9 Қараша 2012, 02:56
Соңғы редакциялау:
18 қазан 2012
КАСПИЙ ТЕҢІЗІ (ескі тарихи атаулары: Каспи, Гиркан, Хвалын, Хазар, т.б.) – Еуразия құрлығының орталығында, мұхиттардан алыста, оқшау жатқан тұйық су алабы. Дүние жүзіндегі ең ірі тұйық су айдыны, үлкендігіне қарап теңіз деп атайды. Ауд. 376 000 км2. Меридиан бағытында 1200 км-ге созылған, орташа ені 300 км. Жағалау сызығының ұз. 7000 км, оның Қазақстанға тиесілі ұз. 2340 км (солт. жағалауының басым бөлігі және шығыс жағалаудың солт. жартысы), қалғаны Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран жерімен шектеседі. Беті мұхит деңгейінен 28 м төменде жатыр. Ең терең жері 1025 м, орташа тереңд. 180 м. Қрі шығанақтары: Маңғыстау, Қазақ, Қарабұғазкөл, т.б. 50-ге тарта аралдар бар (ірілері: Құлалы, Шешен, Артем, т.б.). Қрі түбектері Маңғыстау, Апшерон, Аграхан, Красноводск, Шелекен. Ойпатты тегіс жағалау басым. Жағалауында теңіз суының бұрыңғы жоғары тұрған кезеңін дәлелдейтін теңіз террасалары көп. К. т-нің қалыптасуы ұзақ геол. мерзімде өтті. Осы уақыт ішінде теңіз суы бірде жағалауды басты (трансгрессия), бірде суы кейін қайтып отырды (регрессия). Плейстоцен кезеңінде (70 млн. жыл бұрын) теңіздің Понто-каспий алабы оңт-нде орналасқан Тетис атты үлкен теңізден бөлініп қалды. Понтий кезеңінде (10 млн. жыл бұрын) құрамында қазіргі аумақты алып жатқан Қара және Каспий т-дері бар Сармат т. бірнеше бөлікке бөлінді. Нәтижесінде оқшау тұйық алапты қамтыған қазіргі К. т-нің нобайы пайда болды. Бұл кезде теңіздің аумағы қазіргіден кіші болған. Орта плиоценнің кейбір кезеңдерінде теңіздің аумағы одан да кіші болған. Ол тек Дербент қазаншұңқырымен ғана шектелген. Каспийдің шарасы тереңдігі және түпкі бедері жөнінен 3 бөлікке бөлінеді. Құрлықтық қайраңда орналасқан солт. бөлігі тайыз (10 – 20 м). Орта тұсындағы ойпаңда тереңд. 788 м. Оңт. бөлігі терең ойпаң (1025 м). Судың беткі қабаты жаз айларында солт-нде 24 – 26ӘС, оңт-нде 27 – 28ӘС-қа дейін жылынады. Қыста солт-нің тайыз бөлігі қатады, оңт-нде судың темп-расы 10ӘС-қа жуық болады. К. т-не 130-дай өзен құяды. Ағын су көлемінің 80%-ін Еділ, 5%-ке жуығын Жайық өзендері берсе, Терек, Сулак, Самур өзендері 5%-тен астам, Кура өз. 6%-тін береді. Иран жағалауындағы өзен мен Кавказдың кіші өзендері 4%-ке жуығын береді. Жалпы жер беті суының теңізге келіп құятын ең көп және ең аз жылдық айырмасы жүз жыл ішінде 260 км3-ді құрады. Теңіз суы бетіне шаққанда өзен ағынының мұндай өзгеруі К. т. деңгейін 67 см-ге өзгертеді. Басқаша айтқанда К. т. деңгейінің жыларалық өзгеруі құбылысында өзен ағыны ғана жарты метрді құрайды. Теңізге келіп түсетін атмосф. жауын-шашын мөлшері тым аз. Ол теңіз деңгейін 1 см-ге ғана көтереді. К. т-нде Қарабұғазкөл шығанағының маңызы зор. Әсіресе, оның суының деңгейі мен тұздылығын сақтауға ықпал етеді. Теңізден келген әрбір км3 су шығанаққа 13 – 15 млн. т әр түрлі минералды тұздар алып келеді. Қарабұғазкөл теңіздің буландырғышы рөлін атқарады. К. т-нің тұздылығы Еділ мен Жайық өзендері сағасына жақын маңда 0,1 – 0,3‰, оңт.-шығыста 13‰-ге дейін көтеріледі. Теңізде желдің, өзен суының және жағалау сызығының әсерінен циклондық айналма ағыс пайда болады. К. т. деңгейі маусымдық, бір жылдан екінші жылға және ғасырлық мерзімде ауытқып тұрады. Геоморфологиялық зерттеулер бойынша К. т. деңгейінің ауытқуы уақыт өткен сайын кеми берген: плейстоценде (соңғы 700 – 500 мың жыл ішінде) теңіз деңгейінің ауытқуы 100 м, голоценде (соңғы 10 мың жылда) 15 м-ге (–20 м-ден – 35 м-ге дейін), соңғы 2 мың жыл ішінде 12 м-ге, ал инструментальді бақылаудан бастап (1830 жылдан қазіргі уақытқа дейін) 4 м-ге ауытқып отырған. Теңіз деңгейінің көтеріліп, немесе төмен түсіп отыруының себептері туралы көптеген болжамдар бар. Олардың негізгілері: ғаламдық геол. құбылыстар және теңіздің аймақтық ерекшеліктері. К. т-не ерте неогенде тектоник. қозғалыстар мен тау пайда болу процесі әсер етсе, жоғ. плиоценде тектоник. және климаттық факторлар әсер еткен. Ал қазіргі кезеңде К. т. деңгейінің өзгеруіне климаттық және антропогендік факторлар әсер етеді. Соңғы кездегі ең жоғ. деңгей (+22,5 м) 19 ғ-дың басында, ең төмен деңгейі (–29,0 м) 1977 ж. байқалған. 1978 жылдан (20 ғ-дың соңына қарай) теңіз деңгейі 2 – 2,7 м-ге көтерілді. Теңіз айдыны кей жерлерде 100 км-ге дейін кеңіп, көптеген мұнай өндірісі нысандарын, шабындықтарды, жайылымдарды, жолдарды су басты. К. т-нде балық аулау кәсібі жақсы дамыған. Теңізден бекіре тұқымдастары, майшабақ, табан, торта, көксерке, сазан, килька көптеп ауланады. К. т. қара уылдырық өндірілетін су айдындары арасында дүние жүзі бойынша алдыңғы орындардың бірінде. Итбалық аулау ертеден жолға қойылған. К. т. өңірі көптеген Еуразия халықтарының этн. және мәдени бастауының маңызды бір ошағы саналады, яғни тарихи-мәдени өлке болып табылады. Каспий өңірінің тоғыз жолдың торабы болуы ондағы этногенетикалық үрдістерге айтарлықтай әсерін тигізді. Ғылымға сүйенсек, Каспий өңірінде осыдан 1 млн. жылдай бұрын адамдардың арғы тегі – гоминидтер пайда болған. Каспийдің шығыс жағалауындағы үңгірлер мен даланың аңғарлық аумағында, аңшылар мен балықшылардың алғашқы қауымдық құрылыс қоныстарының іздері кездеседі. Үстірттің оңт.-шығыс аймағында неолит тұрғындарының ескерткіштері табылды. Қола дәуірінде Андрон мәдениеті және Кима мәдениеті қалыптасты. Б.з.б. 8-мыңжылдықтан б.з. 1-мыңжылдығының бірінші жартысы аралығында Еділ мен Жайық өзендері аралығын отырықшы әрі көшпенді тайпалар қоныс етті. Солт.-Шығыс Каспий өңірінде көшпелілердің ежелгі дәуірдегі тарихи ескерткіштері сақталған. Б.з.б. 1-мыңжылдықта Арал-Каспий өңірінде сақ, сармат, каспи тайпалары және оған туыстас т.б. тайпалар қоныстанған. Қарабұғазкөл жағалауындағы б.з.б. 5 – 7 ғ-ларға жататын кесенелер массагет тайпалары мәдениетінің озық үлгілері болып табылады. Ежелгі грек тарихшысы Страбон: “Каспий теңізі жағалауында тұратын көшпелілерді дайлар деп атайды” деп жазады.
6 ғ-дың орта тұсында Каспий өңірі Батыс түрік қағанатының иелігінде болды. Орта ғасырларда Каспий өңірі халықар. сауда-дипломатиялық қатынастар торабы болды. Каспий өңірінің ортағасырлық тарихында хазарлар, қыпшақтар үлкен рөл атқарды.
Шыңғыс хан империясы құрылғаннан кейін теңіздің солт., солт.-шығыс бөлігі Алтын Орда иелігіне көшті. Алтын Орда ыдырап, оның орнында пайда болған Қырым хандығы, Ноғай Ордасы, Астрахан (Қажы Тархан) хандықтарын жаулап алған Ресей империясы Каспий өңірін де иемдене бастады. Ресей мен Парсы елдері арасындағы алғашқы келісім – Решт келісімі болды. Ондағы келісімде К. т-не және Кура мен Аракс өзендерінде Ресей еркін сауда және кеме қатынасын қолдануына мүмкіндік алды. Кейін теңіз айдыны демаркацияланып, біраз бөлігі Ресейге қарады. 1813 ж. Гүлстан келісімінде, одан кейін Түрікменшай келісімінде (1828) Ресейге К. т-нде толық әскери флот құруына рұқсат берілді. Парсылар тек сауда және кеме қатынасымен шектелді. Кеңес Одағы К. т-ндегі монополиялық құқықтан бас тартып, 1921, 1935 және 1940 жылдардағы Кеңес – Иран келісімінде К. т-нде кеме қатынасын жүзеге асыруға екі ел тең құқықты деп саналды. КСРО ыдыраған соң (1991), К. т. жағалауындағы бес мемлекет (Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей, Түрікменстан) К. т. мәртебесін айқындауға ұмтылды. Осыған орай, 2002 ж. 23 – 24 сәуірде Ашғабатта Каспий жағалауы мемлекеттерінің алғашқы саммиті өтті. Ашғабат кездесуінде бірде-бір құжатқа қол қойылмағанымен, бес мемлекет басшыларының жоғары дәрежелі басқосуы түйінді мәселені байыптылықпен шешу ісіне қосылған елеулі үлес болды. Ең бастысы, проблеманы талқылау барысында оны қалай да шешудің қажеттілігіне деген мүдделі пікірталас өріс алды. Тұңғыш рет проблема барынша ашық қойылып, егжей-тегжейлі талқыланды. Қазақстан ұстанған бағытты Ресей де, Әзербайжан да қолдады.
Ә. Бірмағамбетов, Қ. Ахметов
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том