21 Қараша 2014, 09:08
Абай жолы — М.Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. “А. ж.” — қазақтың көркем прозасын классик. стиль деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетик. талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энцик. деңгейде жан-жақты ашып көрсеткен. Қазақтың дана ұлы Абай образын, мәңгілік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралықпен сомдаған.
Әуезовтың “А. ж.” роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: “ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі” (Луи Арагон), “Бұл тамаша эпопея бізге тұтас бір әлемді сыйға тартты, табиғаттың, тұрмыстың небір ғажайып картиналарымен, адам құштарлықтарын сипаттауымен бізді іңкәр етті (Н.Тихонов). “Шынында, бұл қазақтар — неткен ғажайып халық! Осы кереметтік “Абай” романында қандай тамаша суреттелген!” (Б.Матип) деген жоғары баға алды. Сондай-ақ, бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды. Ш.Айтматовтың “Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі асылым бар: бірі — “Манас”, бірі — Мұхтар Әуезов” — деуі осыны айғақтайды.
“А. ж.” роман-эпопеясы жазушының ұзақ жылғы ғыл. ізденістері мен көркемдік танымының жемісі. 30-жылдарда Абай мұрасына әр қилы баға беріліп, қым-қиғаш пікірлер айтысы туғанына қарамастан Әуезов Абайдың өмірі мен ақындық жолына байланысты зерттеулерін тоқтақан жоқ. Л.Соболевпен бірігіп жазған “Абай” трагедиясын 1939 ж. Мәскеуде бастырды, кейін ұлы ақынның өмірін бейнелейтін опера либреттосын, киносценарий жазды.
“Абай” трагедиясында оның жанрлық ерекшелігіне байланысты ақын өмірінің соңғы кезеңі, яғни, хакім Абай бейнеленген. Мұнда Абай халықтың қамқоршысы, халық мүддесін жақтайтын күрескер, өнер-білімді уағыздаған ағартушы ретінде көрінеді. Бұл трагедияға дейін-ақ Әуезов Абай жайында роман жазуға бел байлаған. 1937 ж. жазылған “Татьянаның қырдағы әні” атты үзінді болашақ романның тарауы ретінде жоспарланған болатын. “Татьянаның қырдағы әнін” оқушы-қауым жылы қабылдады. Көп ұзамай жазушы өз ойын жүзеге асыруға тікелей кірісті. Алғашқыда романға “Телғара” деген ат бермек болды. Автордың алғашқы мөлшерлеуінде роман үш кітаптан құралмақшы болатын. Алайда, жұмыс барысында оның шеңбері кеңейтіле түсті. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын “Абай”, онан кейін мұның жалғасы болып табылатын “Абай жолы” (бұл да екі кітаптан тұратын) романын жазды. 1-кітабы 1942, 2-сі 1947, 3-сі 1952, 4-томы 1956 ж. жарыққа шықты.
Алғашқы екі кітаптан тұратын “Абай” романы үшін жазушыға КСРО Мемл. сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық “А. ж.” роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. Абайдың заманы, өмірі мен өнерпаздық, қайраткерлік, ұстаздық өнегесі жайында кесек көркем шығарма жазуға Әуезов мол дайындықпен келді. Бұл жазушының дүниетанымы, ойшылдығы тереңдеп, кемеліне келген, суреткерлік шеберлігі шыңдалып әбден жетілген кез болатын. Әрине, бүтін бір тарихи дәуірді, бір халықтың ұлттық өмір-салтын, толып жатқан қым-қиғаш оқиғаларды, сан алуан кейіпкерлер бейнесін, іс-әрекетін, бір-бірімен қарым-қатынасын ұлы ақын, ойшыл, ұстаз Абайдың өмір жолымен ұштастыра суреттеу үшін мүлде жаңа, тың көркемдік шешімдер тауып, ұлттық көркем прозада зор жаңашылдық таныту қажет еді. Мұның бәрі өмір шындығына терең бойлап, тарихи шындықты бүгінгі заманның талғам-танымына үйлестіріп, жалпы адамзаттық түбегейлі мүдделермен сабақтастырғанда ғана іске асатынын жазушы жақсы сезінді. Ақын, ойшыл, Абайды жазушы басты кейіпкер етіп ала отырып, айналасына топтасқан көптеген қаһармандармен (бұлардың ішінде аса ірі тұлғалар мол) тығыз қарым-қатынас үстінде жан-жақты ашады. Абай барлық оқиғалардың топ ортасында жүреді. Бір қарағанда оған қатысы жоқ оқиға, сурет-көріністер, оған Абайдың көзқарасы не оның тікелей араласуы арқылы жаңа мазмұн, мағынаға ие болып, жарқырап шыға келеді. Сөйтіп, бас кейіпкердің тұлғасы толыға түседі де, оның характерінің сипаттары айқындалып, ашыла береді. Оқиғалар мен эпизодтардың көптігіне қарамастан шығарма сюжет құрылысының қарапайымдылығымен, шынайлығымен, композициясының шымырлығымен көзге түседі.
“А. ж-нда” қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалған. Аса мол өмірлік материалды, әдеби, этногр. мұраларды алғырлықпен игеріп, көркемдік әр берген. “А. ж.” роман-эпопеясында қазақ халқының этногр., діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғат көріністері т.б. — бәрі бар.
