9 Қараша 2012, 02:48
Соңғы редакциялау:
18 қазан 2012
ИСЛАМ (араб. ©АvїA – мойынсұну, амандық, татулық), ислам діні –дүние жүзіне кең таралған төрт ірі әлемдік діндердің бірі. Мұсылмандар (И. дінін ұстанушылар) ұғымында бұл дін Құдай тарапынан ең алғашқы адамнан ең соңғы адамға дейінгі барлық адамзат баласына және барлық заманға жіберілген ең соңғы өсиет болып саналады. Сонымен бірге И. – Құран Кәрімде есімдері аталған барлық пайғамбарларға бұрын жіберілген өсиеттерді түгел қамтиды. Себебі, бүкіл әлемнің жаратушысы бір Алла (Аллаї) ғана. Алла тағала өсиеттері әр түрлі пайғамбарлар арқылы әр түрлі ғасырларда әр түрлі қауымдарға баян етілген. Ең соңғы өсиеттер Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) жіберілген. Құран Кәрім бойынша, Алла тағаланың жіберген бірегей хақ діні И. ғана (3/19) және бұл дінге сенушілерге мұсылман (араб. ©ө¦vҒЄ) есімін Жаратушының өзі берген (22/78). Аяттарда бұрынғы пайғамбарлар мен оларға сенгендердің (иман еткендердің) барлығы да мұсылмандар еді делінеді (2/128, 2/131 – 133, 2/135 – 136, 3/20 және 3/67). И. дінінің негізгі қағидасы – Жаратушының жалғыздығына қалтқысыз сену. Құран Кәрімде бұл қағида көптеген аяттарда “лә илаїа илла Алла”, яғни “Алладан басқа Құдай жоқ, құлшылық етуге лайықты тек Алла ғана” деп түсіндірілген. И. дініндегі ең маңызды ғибадаттар: Алладан басқа Құдайдың жоқтығына, Мұхаммедтің оның елшісі екендігіне сену, Құран Кәрімді оқу және түсіну, намаз оқу, дұға ету, Рамазан айында ораза ұстау, зекет беру, Меккеге қажылыққа бару, ізгілік амалдар істеу, ғылыммен шұғылдану, адал жолмен ризық табу. Мұсылмандар Алла тағаланың періштелеріне, барлық хақ кітаптарға (Таурат, Забур, Қнжіл, Құран Кәрім), Құранда есімдері аталған пайғамбарлардың барлығына (Нұх, Ибраїим, Мұса, Дәуіт, Иса, Мұхаммед, т.б.), ахирет күнінің болатынына сенеді, Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) түсірілген Құран Кәрімді өзінен бұрынғы кітаптардың растаушысы және Жаратушының ең соңғы өсиеті деп санайды. Құран Кәрімді әлемдегі барлық мұсылмандар өзгеріссіз күйінде оқиды. Сол сияқты, Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) да – өзінен бұрынғы пайғамбарлардың болғанын растаушы ең соңғы пайғамбар. И-да адамдардың нәсілі, тілі, әлеум. мәртебесі, шыққан тегіне артықшылық берілмейді, барлық адамдар тең дәрежелі, үстемдік тек имандылықта, рухани қасиеттерде, тақуада (2/198), яғни Алланың өсиеттерін шын ниетпен орындап, тыйым салған әдеттерден аулақ болып, кәміл мұсылман болуда. И. діні жамағатты, яғни бүкіл адамзаттың саналы және үйлесімді қауымдастыққа бірігуін уағыздайды. И. дінінің қағидалары тек дұрыс ұйымдасқан жамағат болғанда ғана толыққанды жүзеге асырылады. Жамағат болып ұйымдасқан мұсылмандар бірін-бірі әбден танып, бірін-бірі жақсы көріп, біріне-бірі көмек беріп ынтымақтастықта болады. Намаз, қажылық, зекет сияқты көптеген ғибадаттар адамдардың қауымдасуына, жамағат болып бірігуіне ықпал жасайды. Алладан келген хақ дінді шын көңілімен ұстанып, пәнилік өмірінде көп ізгілік, жақсылық жасаған адамдар ахиретте (о дүниеде немесе бақи дүниеде) жәннатта болады. Алла тағала адам баласын өзіне құлшылық ету және ізгілік жасау үшін жаратқан. Әлемдегі нәрселердің барлығын да Алла адамдардың игілігі үшін жаратқан. Өзіне берілген сансыз көп игіліктер үшін Жаратушыға мойынсұну адамның парызы болып табылады. И. діні адамның барлық іс-әрекеттерінде шектен шықпаушылықты уағыздайды. Асыра сілтеушілікті, ысырапшылықты, азғындықты жазғырады. Құран Кәрімдегі аяттарда мұсылмандардың тек ахиретте ғана емес, сонымен қатар осы пәни дүниеде де игіліктерге кенелетіні айтылған (2/201, 7/156, 16/122, 10/64). Ахиреттегі жәннатта болу үшін пәни дүниедегі бақытты тәрк ету талап етілмейді. Алла тағала адамдар үшін жаратқан игіліктерді шектеуге немесе їарам етуге ешкімнің хақысы жоқ. Адамның міндеті оларды арам жолмен емес, адал жолмен тауып, адал мақсаттарға пайдалану, дандайсып кетпеу, барлық көңілін игілікке аудармай, ақиреттегі сынақты да ұмытпау, Жаратушысына шүкіршілік етіп, мұсылмандық парызын өтеу. И. тек адамдардың Аллаға сенімі мен олардың бойында адамгершілік құндылықтар қалыптастырумен ғана шектелмейді, сонымен бірге адамдар қауымындағы бейбітшілік пен татулық, теңдік, дұрыс өмір сүру салтын да қамтиды. Мұсылмандар қауымындағы адамдардың бір-бірімен әлеум. және мүліктік (экон.) қарым-қатынастары, пәни дүниеде өмір сүру ережелері И. құқығында белгіленген. И. құқығы “фикї” немесе “шариат” (қазақ тілінде шариғат болып та айтылады) деп аталады. Шариат мұсылмандық парыздарды, қылмыстық құқықты, экон. құқықты, жеке адам құқықтарын, азаматтық қатынастарды, мемл. құқықты, т.б. қамтиды (қ. Шариат). И-да әркім өзінің күнәсі мен қылмысына ғана жауап береді. Біреудің күнәсін басқа біреу көтермейді (6/164, 17/15, 35/18, 39/7, 53/38). Христиан дініндегі “бастапқы күнә” нанымы мұсылмандықта жоқ. Адамдар туғаннан таза, күнәсіз және мұсылман болып туады. Әрбір адам алған тәрбиесі мен өскен ортасына байланысты, немесе басқа діни сенімі бойынша қалыптасады, яки не жақсы істер істейді, немесе күнәїарлыққа барып, адасады. Күнә істеу адамның жаратылысына тән нәрсе. Жалғыз Алла ғана мінсіз. Алайда, адам жасаған қателігіне өкініп, Алладан кешірім сұрауға тиіс. И-да Алла тағалаға серік қосудан (яғни өзге де құдайдың барлығына сенуден) басқа кешірілмейтін күнә жоқ (4/48, 39/53). Себебі, Жаратушының рахметі, мархабаты шексіз. Құран Кәрім аяттары мен пайғамбар хадистері арқылы белгіленген И. дінінің негізгі қағидалары өзгермейді. Алайда, И. діні “іжтиїад” деп аталатын, діннің негізгі қайнар бастауларына сәйкестікті сақтай отырып, басқару, құқық, өсиеттердің жүзеге асырылуы, экон. мәселелер бойынша пайда болған мәселелердің шешімін табу үшін ақылмен ойласуды шектемейді. Барлық мұсылмандар қауымының басшысы еркін сайлау арқылы қызметке келеді. И. құқығында “биғат” деп аталатын дауыс беру – азаматтардың ерікті түрде ризашылық білдіруімен жасалады. Қоқан-лоққымен, яки күшпен жасалған “биғат” жарамсыз болып табылады. Басшының міндеті аяттар мен хадистерде көрсетілген қағидалар негізінде және кеңесе отырып қауымды басқару. Кеңесе отырып басқару, яғни “шура” мұсылмандар қауымының немесе мемлекетінің негізгі сипаты болып табылады (42/38). Мұндай басқару жүйесінде билік бір адамның немесе бір топтың ғана қолында болуы мүмкін емес.
И. тарихында Мұхаммед пайғамбардан (ғ.с.) кейінгі дәуірлерде мұсылмандар арасындағы саясат, құқық (фикї), сенім (ақида) мәселелеріне байланысты бір-бірінен өзгешелеу көзқарастар ұстанған ағымдар мен мектептер пайда болды (қ. Ислам мазїабтары). Бұл мазїабтар діннің өзегі болып табылатын маңызды мәселелер бойынша емес, екінші дәрежедегі мәселер бойынша қалыптасқан. Яғни, И. дінінде Алланың барлығы, жалғыздығы, пайғамбарларға, ахирет күніне сену, намаз, ораза, зекет, қажылық тәрізді негізгі бес шарты – ғибадаттардың парыздылығы сияқты көптеген басты мәселелер бойынша дау-дамай жоқ. Кейбір ғұламалар діннің шарттарының орындалуы және аяттар мен хадистердегі өсиеттерді түсіндіруде өзінің қолындағы дәлелдерге сүйене отырып пікір білдірген. И. дінінің салыстырмалы түрде аз уақыт ішінде (634 – 750 ж.) ұлан-ғайыр аймаққа таралуы да ондағы кейбір қосалқы мәселелерді әр аймақта әр түрлі түсіндіруге себеп болған. И. дінін қабылдаған көптеген мұсылман мемлекеттерінен атақты ғұламалар өсіп шығып, олар мәдениет пен түрлі ғылым салаларында әлемге әйгілі еңбектер жазып қалдырды. Сонымен қатар өзіндік қайталанбас ерекшеліктерге ие ислам мәдениеті мен ислам өркениеті қалыптасты. Бүгінгі күндері И. діні жер шарының барлық құрлықтарына таралған. Әлемнің әр қиырындағы мұсылмандар қауымдастығының өзара байланысы Ислам дүниесі лигасы, Ислам конференциясы ұйымы, т.б. халықар. ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
М. Жүнісұлы
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том