9 Қараша 2012, 03:35
Соңғы редакциялау:
24 қазан 2012 жыл
Сыртқы экономикалық фактор – мемлекет пен аймақтардың дамуына үлкен әсер ететін объективтік фактор. Бірегей және құрамдас факторлар экономиканың жаїандануына орай жаңа міндеттерді шешуге итермелейді. Ұлттық экономиканың әлемдік экономикаға тиімді бейімделуі үшін экспорттық әлеуетті құрылымдық жетілдірді, әртараптандырды, өндіріс-құрал-жабдықтары мен халық тұтынатын тауарлардың бәсекеге жарамдылығын арттыруды көздейді. Қазіргі таңда С. э. ф-дың бірнеше бағыттары бар: 1) Мемлекеттің геосаяси-экон. орналасуы мен ілгерілеуі. Мыс., Қазақстан жағдайында бұл факторға оның Еуразия құрылығында орналасуы, батыс пен шығыстың өркениет дәстүрін бойына сіңіріп, оны әрі қарай дамытуға құлшыныс жасауы жатады. Стратег. тұрғыдан Қазақстан Ресей мен Қытай, АҚШ және Еуропа одағымен ынтымақтастықты дамытуды басым бағыт деп есептейді. Сонымен қатар Оңт. Азия мен Таяу Шығыстың негізгі елдерімен саяси-экон. байланыста Орт. Азия одағына зор маңыз беріліп отыр. 2) С. э. ф-ға мемлекеттің ішкі факторлар жүйесі де үлкен әсер етеді. Мыс., Қазақстан жағдайында тұрақсыздық пен діни экстремизмге жол бермеу, есірткі таратуды тыю, демократияны әрі қарай жетілдіру, бейбіт еңбек пен ілгерішіл үрдістерді қорғау, Қазақстанның әлем алдындағы беделін нығайту осындай ішкі факторларға жатады. 3) Сыртқы және ішкі ресурстық әлеует факторының рөлі. Қазақстан – ішкі минерал ресурстарына аса бай ел. Осы себепті тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына 21 – 22 млрд. долларға жуық инвестиция тартылды. Сонымен қатар көптеген жаңа технологиялар мен техника түрлері өндіріске және тұрмысқа енгізілді. 4) Халықар. экон. ұйымдармен байланыс факторы. Айталық, Қазақстан – Халықар. валюта қорына мүше болып тіркелген 167-мемлекет, Халықар. қайта құру және даму банкінің 163-мүшесі. Қазақстан басқа да көптеген халықар. ұйымдарға мүше. 5) Халықар. саяси-экон. ұйымдармен ынтымақтасу. Қазақстан Еуразия экон. қауымдастығын, Орт. Азия одағын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрып, дамытуға қажырлы ынта-жігермен зор үлес қосты. 6) Экон. кеңістікті қалыптастырып, тереңдете дамыту. Мыс., 2003 ж. Қазақстан, Беларусь, Ресей және Украина басшыларының қол қоюымен (Ялтада) Біртұтас экон. кеңістік құру туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты – елдер арасында орын алып отырған қарама-қайшылықтарды жойып, ұлттық экономикалардың одан әрі дамуын ынталандыру. 7) Мемлекетаралық шарттар мен келісімдерді бұлжытпай орындау. Атап айтқанда, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау және республика ішіндегі реформалардың жүзеге асырылуына қолайлы жағдай туғызу мақсатымен ҚР Үкіметі мемлекеттер арасындағы шарттар мен келісімдердің бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Ә. Қажымұрат
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 8-том