9 Қараша 2012, 02:54
Соңғы редакциялау:
18 қазан 2012
КӨКМАРДАН – Отырар өңірінде 1 – 7 ғ-ларда болған қала орны. Арыс өз-нің сол жағасында, Көкмардан жайлауында орналасқан. Отырар жазығындағы ортағасырлық қалалардың ең ірілерінің бірі. 1977, 1978 – 83 жылдары Оңт. Қазақстан археол. экспедициясы (жетекшісі К.А. Ақышев) зерттеген. Қаланың орт. бөлігі қазір сол-тен оңт-ке қарай созылып жатқан биікт. 15 м және аум. 3,2 га төбе түрінде сақталған. Қаланың неғұрлым биік солт. бөлігінде биікт. 16 м қамал-сарай орны бар. Мұның үстінде аум. 25*25 м алаңқай орналасқан. Ормен қоршалған және қазір Арыс өз-нің жайылма суы толған орт. төбенің айналасына тік бұрышты және дөңгелек төбелер пішіндес рабад бар. Оның аум. 4 га. Ол ені 2 м тоған арқылы қаланың орт. бөлігімен жалғасып жатыр, ал тоған қаланың шығысындағы жалғыз кіреберісіне келіп тіреледі. Осы кіреберістен қаланы шығыстан батысқа қарай көктеп өтетін “орталық” көше шығады. Ол қала топографиясын ені 2 – 3 м сұрғылт түсті үйінді түрінде көрсетеді. Қала құрылысының 6 – 7 ғ-ларға саятын бөліктері жақсы зерттелген. Қалада алаңдарға шоғырланған тұрғын үйлер құрылысы тығыз салынған, ал орамдардың әрқайсысы шеткі үйлерден тұтас қабырғалармен бөлінген. Үйден бастау алатын жол орам ішіндегі тұйық көшеге немесе сара жолдың өзіне шығарады. Барлығы 10-ға таяу жеке орамдар қазылды. “А.” орамы 370 м2 жерді алып жатыр. Мұнда 5 үй мен діни құрылыс бар. Үйге кіреберістер орам ішіндегі ұз. 15 м, “шеңберлі” сара жолға апаратын тұйық көшеден тараған. 6 – 7 ғ-дың 1-жартысындағы үйлер бір және екі бөлмелі, жобасы тікбұрышты. Екі бөлмеден тұратын үйлерде тұрғын бөлмеден басқа да қоймалар бар. Бұлар, әдетте, азық-түлік ыдыстары қойылатын шағын бөлмелер. Мұнда қол диірмені де бар. Үйдің ішкі құрылымы сұфы пішінімен ерекшеленеді. Олар қос қабырғаны бойлай Г тәріздес, ал үш қабырғаны бойлайтыны П тәріздес болып орналасқан. Кейбір үйлердің бұрыштарының бірінде еденнен 0,5 – 0,7 м биікте, диам. 0,3 – 0,4 м доғал жапсырма медальон бар. Оның астында еденде күл басқан шағын сандықша орналасқан. Бұл үй ішіндегі тәңірге табынатын орын болуы мүмкін. Атап өтілгендей, “А” орамында осы мекеннің діни орны – көл. 4´4м бір бөлмелі құрылыс табылды, бұл 3 басқышты баспалдақпен жалғастырылған. Кіреберіс дәліздің қарсысында (оның деңгейі пұтхананың еденінен 1 м биік) қошқар мүйізді жапсырмамен көмкерілген тік құлама бұрышты қабырғасы бар. Оның астында күл басқан подиум орналасқан. Пұтхананың екі қабырғасы тұсына Г тәріздес сұфы қойылған. Қазу барысында темір бұйымдар: пышақтар, жебенің ұштары табылды. Қызыл тасты, өрнекпен көмкерілген алтын белбеу көз тартады. Сүйектен жасалған ілгектер, түйреуіштер, басқа да әшекейлер көп. Қыш ыдыстары, негізінен, су тасуға, азық-түлік сақтауға арналған ілмелі және сопақ тұтқалы құмыралар. Түрлі өрнекті құмыралардың қақпақтары жануарлар, негізінен, қошқар бейнесінде жасалған. Су таситын құмыралардың аузы кең, бүйірі шығыңқы болып келеді. Құмыраның сырты сұрғылт, қара саз жалатылған. Кейбір құмандардың ернеуі қырлы. Тұтқалары мен иықтарында таңба тәрізді белгілер бар. Табылған заттар Археология ин-тының мұражайы мен осы ин-ттың Шәуілдір а-ндағы археол. базасының қорында сақтаулы.
К. Байпақов
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том