма екенсің?!” деп баласының болашағын, ел мүддесін, өз арман-мұратымен астастыра жырға қосады. Ал суырып салма Б. ж-ларында айтушы жанрлық түрді пайдалана отырып, кезеңдік жағдайларды, өзінің ішкі мұң-сырын өлеңге қосады. Мәселен, Г.Н. Потанин хатқа түсірген Б. ж-ның бір үлгісінде: “Таудан Тоғас түскен жоқ, Секемен тары піскен жоқ. Тоғас түссе етекке, Қой жүреді жетекке. Жылама, бөпем, жылама” деп жарты құрсақ жатақтар өмірінің ауыр тірлігі суреттелді. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін Б. ж. халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Оның осы мүмкіншілігін кейінгі жазба әдебиет өкілдері мен сазгерлер де кеңінен пайдаланып келеді.

           К. Ісламжанұлы

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том

 

 

Бөлісу: