24 Қараша 2015, 10:34
Азамат сыны - ерлік, ерлік сыны - елдік.
Мұхтар Әуезов
Батыр болмақ - ойдан-ды.
Махамбет Өтемісұлы
Туған ұлдан не пайда - қолына найза алмаса, атаның жолын қумаса.
Махамбет Өтемісұлы
Жауда қалса жолдасы - мақтанады несіне ер?!
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға.
Хас үлектен туған кәтепті,
Қара нар керек біздің бұл іске.
Махамбет Өтемісұлы
Ханнан қырық туғанша, қарадан біреу тусайшы, атаның кегін қусайшы!
Махамбет Өтемісұлы
Ақсүйектің баласын қара ұлына теңгеріп, қоңыраулы найза өңгеріп,
Жесірлерге жер бердім, жетімдерге жем бердім - сол ерліктен не көрдім?!
Махамбет Өтемісұлы
Ермін деген жігітті кеңшілікте сынама.
Махамбет Өтемісұлы
Халық үшін қан төгем деп,
Қараны ханға теңеп берем деп.
Ол мақсатқа жете алмай,
Дегенімді ете алмай,
Қор болдық-ау, шырақ-ай!
Махамбет Өтемісұлы
Инабат - ер азығы, инабатты ер - ел қазағы.
Сырым Датұлы
Ел жеңілмес ері бар.
Сырым Датұлы
Ерлер үшін ең берік ант - қол алысу.
Ғабит Мүсірепов
Жігітті шешенсінген - дауда сына, есерді батырсынған - жауда сына.
Ақан сері Қорамсаұлы
Тәуекел тас жарады , тас жармаса бас жарады.
Мақал - мәтел
Елдің атын ер шығарады.
Мақал - мәтел
Қуа берсең - қорқақ та батыр болады.
Мақал - мәтел
Көз - қорқақ, қол - батыр.
Мақал - мәтел
Тәуекел деде - тас жұт.
Мақал - мәтел
Ер кезегі үшке дейін.
Мақал - мәтел
Тәуекел түбі - желқайық.
Мақал - мәтел
Еркек тоқты - құрбандық.
Мақал - мәтел
Ер шекіспей - бекіспес.
Мақал - мәтел
Ер мойнында қыл арқан шірімес.
Мақал - мәтел
Қатты жерге - қақ тұрар, қайратты ерге - бақ тұрар.
Мақал - мәтел
Ер -ырғасып сынасады, ез - былғасып сынасады.
Мақал - мәтел
Айласыз батыр қабанға қарсы шабады.
Мақал - мәтел
Ат басына күн туса - ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса етімен су кешер.
Мақал - мәтел
Ерлігің - жауда сыналар, ептілігің - дауда сыналар.
Мақал - мәтел
Алтын ерің атқа батса - алтынын ал да, отқа жақ.
Мақал - мәтел
Төреге ерген - ерін арқалайды.
Мақал - мәтел
Хас батырдың белгісі - қақ жүрекке оқ тисе демеуге досы шақырмас.
Би-шешендер
Арыстанның белгісі - артына қарап ақырмайды, нар түйенің белгісі - қабырғасын сөксе де бақырмайды, нағыз туған асыл ер, қанша қасірет шексе де, қайғыланып «аһ» ұрмайды.
Би-шешендер
Шешен жігіт - жол бастар, батыр жігіт - қол бастар.
Шалгиіз Тіленшеұлы
Қорқақ емей немене - қашқан кісі,
Батыр емей немене - шанышқан кісі.
Шал Құлекеұлы
Қағансыз ел - кіріптар.
Біріккен батыр жау алар.
Тоныкөк
Пәтуәсіз ер - елге сор.
Тоныкөк
Ел қамын жеген ер - басшы.
Ердің жеңілгені - елдің жеңілгені.
Тоныкөк
Ерлігі бар - елге жағар.
Тоқсары
Ерлік жасағанның атасын сұрап алаламас болар.
Тоқсары
Ер адам кек сақтамайды.
Сайф Сарайи
Ел шауып, кісі өлтірген боп па батыр.
Міржақып Дулатов
Нағыз ер «дүние-мал» деп дірілдемес болар.
Білге қаған
Еңсесі биік ақ орда - еміне кірер күн қайда,
Қара бұлан терісін етік қылар күн қайда.
Күдеріден бау тағып кіреуке киер күн қайда,
Күмбір-күмбір кісінетіп, күреңді мінер күн қайда.
Толғамалы ақ балта толғап ұстар күн қайда,
Алты құлаш ақ найза ұмсынып шаншар күн қайда,
Садақ толы сәйгез оқ масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп созып тартар күн қайда?!
Доспамбет жырау
Ері жоқ елдің күні қараң.
Күлтегін
Бөрідей батыл ердің дұшпаны қойдай қырылар.
Күлтегін
Азамат ердің баласы жабыққанын білдірмес - жамаңдар мазақ қылар деп.
Қазтуған Сүйінішұлы
Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы