9 Қараша 2012, 03:02
Соңғы редакциялау
17 қазан 2012
Ежелгі Тараз ескерткіштері Мемлекеттік Қорық-Мұражайы, 1979 ж. 25 желтоқсанда ұйымдастырылған. Оның құрамына Ежелгі Тараз қ-ның жұрты, Айша бибі, Қарахан, Бабажы қатын, Дәуітбек (Шамансұр) кесене ғимараттары, Қали Жүніс моншасы, Әбдіқадыр мешіті, сақтардың Үштөбе қорғаны, Тектұрмас кесенесінің қалдығы, Төңкеріс, Төрткүл кесенелері, Ақыртас құрылысы, Төменгі Барсхан, Атлах, Адахкет, Хамукет, Жікіл қ-ларының жұрты, Талас өз-нен өтетін ескі көпір қалдығы сияқты 19 тарих және мәдениет ескерткіштері біріктірілді. Мұражай экспонаттары сан алуан көне түркі жазулары мен таңбалар түсірілген балбал тастардан бастап, әдемі қыш құмыра-керсендер, құбырлар, көзе бұйымдары, алтын-күміс әшекейлерді, сондай-ақ, медресе, мешіт, көпір, керуен сарай, мұнара, мазар, күмбез, кесене сияқты үлкен құрылыстарға дейін қамтиды. Ондағы сәулет өнерінің бірегей үлгілеріне Айша бибі, Бабажы қатын, Қарахан, Тектұрмас, Шамансұр, т.б. күмбездер жатады. (қ. Айша бибі кесенесі; Бабажы қатын кесенесі; Қарахан кесенесі; Тектұрмас кесенесі; Шамансұр кесенесі). Әбдіқадыр мешіті Әбдіқадыр медресесі деп те аталады (қ. Әбдіқадыр медресесі). Ежелгі Тараздың ортаазиялық қалалар секілді шахристаны, рабаты болған. Шахристанның аум. 7,5 га. Оның ішінен 10 — 12 ғ-ларға жататын шығыс моншасының қалдығы табылды. Моншаны 1940 ж. А.Н. Бернштам зерттеді. Монша жобасы төртбұрышты, ауд. 13,60´12,40 м, күйдірілген сапалы кірпіштен қаланған, 5 бөлмеден, 2 алаңқайдан тұрады. 3 бөлмесінің қабырғасына ою-өрнек салынған, сылақтың қызыл, сары, көк, қара, қоңыр түсті бояуларының қалдығы сақталған. 3 бөлме мен бір алаңқай ерлер, қалған 2 бөлмесі мен алаңқай әйелдер бөлігі болып табылады. Әр бөліктің шешінетін, суға түсетін, қыздырынатын бөлмелері бар. Ыстық өткізетін саңылаулары бар жылыту жүйесі шығыс моншалары үлгісінде жасалған. Моншаға су қыш құбырлар арқылы келген. Моншаның табылуы ежелгі Тараз халқының мәдениеті жоғары деңгейде болғанын дәлелдейді. Шамамен 10 — 12 ғ-ларда Талас өз-не салынып, Тараздың шығысын батысымен жалғастырып тұрған Таскөпір — көне сәулет өнері ескерткіштерінің тағы да бірі. Көпір үлкен тас блоктардан қаланған. Оның ізін Талас өз-нің оң жағалауындағы Тектұрмас кесенесінің маңынан байқауға болады. Өзен суы тартылып, азайған кезде тас тіреулер мен жалпақ тастардың қалдығы көрініп қалады. Таскөпір туралы алғашқы дерек 10 ғ-дағы араб саяхатшысы Макдисидің жазбаларында кездеседі. 13 ғ-да Таразда болған монах Чань-Чунь хабарламасында да Таластың үстінде тастан салынған үлкен көпір болғаны айтылады. Оның қалдығын 19 ғ-да В.А. Каллаур зерттеді. Келесі елеулі ескерткіш — Ақыртас құрылысы шамамен 7 — 8 ғ-ларда салынған. Қазіргі Тараз қ-ның шығысынан 40 км жерде орналасқан. Төртбұрышты жобамен соғылған. Ауд. 200´200 м. Құрылысқа қалыңд. 1 м-ге жететін гранит тастар қолданылған. Тастар әр түрлі геом. өрнектермен әшекейленген. Ақыртас қабырғалары көтеріліп үлгермеген сияқты, биікт. 1 — 1,5 м шамасында. Қандай құрылыс екені белгісіз. Ресей шығыстанушысы П.И.Лерх оны салынып бітпеген будда ғибадатханасы десе, В.В.Бартольд несториан ғибадатханасы деген болжам айтады. Мұражайдағы ескерткіштер мемлекет тарапынан қорғауға алынған.
А. Тоқтабаев
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том