Оқиғалар мен фактілерді баяндау үстінде жазушы өмірлік тартысты барынша ашып көрсетуге, оның әлеум. мәнін күшейтуге тырысады. Белгілі фактілердің шеңберімен шектелмей, қажет жағдайда бүкіл баяндаудың барлық желісін бір түйінге келтіру үшін, басты мәселелерді бір арнаға түсіріп, түйістіру үшін оқиға барысын өзгертіп, өзінше қиыстырып, жаңғыртады. Романдағы түгелдей, немесе жарым-жартылай ойдан шығарылған көптеген кейіпкерлердің тағдырлары өмірде болғандай кескін-кейіпке ие болып, жалпы тарихи даму бағытымен байланысты, біртұтас көркемдік ойдың өзегімен тығыз ұштасып жатады. Тарихи оқиғалар мен фактілердің бәрі роман-эпопеяның бүкіл мазмұнымен тығыз ұштасып, шығарманың көркемдік өміріне орайлас мән-мағынасы басқаша ашыла түседі.
Әуезов халық өмірі мен тұрмысын, салт-санасын, оның жекелеген өкілдерінің түсінігі мен көзқарастарын суреттей отырып, ұлттық қасиет-ерекшеліктерге жалпы адамзаттық сипат дарытады, ұлттық және жалпы адамзаттық белгілердің бірлігін көре біледі, ал қоғамның тарихи дамуынан біздің дәуірімізге дейін өз маңызын сақтаған прогресшіл бағыттарды бөліп ала біледі. Жазушы Абай дәуірін көркем суреттеуде тарихи процестер мен құбылыстар мәніне терең енуі арқылы ғыл. зерделілік пен көркемдік танымды шеберлікпен ұштастырады.
“А. ж.” жай ғана тарих емес, көркемдік ойдың көрігінен өткен, сомдап бейнеленген өмір шындығы, халықтың тағдыры, өткені мен келешегі жайындағы терең толғаныс. Қоғамдық мәселелерді толғайтын жазушы өз дарынына қарай — ойшыл, тарихи жанрда жазса — тарихшы, сан алуан адамдардың қарым-қатынасын, мінезін, құлқын, іс-әрекетін терең ашып көрсете алса — психолог. Сондықтан біз эпопеяда тарихи шындық, өмір филос-сы мен поэзиясы ұштасқан дейміз.
Аристотель айтқандай, поэзия, көркем әдебиет болғанды ғана баяндамайды, болатынды, болуы мүмкін жайларды да мол қамтиды, сол арқылы өмір шындығының филос. мәні арта түседі. Мыс., романдағы Құнанбай бейнесінің өмірде болған Құнанбайға қарағанда жағымды жақтары аздау, ал жағымсыз мінез-құлықтары көбірек болса, осыған қарап жазушы кеңес дәуіріндегі қасаң саясаттың ыңғайымен кеткен деген үзілді-кесілді пікір қорытуға бола ма? Әрине, Құнанбай бейнесінің жағымды сипаттары молырақ болса, эпопеяның алғашқы екі кітабына айтылатын сынның да көбірек болатынын Мұхтар жақсы білді. Бірақ мәселе тек мұнымен шешіле қоймайтыны да анық. Жазушы көркем шығарманың өз заңдылықтары мен мүмкіндіктері бар екенін түсініп, соны толық пайдалануға күш салды. Яғни, жазушы кейіпкердің өмірде болған адамның жай көшірмесі ғана болмай типті тұлға дәрежесіне көретіліп суреттелуін ұтымды көрді. Осы тұрғыдан алғанда, мыс., Дәрменді Абайдың ең жақын, өте дарынды бір ақын шәкіртін бейнелеп көрсету қажеттігін ескертіп, ойдан шығарылған, жинақталып жасалған бейне дейміз. Өмірде болған нақтылы біреуді прототип етіп алса, оның өзі елге аты мәлім белгілі ақын болса, ол жазушының ойын еркін өрбіту мүмкіндігін шектеп, қолбайлау болмас па еді? Осыған орай үлкен шындықты жеке кейіпкерлердің әрбір іс-қимылынан іздемей, эпопеядағы заман келбетінен, сан түрлі адамдардың қарым-қатынасынан, басты кейіпкер Абай тұлғасынан, оның ой толғаныстарынан, терең сезімге толы табиғат суреттерінен, жазушының концептуалды, түйінді идеяларынан, солардан туындайтын тарих тағылымынан тану қажеттігі туады.
“Абай жолы” эпопеясының танымдық мәні туралы айтқанда Абай заманын, сол ортаны, Абайдың ақындық, азаматтық тұлғасын, өнерпаздық жолын танытуы арқылы әдебиеттану, соның ішінде абайтанудың өзінің одан әрі өрістеп, дамуына әсер-ықпалы да аса зор болды дейміз. Эпопеяның кең мағынасында тарих, этногр. секілді ғылымдар тұрғысынан қарағанда да танымдық мәні аса күшті екенін кезінде акад. Қ.Сәтбаев атап көрсеткен болатын. Ал жалпы халықтық мүдделер тұрғысынан келгенде, біз “А.ж.” эпопеясының ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді, ана тілімізді өркендетудегі орасан зор рөлін баса айтуымыз қажет. Эпопея дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған. 200 томдық “Әлем әдебиеті кітапханасы” топтамасында 2 том болып басылды.
Әдеб.: Нұрқатов А., Мұхтар Әуезов творчествосы. А., 1965; Қаратаев М., Эпостан эпопеяға. А., 1968; Ауэзова Л.М., Исторические основы эпопеи “Путь Абая”, А., 1969; Қабдолов З., Мұхтар Әуезов және оның әсемдік әлемі, А., 1986.
З.Ахметов